Жаңалықтар

САРЫСУДА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП

САРЫСУДА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытовтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Брифингте Сәкен Үмбетұлы ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Спикердің мәліметінше, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық саласында оң динамика қалыптасқан. – Өнеркәсіп өнімінің көлемі 85,9 миллиард теңгені құрап, 104,8 пайызға орындалды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 47,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 189,8 пайызға артты. Ауылшаруашылық саласында өндірілген өнім 23,4 миллиард теңгені құраған. Құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша есепті кезеңде 11 миллиард теңгені құрап, 160,9 пайызға жетті. Халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы 2019 жылы бастау алып, бүгінгі күні өз нәтижесін беруде. Жоба 6 ауылдық округте жүзеге асуда. Жалпы жобаны іске асыруға 3 миллиард 734,8 миллион теңге қаржы бөлінген. Жобамен 6 ауылдық округтегі 17 569 тұрғын, яғни 2 800 аула қамтылады. Нәтижесінде 235 жаңадан жеке кәсіпкер тіркеліп, 264 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 154 отбасыға төмендейді. Бір отбасындағы орташа айлық табыс көлемі 38,1 мыңнан 97,5 мың теңгеге жетеді, – деді С.Мамытов. Бүгінгі таңда ауданда ірі өнеркәсіп орындарында 2 872 адам еңбек етеді. Оның ішінде 2 мыңға жуық азамат аудан тұрғындары. Сондай-ақ кәсіпорындар демеушілік, қайырымдылық шаралары мен үлкен жобаларға қолдау білдіріп тұрады. Биыл «Қазфосфат» компаниясы тарапынан 31 миллион теңгеге түрлі қайырымдылық шаралары жүргізілген. Ал «Жаңатас жел электр стансасы» 25 миллион теңгеге Жаңатастың орталық алаңынан жаздық үлкен сахна орнатқан. Сонымен қатар Сәкен Үмбетұлы аудандағы әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. – Сарысуда 257 спорт нысаны бар. Қосымша қала және ауылдық елді мекендерде 64 балалар ойын алаңшасы бар. Жыл басынан бері сарысулық спортшылар халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда 643 медальға ие болды. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда 24 нысан бар. Онда 630 медицина қызметкері жұмыс істейді. Орталық ауруханада 144 төсек-орын қарастырылған, – деді спикер. Брифинг соңында аудан басшысы Сәкен Мамытов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Аяулым ЖАМАНҚАРА