Жаңалықтар

АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ САЙЛАНДЫ

АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ САЙЛАНДЫ

Сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс он бірінші сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев және облыстық мәслихаттың депутаттары мен облыс әкімдігінің басқарма басшылары қатысты. Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Оның біріншісі – облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау туралы. Бұл мәселе сессияға дейін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында да тыңдалып, талқыланды. Еліміздің «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабы 1-тармағының 7-1-тармақшасында «Аумақтық округтiк және учаскелiк сайлау комиссияларының мүшелерiн жасырын немесе ашық дауыс берудi өткiзу жолымен сайлау» деп жазылған. Сайлау комиссиясының саны 7 адамнан тұруы қажет болған. Уақытша комиссияның төрағасы Серікхан Пернештің хабарламасында айтылғандай, аумақтық сайлау комиссиясының құрамына түскен ұсыныстар саны жетіден аспаған, яғни сайлау комиссиясына керекті санға тең болған. Осыған сәйкес облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау ашық дауыспен жүргізіліп, жаңа құрамы сайланды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының 20-бабына сәйкес «аумақтық сайлау комиссияларының алғашқы отырыстарын – осы комиссияның құрамын қалыптастырған мәслихат айқындаған адам жаңа құрам қалыптастырылғаннан кейін жеті күн мерзімінен кешіктірмей шақырады» делінген. Осыған орай комиссияның төрағасын, орынбасарын, хатшысын сайлау туралы ұйымдастыру отырысын өткізуді жаңадан мүшелікке сайланған, сайлау жүйесінде көп жылғы тәжірибесі бар Абылқайыр Боранбаевқа тапсыру жөнінде ұсыныс жасалды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың өткен жылғы 14 желтоқсандағы №23-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы». Бұл мәселе де сол күні өткен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында тыңдалып, талқыланған. Сессия отырысының соңында облыстық мәслихаттың төрағасы А.Нұралиев облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиевті 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ «Біздің депутат» республикалық қоғамдық-саяси газетінің рейтингісі бойынша «Үздік депутат» төсбелісімен марапатталған облыстық мәслихаттың депутаты Фарида Жүнісоваға ізгі тілегін арнады. Ақтоты Жаңабай