Жаңалықтар

Аты аңызға айналған АҢЫЗ

Аты аңызға айналған АҢЫЗ

Осыдан бір ай бұрын шамасында Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында дәстүрлі «Алтын тай» турнирі өткен болатын. Бәйгенің қысқаша бейнешолуы кейін әлеуметтік желідегі ат спортына байланысты түрлі пабликтерде кеңінен таралып жатты. Видеодан байқағанымыз, бәйгеге сайдың тасындай іріктелген 28 тай қосылыпты. Жарыс жолына шыққан тайлардың бір-екеуі ғана Қазақстаннан болса, қалғаны қырғыз атбегілерінің аузымен құс тістеген жүйріктері екен. Негізі Қазақстанда ұйымдастырылған бәйгелерде қырғыз ағайындардың желмен жарысқан қылқұйрықтары алдына қара салмай жүргенін атсүйер қауым жақсы біледі. Мәселен, дәл қазіргі таңда қырғыздардың «Қарақыз» есімді жүйрігі қатысқан аламан бәйгесінің алдын бермей жүр. Қазақстанда өткен талай бәйгеде маңдайы жарқырап мәреге жеке-дара келді. Ал «Алтын тай» турнирінде бәрі керісінше болды. Кіл жүйрік бақ сынаған тай бәйгеде Т.Рысқұлов ауданының Көкдөнен ауылындағы белгілі атбегі Қазыбек Эрмаковтың үкілеп қосқан Аңызы қырғыз атбегілерінің қашса жеткізбейтін, қуса құтқармайтын жүйріктерін шаң қаптырып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Марапаттау салтанатында ипподромға жиналған мыңдаған жанкүйерді, қырғыз атбегілерін қайран қалдырып, таңдай қақтырған Аңыздың үстіне арнайы дайындалған жабу жабылып, иесіне қомақты қаржылай сыйлық және кубок табысталды. Бейнешолудан жерлесіміздің айырқалпақты ағайындардың ауылында абыройы асқақтағанын көргенде тура бір өзіміз бәйгелі болғандай төбеміз көкке жеткендей қуандық. Осы орайда бүгін біз «жақсыны көрмек үшін» деген қағиданы қанат қылып, газетіміздің «Желқанат» айдары аясында атбегілік өнерді жанына серік еткен Қазыбек Эрмаковпен жақынырақ танысқанды жөн көрдік. Сонымен қатар бүгінде аты қазақ-қырғыз атбегілерінің аузында жүрген Аңыз жайлы атсүйер қауымның көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алуға тырыстық. Аңыз өткен жылдың қысында Ресей мемлекетінен сатып алынған екен. Қазыбек Эрмаков жабағының жүйрік жылқыға тән дене бітіміне қызығып, еш ойланбастан сатып алуға шешім қабылдайды. Айтуынша, Аңыздың әкесі де, шешесі де талай бәйгеде жүлделі орындардан көрінген жүйріктер екен. Бүгінде Аңыз да қатысқан бәйгесінен жүлдесіз қайтпайтын көрінеді. – Аңызды Алмас Байрамуков есімді ағам таңдап берген болатын. Ресей мемлекетіне барғанда көріп, суретін, видеосын жібере бастады. Төрт аяғы биік сидалы, буындары шор бунақты, желкелігі мен шоқтығы жалғасқан түйнек сіңірлі, аяқтарының арасы алшақ жабағы бірден ұнады. Кейін шыққан тегін жіберді. Әке-шешесі де осал емес екен. Ойлана келе, өткен жылдың қысында жабағыдан тай шығатын кезінде сатып алдық. Бейімдеу мақсатында біршама уақыт қорада ұстап, мамыр айынан бастап бәйгеге дайындай бастадық. Сөйтіп, биыл тамыздың сегізінде Сарысу ауданында өткен бір бәйгеге қосып көрдік. 48 тай қатысқан бәйгеде қара үзіп келді. Арада бір апта өткен соң Қызылорда қаласына аттандық. Қызылорда да мықтылығын дәлелдеп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген тайларды артына қалдырып, бірінші орынды иеленді. Осылайша екі бәйгеде екі мотоцикл ұттық. Екі айдан кейін Қызылордадағы тағы бір бәйгеде бағын сынады. Бабы келіспеді ме, әлде бағы жанбады ма, екінші орын алып қалды. Ертесі күні Қызылорда облысының Шиелі ауданында өткен бәйгеде де шауып, екінші болып келді. Қатысқан төрт бәйгесінде де жүлдеге ілінбей қалған кезі жоқ. Бір күні Қырғыз Республика­сындағы атбегі досым ха­барласып, «Алтын тай» атты үлкен турнир ұйымдастырылып жатқанын айтып, бағымызды сынап көруге шақырды. Сонымен не керек, Аңыздың бапкері Сәтжан бауырымызбен ақылдаса келе, дайындықты бастап кеттік. Он күннен кейін қырғыз еліне аттандық. Әрине, тайымызға сендік. Бірақ шыны керек, жеңетінімізге сенімім аздау болды. Себебі қырғыздың аттарының көкпарда да, бәйгеде де өте мықты екенін ат спортымен айналысып жүрген кез келген жан жақсы біледі. Дегенмен тайымыз біз күткеннен де жоғары нәтижеге қол жеткізді. Толассыз жауған жаңбырдан жарыс жолының балшық болып, бәйгеге қосылған тайларға үлкен қиындықтар туындатқанына қарамастан Аңыз мықтылығын дәлелдеді. Жалпы бәйгеге ат дайындап жүргенімізге төрт жылдай болды. Биылдан бастап жүлдеге іліне бастадық. Ат баптау үшін үлкен шыдамдылық керек екен, – деген Қазыбек әр бәйгеден кейін Аңызды сатып алғысы келіп саудаласатындар көп болатынын айтады. Бірақ ат иесінің бағына біткен қасқа тайын сататын ойы жоқ. Бабын келістіріп, дайындап, болашақта үлкен аламандарға қосуды жоспарлап отыр. Қ.Эрмаков Аңыздың інісі Ізбасардың да болашағынан үлкен үміт күтіп отырғанын жеткізді. – Аңыздың шешесінің аты – Даяна. 2016 жылы туған. Құлын алсақ деген оймен шешесін де сатып алған едік. Қазіргі таңда Ізбасар атты бір жабағысы екеуі қорада тұр. Ағасының ізін жалғасын деп жабағыға Ізбасар деп ат қойдық, – дейді Қ.Эрмаков. Көкдөнен ауылындағы белгілі атбегі Серік Әлімбеков те Аңыздың әлі талай аламандарда атой салатынына сенімді. Сонымен қатар атбегі өзі байқаған Аңыздың қасиеттері туралы білгенімен бөлісті. – Негізі Аңызды бір көрген адам бәйге аты деп ойламауы да мүмкін. Алғаш алып келген кезде біздің де көңілімізде күдік болған. Сирақтары жуан, жүріс-тұрысы ауырлау және сауырлы еді. Төңкерілген қазандай деп Аңыздың сауырынын айтуға болады. Қанша арыса да сауырындағы етін жоғалтпайды. Дегенмен Сәтжан бауырымыз ақырын-ақырын бабына келтірді. Аңыздың жүйріктігі тершеңдігінен деп ойлаймын. Тершең мал жүйрік болады. Әйтпесе сан еті қалың жылқылардың бәйгеде топ жаруы екіталай. Одан кейін Аңыздың бір қасиеті – тер алған кезде де жанын беріп шабады. Кейбір жылқылар тер алу барысында дұрыс шаппайды. Бірақ бәйге кезінде ашылып, мүлдем басқаша шабады. Ал Аңыз тер алу барысында да өзін көрсете біледі. Сондай-ақ бәйгеге бара жатқан кезде де, тер алу кезінде де аласұрып кетпейді. Салмақты. Кексе аттар секілді жүреді. Соған қарағанда, күш-жігерін бәйгеге сақтап жүреді-ау деймін, – дейді Серік Әлімбеков. Ал Аңызды баладай баптап, бәйгелерге жаратып жүрген бапкері Сәтжан Саматұлынан ат баптаудағы ерекшелігі, «Алтын тай» турнирі жайлы сұрадық. – Кез келген атты суытардың алдында жақсылап бағып, дәрумендерін беріп, жілік майын толықтырып аламыз. Сондай-ақ суытпастан екі-үш күн бұрын қаңтарып, таң асырып аламыз. Содан кейін суытуды бастаймыз. Бірінші екі-үш шақырымдай жай жүріспен жүреді. Бір аптадан кейін шақырымды ұзарта бастаймыз. Он шақырымға дейін ұлғайтамыз. Тауға шығамыз. Алдымен таудың етегіне дейін барамыз. Кейін тауға шыға бастаймыз. Сонда аттың тынысы ашыла береді. Осылай жалғаса береді. Қырғыз елінде өткен бәйге туралы айтар болсам, жақсы дайындықпен бардым. Бәйгеге қосылатын тайлардың әлеуеті қандай екенін барынша зерттедік. Сол бойынша жұмыс істедік. Асылжан шабандозға тізгінді босатпай тартып ұстап отыр дедім. Бірақ Аңыз мүмкіндік бермеді. Себебі Аңыз сүйреп шапқанды жақсы көреді. Сол қасиетімен ә дегеннен топтың алдына шығып алды. Сол қарқынын жоғалтпады. Мәренің сызығын кесіп өткенше алдына бір тайды шығармады. Аңыздың шын жүйріктігіне көзіміз анық жетті. Қазір демалып тұр. Енді қыс бойы бағып, қажетті дәрумендерін беріп, жілік майын толтырып, көктемде үлкен бәйгелерге қосатын боламыз, – дейді Сәтжан Саматұлы. Аңыздың шабандозы Асылжан Төлеген болса, «Алтын тай» турнирі өте тартысты өткенін, жарыс жолы қиын болғанын, дегенмен бапкерінің айтқанын бұлжытпай орындағанының нәтижесінде жүлделі бірінші орынға ие болғанын мақтанышпен айтып берді. Асылжан қазір он екі жаста. Кішкентай кезінен жылқыға қызығып өскен Асылжан тоғыз жасынан бастап бәйгеге шаба бастапты. – «Алтын тайда» Аңызбен бірінші рет шаптым. Сондықтан кішкене қорқыныш болды. Дегенмен бапкердің ақыл-кеңесінің арқасында қорқынышты жеңіп, үлкен турнирде бірінші орын алдық. Аңыз өте қызуқанды жылқы. Бәйгеге дейін қандай сабырлы болса, жарыс жолына шыққанда адам танымастай өзгеріп кетеді. Басын алып қаша береді. Сондықтан тізгінді шоқтыққа тіреп алуға тура келді. Осы уақытқа дейін көп бәйгеде жүлделі орындардан көріндім. Бір көлік ұттым. Алдағы уақытта да аттың үстінен түспей, биік белестерді бағындыра бергім келеді, – дейді Асылжан Төлеген. Облысымызда сәйгүлік баптап, бәйге аттарын жаратып жүрген азаматтар өте көп. Тиісінше Жамбылдың шашасына шаң жұқпас желқанаттарының да атағы алысқа кеткен. Келешекте Аңыздың да Абсент секілді тарихта аты қалған арғымақтардың қатарынан көрінуіне шын тілектеспіз. Талғат Нұрханов t.nurkhan1991@gmail.com