Жаңалықтар

ҚАУІПСІЗДІк БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

ҚАУІПСІЗДІк БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында балалардың қауіпсіздігіне және олардың құқықтарын қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауға ерекше назар аударған. Осыған орай ҚР Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзиннiң төрағалығымен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өттi. Жиынға департамент бастығының орынбасарлары, мүдделі бөлініс басшылары мен барлық аудандық, қалалық полиция бөлімдерінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары қатысты. Жиын барысында жасөспірімдер арасындағы криминогендік ахуалды мұқият саралай отырып, нақты қабылданатын шаралар талқыға салынды. Арманбек Баймурзин жергілікті полиция қызметі, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, тергеу басқармалары бастықтарының, әр аудан, ауылдардан келген кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың есебін тыңдап, алдағы жұмыс жоспарын нақтылап, тиісті тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ювеналдық полиция инспекторларына түнгі рейдтер мен шалғай ауылдарға жету үшін қызметтік автокөліктер бөлу, жаңа компьютерлермен және планшеттермен қамтамасыз ету туралы сұрақтарды осы жылдың соңына дейін толық шешуді өзінің бірінші орынбасарына тапсырды. – Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар 83 қылмыс дерегін жасаған. Былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, 15,3 пайызға төмендеген. Талдау барысында қылмыстардың 95 пайызы жоғары және орта білім беретін оқу орындарының 14-17 жас аралығындағы білім алушыларымен жасалатыны белгілі болды. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік құқық қорғау органдарымен қатар, білім беру мекемелерінің басшыларына және бірінші кезекте ата-аналарға жүктелуі тиіс. Қылмыс жасауға әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде ата-аналардың отбасындағы тәрбие беру процесінен алшақтауын және ғаламтор желілерінің теріс әсерін айтуға болады. Буллинг жағдайлары да белең алуда. Осыған байланысты мектептердегі психологиялық көмек қызметін күшейту, олармен полицейлер арасындағы іс-қимылды нығайту қажет. Жүйелі жұмысты жолға қою, жасөспірімдерді сабақтан тыс жұмыстарға тарту, баланың психологиялық жағдайын, көңіл күй деңгейін анықтауға жіті назар аудару керек, – деді департамент бастығы. Кеңес соңында полиция генерал-майоры кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның қызметіне талдау жасауды, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, олардың үйден кету деректерінің, суицидтің алдын алу шараларын күшейтуді нықтады. «AR-AI»-ақпарат