Қоғам

Құлақты бітеу қылған құлаққап

Құлақты бітеу қылған құлаққап

Жақында сіңлім құлағының шаншып аурып жүргенін айтып шағымданды. Сөздеріне қарағанда инемен тесіп жатқандай ауыртып, біресе солқ-солқ етіп, жанын сыздатып, тіпті таңға ұйқы көрмей шығатын болды. Бастапқыда қойып қалар деп дәріханашылар кеңес берген ем-домын жасап жүрді. «Бір құлағыма бола ауруханаға барғым келмейді, әуресі көп» деп халық емінің тәсілдерін көріп, аурусынуды басатын дәрісін ішсе де ауруының соңы құлағының қанауымен аяқталды. Құлағы жиі-жиі қанап, жара шығып, су ағып асқына бастады. Мән бермей жүр едік, мына жағдайды көріп бірден лор дәрігерге қаралды. Тексеру барысында құлақтың ауырғаны құлаққапты үздіксіз бар дауысын шығара тыңдағанның зардабы екені анықталды. Шынында, сол сіңлімнің құлағынан құлаққап түспейтін. Тіпті музыкасыз ұйықтай алмаймын деп түнде де соны құлағынан шығармай жатушы еді. Біз қанша айтқанымызбен түсіндіре алмай-ақ қойғанбыз. Құлағына жара шығып, қанап, ауыртып, зиянын өз көзімен көрген соң құлаққапты орнымен, сирек қолданатын болды.

Расымен де құлаққаппен әуен тыңдағанды бәрі ұнатады. Сөзсіз заманауи өнертабыс. Құлаққап тағып сүйікті әуенді тоқтаусыз тыңдауға болады. Әрі біреуге кедергі келтірмейсің. Әуенмен жалғыз қалуға мүмкіндік бар. Алайда әуенді үнемі құлаққаппен үздіксіз тыңдау құлаққа зиян деп бір уақыт ойланып көрмеппіз. Сырт қарағанда қауіпсіз зат секілді. Зерттеушілердің айтуынша, құлаққапты жиі қолдану құлақ естімеу, құлақ кемістігі сынды дертке әкеледі. Әсіресе құлаққаппен әуенді жиі тыңдайтын, көбіне даңғырлатып қойып әуен тыңдайтын балалар мен жасөспірімдердің құлақ ауруы ерте басталуы мүмкін. Жалпы, мамандардың болжауынша, жуық арада әлем бойынша 12-ден 35 жасқа дейінгі 1 миллиардтан астам адам есту қабілетінен айырылуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені қазір кез келген қоғамда құлаққап күні-түні құлақтан бір түспейді. Психологтер әсем әуенді бұлай тыңдаудың екі себебін атап көрсетеді. Біріншіден, адам ашуға бой беріп немесе мазасы қашса музыкамен алаңдайды. Екіншіден, айналадағы адамдардан оқшауланып, тыныштық табудың бірден-бір жолы – құлаққап киіп алу. Үшіншіден, қара жұмыс істеген кезде немесе күнделікті қызықсыз іспен айналысқан сәтте музыканы қосып қоюды көбісі әдетке айналдырып алған. Жоғары санатты дәрігер-отоларинголог Шахлар Байрамовтың айтуынша, бұл жерде зиян нақты құлаққаптың өзінде емес, дыбысты шектен тыс шығарып тыңдауда. – Бүгінде жастар арасында жиі кездесетін проблемалардың бірі – құлақтың есту қабілетінің күрт нашарлауы. Мәселенің мәнісі нақты құлаққап арқылы ән тыңдауда емес. Шындап келгенде, негізгі себеп – сүйікті әуендердің дауысын шектен тыс шығарып тыңдау. Егер дыбысты шамадан асырмаса, одан ешқандай зиян жоқ. Бұл құлаққаптың өзінен еш залал жоқ, құрылғымен музыка тыңдауды жалғастыра берген жөн деген сөз емес. Құлаққап зиянсыз екен деп оны күні бойы киіп жүруге тағы болмайды. Мұның соңы тек есту сапасының төмендеуіне ғана әкелмейді. Сонымен бірге адамның басы айналып, қатты шаршайды. Тіпті әлсіреп кетуі де мүмкін. Бұл жерде мәселе тек музыкада ғана емес. Басқа да аудиофайлдарды мөлшерден тыс тыңдау қауіпті, – дейді білікті маман. Сол сияқты, құлаққапты жиі қолдану жүйке жүйесі мен миға да кері әсерін тигізуі ғажап емес. Оның орнына қарапайым дыбыс шығарғыш құралдарды пайдаланған тиімді. Өйткені олар құлаққа жанаспайды және құлақтың ішкі бұлшық еттеріне еш әсер етпейді. Әдетте бұлшық еттер дыбысты қабылдап, оны реттеумен айналысады. Ал үнемі қатты, әрі өткір шығатын дауыстар олардың қалыпты қорғаныс қызметін бұзады. Сөйтіп барлық дыбыстық импульстер жүйке жүйесіне беріледі де, оны тітіркендіреді. Негізінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығында дыбыс пен әуеннің дауысы 70 децибелден аспағаны жөн деп кеңес берілген. Яғни әуенді бұдан артық дауыспен тыңдауға болмайды. Ал құлаққап шығаратын дауыстың деңгейі 70 децибелден асып кетеді. Барабан дыбысының дыңғарымен бірдей. Бұл адам құлағына зиян. Құлақтың ортаңғы бөлігінде сырттан келген дыбысты азайтып не көбейтіп, реттеп отыратын бұлшықет бар. Егер сырттағы дыбыс әлсіз болса, оны құлақ естіп, ми қабылдау үшін зорайтып, қатты дыбысты, құлақ зардап шекпес үшін азайтып отырады. Ал құлаққаппен әуен мен дыбысты жиі тыңдау осы бұлшықетті шаршатып жібереді. Содан құлақты қатты дыбыстан қорғай алмай қалады да, құлақ ауруы басталады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 12-35 жас аралығындағы әлем халқының 50 пайызы құлақ ауруына шалдыққан. Оған себеп – тарс-тұрс әуен мен даңғырлақ дыбыс. Мамандардың айтуынша, бұл – ауқымды мәселе. Өйткені құлағы кеміс адамның қартаюы да қатар жүреді. Яғни құлағы естімеген сайын, мидың ақпарат қорытуы мен ойлау жүйесі нашарлап, мұндай адам ерте деменцияға ұшырайды. Қартаюы күшейеді. Бұған көбі мән бермейді. Өйткені құлағы ауырған не құлағының естуі нашарлаған адам бұл табиғи нәрсе не жас келе пайда болатын кемшілік деп ойлап жүре береді. Ғалымдардың есебінше, қазіргі 40 жастағы адамдардың құлақ естуі бұрынғы 70-80 жастағы қарттардың құлақ естуімен бірдей. Құлағы ерте жастан нашарлаған адамның картаюы да ерте басталады. Адамның құлағы уақыт келе емес, аяқ астынан бұзылуы да мүмкін. Яғни құлаққаппен күнде тыңдап жүрсем ғана құлағым кемиді десеңіз, қателесесіз. Құлаққа келген зиян жинала-жинала, бір мезетте ушығып кетуі мүмкін. Құрылғының тағы бір зиянды тұсына тоқталып өтсек. Құлағына құлаққап тағып, жайсыз жағдайларға ұшырап жатқандар саны күн санап көбеюде. Себебі әсем әуеннің ырғағына тербеліп, тұңғиығына батып, сыртпен қарым-қатынасын үзеді. Өзгелерді тыңдамайды. Қиялмен өз әлемін ойлап тауып, айналасындағы адамдармен араласпайтын дертке шалдығады. Қазіргі таңда қоғамдық көлікте, асханада, оқу орындарында тіпті сабақ үстінде, үйде, көшеде құлағы бітеу жүрген жас буындарды байқамаймыз. Әсіресе телефон бетіне телміріп өзімен-өзі жыртыңдап бара жатқандар көзге ерсі көрінеді. Құлаққапты шамадан тыс қолданудың зардабы көп екендігін түсінетін жастар да баршылық. Олар әсіресе осы құрылғымен құлағын бітеп алып зулап келе жатқан көлікті байқамай жол апатына түсе жаздайтын адамдарды түсіне алмайтындығын жеткізді. – Құлаққап көп кимеуге тырысамын. Өйткені ол денсаулыққа зиян. Соңғы кезде құлаққапты құлаққа қаптап алған жастардың көшеде келе жатып көлікке қағылғаны туралы көп естідім. Сол сияқты, құлаққап киіп ұйықтап кеткен ересектер де келесі күні саңырау болып қалған және сондай сәтте тағы бірінің телефоны өртеніп, құлағын күйік шалған, – дейді біз тілдескен жастардың бірі Бекзат Мейрамбек. Жалпы, музыканы мүмкін болса, құлаққапсыз тыңдаған жөн. Қазір құлаққаптың сан түрі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Әйтсе де соның ішінен құлақтан мейлінше алшақ тұратынын таңдаңыз. Әйтпесе, денсаулығыңызды дәрігер қайтарып бермейді. Құрдымға құлатар құлаққаптың көңілімізді көтерсе де, денсаулығымызға зиян екенін ұмытпағанымыз абзал.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ