Жаңалықтар

ЖАМБЫЛДА БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ ӨНДІРІСІ АРТПАҚ

ЖАМБЫЛДА БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ ӨНДІРІСІ АРТПАҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облысымызға Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов іссапармен келді. Алдымен «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамына барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Бұл орталық Тараз қаласындағы 993 көпқабатты және 72 жеке тұрғын үйді, 173 бюджеттік мекемені, 1182 басқа да нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Жылу мен электр энергиясын өндіріп, өткізетін бұл кәсіпорында бүгінде 398 адам жұмыс істейді. Мұндағы орташа жалақы 197 400 теңгені құрайды. – Жылыту маусымына барлық әзірлікті жасап, қысты толық дайындықпен бастадық. Өткендегі қатты аяз болған күндерде де ешқандай апаттық жағдайлар болған жоқ. Алдағы уақытта да мәселе туындамайды деген ойдамыз. Жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа тарифпен қызмет көрсетіп бастамақпыз. Яғни жылу мен ыстық судың, электр энергиясының бағасы көтеріліп, соның есебінен жұмысшыларымыздың жалақысы 15 пайызға өседі, – дейді «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының президенті Жұмабек Бөлекбаев. Бұдан соң вице-министр Т.И.Батуров атындағы Жамбыл мемлекеттік аймақтық электр стансасына барды. Мұндағы қолданылатын отын түрі негізінен тауарлық газ. Резервке 10 мың тонна мазут бөлінген. Жалпы қуаты 200-210 мегаватт болатын 6 энергия блогы орнатылған. Электр энергиясын өндірудің жылдық көлемі сағатына 1809,1 киловатты құрайды. Екі мекемені аралағаннан кейін Әлібек Жұмабекұлы бұл кәсіпорындар қысқы жылыту маусымына жақсы дайындалғанына, қазір штаттық режимде қызмет көрсетіп тұрғандарына көз жеткізгенін айтты. Осыдан соң Тараз қаласының халқымен кездесіп, энергетика саласындағы жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде хабарлама жасады. – Министрліктің қазіргі қызметі мұнай-газ және энергетика салалары сияқты стратегиялық бағыттарға шоғырланған. Министрлік, сондай-ақ газ инфрақұрылымын, электрмен, жылумен жабдықтауды іске асыру және мұнай өнімдерімен, сұйылтылған мұнай газымен қамтамасыз ету бөлігінде мемлекеттік саясатты жүргізеді. Осы жылдың 11 айында өңірде электр энергиясын өндіру көлемі сағатына 4 миллиард киловатты құрады. Бұл ретте өңірде сағатына 4,7 миллиард киловатт тұтынылды. Облыста электр энергиясының негізгі көзі – «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл МАЭС» акционерлік қоғамы. Белгіленген электр қуаты 1230 мегаватқа тең, жабдықтың 82,3 пайызы физикалық тұрғыдан тозған. Өңірдегі негізгі жылу көзі «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы, белгіленген жылу қуаты 685 гигакалория, жабдықтың физикалық тозуы – 92 пайыз. Облыстағы өңірлік энергия беруші компания «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның активтерінде 13 мың шақырым кабельдік және әуе электр беру желілері және 2,8 мыңға жуық кіші станса бар. Желілердің 68,2 пайызы тозған, – деген Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерінің қуаты бойынша республикада көшбасшы орында екенін баса айтты. Оның айтуынша, өңірде жалпы қуаты 441 мегаватт болатын 19 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі жұмыс істейді. Оның ішінде қуаты 251 мегаваттан асатын 5 күн электр стансасы, қуаты 176 мегаватт құрайтын 9 жел электр стансасы және қуаты 15 мегаватт болатын 5 гидроэлектр стансасы бар. Бұдан басқа 2025 жылға дейін жиынтық қуаты 120 мегаватт болатын 2 жаңартылған энергия көзі объектісін іске қосу жоспарланған. – Бүгінгі таңда Жамбыл облысын газдандыру деңгейі еліміз бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр, яғни 90,2 пайыз жүзеге асқан. Бұл 1,1 миллион адамның табиғи газға қол жеткізгенін көрсетеді. Биыл республикалық бюджеттен 6 жобаны іске асыруға 5 миллиард теңге бөлінді. Келесі жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде Жамбыл облысының әкімдігі үшін 5 жобаны іске асыруға 3,3 миллиард теңге көзделген. Оның ішінде Мойынқұм ауданының 9 елді мекенін газдандыруды бастауға 600 миллион теңге қарастырылып отыр. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 39 мыңға жуық тұрғыны бар 14 елді мекен табиғи газға қол жеткізе алады. Министрлік нарықты жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша бірқатар шара қабылдады. Атап айтсақ, мұнай өнімдерін автокөлікпен әкетуге тыйым салынды. Ресурс ұстаушыларды жанар-жағармайды тікелей жанармай құю стансаларына сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданды. Мұнай жеткізу және мұнай өнімдерін өткізу кезінде «өнімсіз» делдалдар жойылды. Резиденттікке және жанармай құю көлеміне байланысты сараланған бағалар енгізілді. Ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне және жанар-жағармай құю стансаларына дизель отынының жеткізілімдерін бақылау үшін жеке ПИН-кодтар енгізілді. Қазақстан мен көрші елдер арасындағы жанар-жағар май бағасының диспаритетін төмендету үшін бұйрық қабылданды. Қабылданған шаралар елдегі жанар-жағармай бойынша жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Дизель отынының жиынтық қорлары 268 мың тоннадан 536 мың тоннаға дейін немесе қажеттілік 17 күннен 34 күнге дейін ұлғайтылды. АИ-92 және АИ-95 бензиндері бойынша жағдай да тұрақты. Қорлар тиісінше 292 мың тоннаны және 94 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар Шымкент мұнай өңдеу зауытын жылына 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін кеңейту жобасын іске асыру басталды. Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай химия зауытының мұнай өңдеу тереңдігін және жөндеу аралық кезеңін 2023-2030 жылдар аралығында 3 жылға дейін ұлғайту жобаларын іске асыру басталды. Мұнай өңдеуді жылына 24 миллион тоннаға дейін ұлғайту нәтижесінде – автобензиндер өндірісін 5-тен 7,2-ге дейін, дизель отынын 5,2-ден 8,2-ге және авиа отынын 0,7-ден 1,4-ке дейін ұлғайту күтіледі, – дейді Ә.Жамауов. Бөлшек сауда бағаларын мемлекеттік реттеуді енгізу нәтижесінде елімізде сұйылтылған мұнай газының бағасы литріне 54-86 теңге деңгейінде тұр. Өткен жылы сұйылтылған мұнай газын ішкі тұтыну алдыңғы жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға немесе 28 пайызға өскен. Биыл тұтыну тағы 400 мың тоннаға өседі, ал өндіру көлемі сол деңгейде қалады. Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында газ пайдаланатын автокөлік саны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 350 мыңға артқан. Яғни өсім 71 пайызды құраған. Автомобильдердің бензиннен сұйылтылған мұнай газына ауысуының негізгі себебі баға айырмашылығынан болып отыр. Вице-министр Әлібек Жұмабекұлы ҚР «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға өзгерістер енгізілгенін де атап өтті. Заң жобасының негізгі нормасы – министрлікке бөлшек сауда бағаларын бекіту бойынша құзырет беру. Бұл сұйылтылған мұнай газы бағасының күрт өсуіне жол бермейді, өйткені бүкіл баға тізбегі бір мемлекеттік органда болмақ. Қазіргі уақытта облысымызда сұйылтылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы 1 литр үшін 71-76 теңге аралығында. Келесі жылдың бірінші тоқсанында бағаның 5 теңгеге өсуі күтілуде, одан кейін әрбір алты ай сайын ұлғайтылмақшы. Тараз қаласында 175 автогаз құю стансасы халыққа қызмет көрсетуде. Облыста сұйылтылған мұнай газын тұтыну биылғы қаңтар-қараша айларында шамамен 121 мың тоннаны құраған. Кездесу барысында тұрғындар да жылу желілерінің тозғанын, қайта жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны және мазут тапшылығы орын алмау үшін нендей шаралар қолданылып жатқаны жөнінде сауалдар қойды. Қамар ҚАРАСАЕВА