Жаңалықтар

Жарқын жобаның жемісі мол

Жарқын жобаның жемісі мол

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева өңірде қоғамдық тыныштық пен бірлікке ұйытқы боларлық атқарылған істер жайын баяндады. Ол өз сөзінде «Достық керуені» жобасы бойынша атқарылған жұмыстар ретіне де кеңінен тоқталды. Биыл аталған мекеме жоспар бойынша бірлік пен тұрақтылыққа негізделген іс-шараларды өткізуде көзделген мақсаттарға тиісті дәрежеде қол жеткізіпті. Жалпы этностар, этносаралық келісім саласында бірқатар нәтижелі жұмыс атқарылған екен. Облыс аумағында 84 этнос өкілі мен 75 этномәдени бірлестік бар болса, олардың ынтымағы мен бірегейлігін сақтау жолында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Соның бірі – қыркүйек айында аймақта бастау алған өңірлік «Достық керуені» жобасы. Жоба Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай, Талас, Сарысу, Байзақ, Жуалы аудандарын қамтыпты. Ақсақалдар, аналар кеңесінен 560 адамның қатысуымен 16 отырыс өткізілсе, жас суретшілер байқауында 130 бала шығармашылығын таныстырған. «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалінің іріктеу кезеңінде 100-ден аса үміткер өнер көрсеткен. Ассамблея жастарының аудан жастарымен «PRO ANK» тақырыбында 18 кездесуі мен мектеп оқушыларына арналған «Менің елім, менің Қазақстаным» атты тимбилдингіне 900 адам қатысты. «Достық керуені» жобасы аясында «Ғылыми-сараптамалық қолдау» бөлімінің сарапшылары облыстағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандар мен елді мекендерді, 394 респондентті қамти отырып, фокус-топтық зерттеулер мен сауалнамалар жүргізіпті. – Жоба аясында этносаралық қатынасты нығайту, тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алу, радикалды діни ағымдардың ықпалына ермеу мәселелері қамтылды. Оқушылардың бірыңғай мектеп формасын киюін сақтау, отбасылық тәрбие, нәсілдік, тілдік, этносаралық алауыздықты тудыратын жалған ақпарат таратуға жол бермеу секілді түрлі мәселелер бойынша да ақпараттық-түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілді. Ең маңыздысы – қоғамдық-резонанстық мәселелерге жол бермеу. Осы мәселені қадағалау басты назарға алынған, – дейді Мүбарак Жинақбаева. Баспасөз конференциясында Мүбарак Қасымқызы аталған жобадан өзге этносаралық қатынастар төңірегінде атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштерге тоқталды. Эльмира БАЙНАЗАРОВА