Заң

Есірткі – қоғам дерті

Есірткі – қоғам дерті

Нашақорлық пен есірткінің зияны орасан. Бұл тұтас ұлттың тамырына балта шабатын, халықты қарусыз жоятын кеселдің бірі. Соған орай, есірткімен күрес бүгінде кез келген елді алаңдататын, ең өзекті, әлеуметтік мәселенің біріне айналды. Нашақорлық – адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер.

Сот тәжірибесінде есірткімен байланысты қылмыстың түрі көп. Мысалы таяуда М.Қ. деген азаматтың ісі қаралды. М.К. қылмысын келесідегідей жағдайда жасаған. Н.К. 2022 жылдың қазан айында, аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізуге қылмыстық ойы туындаған, осы қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында, Шу қаласынан Меркі ауылына қарай шыға беріс тас жолдың қасынан өтетін теміржолдың жағасында өсіп тұрған жабайы қарасора есірткі затын жинап, сол жерде кептіріп, заңсыз иемденген. Содан кептірілген марихуана есірткі затын қаптарға салып, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Шу қаласы, өзінің үйінің аумағында орналасқан қорасына заңсыз тасымалдап, сақтаған.

Н.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі затын өткізуге бағытталған қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізу мақсатында, өзінің танысы Меркі ауданы, Жамбыл ауылының тұрғыны М.К. 700 000 теңгеге аса ірі мөлшердегі 15 килограмм гашиш есірткі затын сатып алуға ұсыныс білдірген. Өз кезегінде М.К. Н.К.-тің ұсынысына келісімін беріп, сатып алатынын айтқан. Содан, 2022 жылғы 14 қараша, 22 сағат 20 минутта, М.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі затын сатып алу мақсатында, Шу қаласы, Н.К.-нің үйіне келген. Ары қарай, Н.К. М.К.-ны аталған үйдің жатын бөлмесіне кіргізіп, 2-дана сөмке және пакетке аса ірі мөлшердегі 15 килограмм гашиш есірткі заты салынған 7-дана орам-брикеттерді салып, М.К.-ға өткізген. Ал М.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз иемденген. Содан, М.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі заты салынған сөмкелер мен пакетті көшеде тұрған өзінің қою көк түсті «Тоyota Camry» маркалы автокөлігіне салып, заңсыз сақтаған. Сол сәтте, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша Департаментінің (бұдан әрі – ҰҚК) қызметкерлерімен Н.К. мен М.К. қылмыс жасау үстінде ұсталған. Оқиға болған жерді қарап-тексеру барысында, жалпы салмағы 19 105 грамм аса ірі мөлшердегі «гашиш» есірткі заттары және Шу қаласы, Н.К.-нің үйінде және оның аумағында орналасқан жайларға тінту жүргізу барысында, жалпы салмағы – 4 965 грамм аса ірі мөлшердегі «гашиш» есірткі заттары табылып алынған.

Реті келгенде айта кетсек, осы жылдың 11 айында облыс соттарына 424 іс түсіп, 365 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Барлығы 389 қылмыстық іс аяқталды, 11 іс прокурорға қайтарылды, қалғаны 35 іс. Соынмен бірге есепті кезеңде 383 адам сотталды, оның ішінде 96 тұлғаға нақты бас бостандығынан айыру, 44 адамға шартты жаза, 101 адамға айыппұл, 132 адамға қоғамдық жұмыстарға тарту, 7 адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.