Экология

КИІКТІ АТСАҚ КИЕСІ ҰРМАЙ МА?

КИІКТІ АТСАҚ КИЕСІ ҰРМАЙ МА?

Біз аңшылықтың өзін де арымызға салып өлшеген халықпыз. Тіпті «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деп, аң мен адам арасында да табиғаттың әділдігін сақтауға тырысқан ұлт едік. Киіктің киесі бар деп есептеп, сол киесіне кездесіп қалудан қорқып, аңды аңмен, құсты құспен алдырған халықпыз.

Желіде желдей жылдамдықпен тараған ақпараттың бірі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің 80 мың киікті ату туралы мәлімдемесі болды. Бұл туралы министр Мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұхбатында айтты. Ол бұның Орал популяциясында жүзеге асырылатынын меңзеп, «Қазір ондағы киіктер саны 800 мың бас болса, онда олардың 10 пайызы реттеледі. Яғни 80 мың бас киік», деген болатын. Міне, бұл ақпарат тарай салысымен ешқандай шешім қабылданбаса да әлеуметтік желіде киіктердің өміріне алаңдаған жұрт шулай түсті. Желідегі жұрттың дені бұлай істеуге қарсы болды. Ал киік ату мәселесі қайдан көтерілді дегенге келсек, Батыс Қазақстанда киіктер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егістіктерін бүлдіруі себеп болды деп сылтау айтады. Алайда әлі шешім нақтыланады деген министрдің түсіндіруіне қарамастан өре түрегелген халық ішіндегі ақын-жазушыларға дейін өз пікірін желіге жүктеп, наразылығын танытып жатыр ПЕЙІШ АҒАШЫНЫҢ ЖАПЫРАҒЫН ЖЕГЕН ЖАНУАР Дала мен адамның арасындағы көзге көрінбейтін жазылмаған заңдылықты жақсы сақтаған халқымыз аң болса да, басқа жануарлар болса да бейберекет тиісіп, обалына қалып, қарғысын алудан қорыққан. Әрі әр нәрсенің не үшін киелі екенін ауыздан-ауызға аңыз ретінде таратып отырған. Ал киіктің не үшін киелі болатынын ықылым заманнан жеткен аңыздар былай түсіндіреді. Күллі адамзат жаратылысының басы болған аңыз кейіпкері Адам ата мен Хауа ана екеуі жұмақтан қуылғанда Адам ата пейіш ағашының бес тал жапырағын өзімен бірге ала түскен екен. Сол жапырақтың бірін киік жепті-мыс. Міне, содан бері киік пейіш ағашы жапырағының дәмін татқан киелі аң болып есептеледі. Ал енді қазақ санасында «құралайдың салқыны» деп аталатын амал айы бар. Бұл киіктер жаппай төлдеп жатқан мезгілде келетін табиғаттың тосын құбылысы. Құдайдың құдіретімен төл тарата бастаған киіктер не бәрі бір аптаның ішінде толық төлдеп болады. Міне, сол аралықта «құралайдың салқыны» деген амалдың келуіне орай дала жыртқыштарының тісі қақсап қоя береді екен. Ал көкте самғап ұшқан бүркіттердің ұшуына күн райы қолайсыздық тудырады. Сол мезетте киіктің де төлдері тез ширап, енесіне ілесіп кетеді. Одан кейін төлдері оңайлықпен ештеңеге бой бермейді. Міне, осыған қарап отырып та кейде киіктің киелі екенін сене түсесіз. Желідегі киіктерді атуға қарсы пікір қалдырғандардың бір шоғыры – ақындар, руханият адамдары. Мысалы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек киелі киікті атуға қатысты өз ойын бөлісіпті. Киік – қазақ даласының киесі. Киік – ол Қазақ. Киікті атқаның – қазақты атқаның. Табиғаттағы тепе-теңдікті реттейтін Жаратушы Тәңір, адам емес. Ал әгәрәки адам Тәңірінің ісіне араласса, онда оны Құдай тас төбесінен ұрғаны. Қорықпаңдар, далаға киік қаптаса, ол басқа жаққа өзі-ақ шұбырып көшеді. «Мәселені» жауыздықпен шешкен адамның оңғанын көргенім жоқ. Киікті қынадай қырған екі адам туралы білемін. Екеуінің де өмірі дұрыс аяқталған жоқ. Ал егер мемлекет киікті қырам десе, оған да зауал келетіні толықтай аян. Байқаңдар! Ойланыңдар! Құрығанда осыған шешім шығарған адам өз үрім-бұтағын ойласа нетті», деп жазды ақын өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. БҮГІНГІНІҢ АҢШЫСЫ САТЫП АЛАДЫ... Әлеуметтік желі қолданушылары киік ату бастамасын көтергендер жерді жекешелеп алған бай-бағландар екенін жарыса жазуда. Өйткені киік соншалықты жуас аң емес, адамды көре сала қашады. Малмен тіпті бірге жүрмейді? Сондықтан мұның астарында көлеңкелі күмән тудыратын істер де бар екенін айтуда. Сондай-ақ өтірік егінді көрсетіп, киік таптап жоқ қылды деген желеумен Үкіметтен ақша алмақшы деген де пікірлер аз емес. Фермерлердің айтуы бойынша, киіктер таптаған егін алқаптарының шығыны 78 миллиард теңгені құраған. Оларға сенсек, киіктер көліктерден де қорықпай егінді таптап аралап жүретін көрінеді. Енді бірі мал жайылымын тұяқ кесті қылып таптағанын бүйте берсе малдарының аштан қырылатынын айтады. Ендеше біз үшін егістік немесе жайылым жерлердің иелерінің талабы маңызды ма, әлде киіктің тағдыры маңызды ма? Киіктерді сақтап қалудың басқа қандай жолы бар екенін елімізге белгілі этнограф, құсбегі-эколог Жапар Сатылғановтан сұрап көрген едік. – Әлемде жер көлемі жағынан 9 орында тұрған Қазақстанда киік жайылатын жер жоқ дегенге кім сенеді? Және жерді таптады деп киіктердің көзін жоюға әрекет жасау бізді әлем алдында ұятқа қалдырады. Өйткені 1980 жылдары киік 2 миллион шамасында болған. Ол кезде мал басы да қазіргі кездегімен салыстырған 5 есе көп болатын. Соған қарамастан егін егіліп, уағында орылып, жайылым да тапталмай, киіктер емін-еркін өскен болатын. Сондықтан Жайыққа сыймай жатқан аң болса оны ежелгі өздерінің атақоныстарына аудырайық. Яғни Қарағанды, Жамбыл облысы, Сарыарқа, Бетпақдала олардың жайылымы болатын. Оларды енді сол жерлерге ебін тауып аудырып жіберу керек. Әрі бұл жерлерде қазір мал саны да аз. Егер осы идеям іске асатын болса, киіктердің өсіп-өнуіне, тіпті 5 миллионға жетуіне де мүмкіндік жасаған болар едік. Ол үшін облыс әкімдіктерінен бастап барлығы атсалысуы керек, олардың жаңа жайылымға аууына жол ашуымыз қажет, – дейді ол. Кей фермерлер батыста төтенше жағдай жариялап, киіктердің өлексесін тазартуды айтса, кейбір адамдар Оралда киіктердің саны 250 мыңға жуықтағанын, ал Кеңес кезінде 300 мыңдай болғанын алға тартып, енді киіктердің етінен консервілер жасауды ұсынып жатыр. Ал атуға рұқсат етілген жағдайда мүйізі мен қанының өзі ақша болғандықтан браконьерлерге өзіміз жол ашып берген боламыз. Біз осыларға қарап отырып, бұрынғының қақпаншысы жатып алып, мергені атып алып, құсбегісі қызыққа батып алатын болса, бүгінгінің аңшысы да, қақпаншысы да сатып ала салатын дәрежеге жетіп қалған жоқпыз ба?

Шапағат ӘБДІР