Жаңалықтар

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА АТҮСТІ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА АТҮСТІ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштердің орындалу барысы қаралды. Күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларының қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 545,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 97,4 пайызды құраған. Жалпы 2023 жылға жоспар – 513 миллиард теңге. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің бірқатар саласында (химия, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп) өнім көлемі артқан. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі Байзақ, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарында ұлғайған. Алайда Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарының кәсіпорындары 2022 жылдың қаңтар-қараша айларының деңгейіне жетпеген. Негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша да бірқатар ауданда тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеген. Жамбыл, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандары инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізбегендіктен 2022 жылғы нақты көлем индексіне сәйкес көрсеткіш орындалмаған. – 2023 жылдың бірінші желтоқсанына жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 108 332-ні құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 120,1 пайызға артты. 2023 жылдың екінші тоқсанының қорытындысымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 444,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі жұмыспен қамтылған адамдар санының артуына ықпал етуде. Биыл облыс бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 16,1 миллиард теңге қарастырылды. Жобаның «Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау» құралы бойынша несие сомасы 22 миллиард 852,6 миллион теңгені құрайтын 629 жоба қаржыландырылды. «Кредиттер қаржылық лизинг бойынша кепілдіктер беру» құралы бойынша кепілдік сомасы 8 796,6 миллион теңгені құрайтын 514 жоба кепілдендірілді. Сонымен қатар «Өндірістік инфрақұрылымды жүргізу» құралы бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 395,1 миллион теңгені құрайтын 9 жоба мақұлданып, 2 238,4 миллион теңгені құрайтын 8 жобаға қаражат бөлінді. Ал «Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша биыл 20 миллион теңгеге 4 жоба қаржыландырылды. Он бір айдың қорытындысымен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 33,9 миллиард теңгені құрайтын 1 155 жоба қаржыландырылды, – деген басқарма басшысы бекітілген 4 индикатордың үшеуі толығымен орындалатынын, инвестицияға байланысты индикатордың орындалмайтынын жеткізді. Мұнан кейін облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның орындалуы туралы баяндады. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жоба аясында басқарма 5 көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз етеді. Барлық көрсеткіш бойынша жылдық жоспар артығымен орындалған. Ал жиынды қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы өзінің орынбасарларына, аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді. – Инвестиция тарту облыс экономикасын дамытудың негізгі кепілі десек те болады. Сондықтан әрқайсысыңызға жүктелген жауапкершілік жүгі салмақты. Алдарыңызға қойылған басты мақсаттың бірі – инвестиция тарту. Инвестиция мейлінше көбірек тартылған сайын облыс экономикасы өркендеп, халықтың табысы артып, тұрмысы жақсара түседі. Әрбір ауданның инвестициялық тартымдылығы жоғары. Соған сай әрекет ету керек. Қажет болса, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына инвестициялық мүмкіндіктеріңізге қарай талап қойыңыздар. Мәселен, бір аудан малшаруашылығын, енді бірі егіншаруашылығын дамытуға қолайлы. Басқарма сіздердің ұсыныстарыңызды қамтамасыз етеді. Келесі жылдың алғашқы күнінен бастап инвестиция тартуға басымдық беріңіздер. Жылдың соңына дейін бір мәнісі болар деп арқаны кеңге салып жүре бермеңіздер. Инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстың жай-жапсарын жылдың соңында емес, әр тоқсан сайын қарайтын боламыз. Астын сызып тұрып айтайын, жұмыс істей алмаған басшылардың басынан сипай қоймаймыз. Кейін «айтылмады, білмей қалдық» деп жүрмеңіздер, – деді Ербол Шырақпайұлы. Талғат Нұрханов t.nurkhan1991@gmail.com