Спорт саласының үздіктері марапатталды
Спорт саласының үздіктері марапатталды
Ел ішінен дарынды спортшыларды шығару, олардың ҚР Ұлттық құрама командалары сапында өнер көрсетуіне жағдай жасау – басты мақсат. Себебі спортшылардың халықаралық жарыстарда Ұлттық құрама команда қатарында өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатуына жергілікті жердегі спорт мекемелерінің қосып жатқан үлесі зор. Мәселен, грек-рим күресiнiң хас шеберi, 1980 жылы Мәскеу қаласында өткен Олимпиада ойындарының жеңiмпазы Жақсылық Үшкемпiров, бокстан былғары қолғап шеберлерi Серiк Қонақбаев, Ермахан Ибраимов сынды тағы да басқа спорт саңлақтары Жамбыл жерінде жаттығып жүріп-ақ биікті бағындырғандар. Еліміздің атын әлемге танытқан осындай әулиеаталық спортшылардың бүгінгі ізбасарлары да абыройсыз емес. Бұл өңірде спорт саласына айрықша көңіл бөлінгенінің нәтижесі. «Гауһартас» мейрамханасында өткен «Жыл үздігі – 2023» атты спорт саласының үздіктерін марапаттау кешінде құттықтау сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осыны меңзеді. – Өтіп бара жатқан жыл облыс үшін табысты жыл болды деп есептейміз. Өйткені өңір спортшылары 2023 жылы республикалық және халықаралық жарыстарда 1 600-ге жуық медальға ие болды. Бүгінде 805 жамбылдық спортшы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командалар сапында өнер көрсетуде. Бұл аймақта спортқа, оның ішінде бұқаралық спорттың дамуына үлкен көңіл бөлінуінің жемісі деп білемін. Осы жылдың қорытындысымен облыста денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындардың қатары 492 мың адамға, яғни 40,3 пайызға жетті. Жақында өткен журналист және қоғам белсенділерімен кездесу барысында да аймақта спортты дамыту мәселесі көтеріліп, салаға қатысты жақсы ойлар айтылды. Ел Президенті спорт саласын, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктеп отырғаны бекер емес. Бізде бұған барлық мүмкіндіктер жасалған. Биыл 22 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның 10-ы қолданысқа берілсе, қалған 12-сінің құрылысы 2024 жылы аяқталады. Қасиетті Әулиеата өңірінің жақсы спорттық дәстүрі мен жеңісті жолдары ежелден қалыптасқан, – деді Ербол Шырақпайұлы. Әулиеаталық спорт майталмандарын марапаттауға арналған салтанатты жиында облыс әкімі бірқатар сала майталмандарына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, облыс әкімінің Құрмет грамотасын, облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Сонымен қатар бірқатар азамат үздік ретінде түрлі номинацияларға ие болды. Бұдан кейін облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов «Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетіне 30 жыл» мерекелік медалі мен басқа да алқа, төсбелгі және тиісті министрліктің, басқарманың алғыс хаттарымен лайықты мамандарды марапаттады. Нұрым СЫРҒАБАЕВ