Руханият

Жыр дәптерінен

Жыр дәптерінен

таразым Тамаша көрем десең Таразға кел, Толықтырған иманын намазбен ел. Куә болған көнекөз мұраларға, Сиясауыт, қалам мен қағаз дәлел. Кел, досым, өкінбейсің көргеніңе. Алатаудың көз салып көркеміне. Қатпарлы Қаратауды ақ қар басып, Жаңа жыл аяқ басты төрге, міне. Ежелгі ескі қала десең егер, Іздене біл, еңбегің еселенер. Махаббаттың белгісін бейнелеп тұр, Қарахан, Айша бибі кесенелер. Қызыққа жетелейді сені күшті, Ұзаққа апарады ерік ішкі. Көзбен көріп, көңілге түйген жақсы, Күйіктің асуындай көріністі. Басқалардан еңсесі асқақ тұрар, Шахристан шахты да ғашық қылар. Әулиеата, Тектұрмас кесенесі, Тағы, тағы көруге асықтырар. Табиғаты керемет, кел, қарашы, Қияндарға созылған ен даласы. Таразым – тарихтардың тым көнесі, Өркендеудің бүгінгі ең жаңасы. Жанерке ҚАМБАР, 10-сынып оқушысы Тілім менің – ертеңімнің тірегі Құлақ салып бабалардың мұң-зарын, Қайтіп қана шыдап тұрсың, қу жаным? Тіл тарихын, келешегін жырлаймын, Рас болса, ақын болып туғаным. Жан толқыта, көңіліме ұя сап, Жүрек сырлар қай өлеңге сияр нақ. Ұлы елдің құдіретті тілінің, Ұлылығын айта алмасам қиянат. Елеңдемей ешкімнің де даңқына, Есеп берсек өткен күнге, артыма. Зиялылар кетті емес пе «Тілім» деп, Қор қылмайық, айтарым да халқыма. Өзге тілді өзіңдейін бағалап, Өзгенікін күннен-күнге жаңалап, Өз тіліңді өгейсінген баладай, Өзегіңе теуіп жатсың қаралап. Айта алдым ба, айттым білем барымды, Аяламай, аямадым жанымды. Жүректегі сөндіре алмас мендегі, Ешбір пенде тілге деген жалынды. Сенгенім де, сенерім де өз тілім, Өз тілімде өрнектелді сөз бүгін. Құдіретін қара сөздің айғақтап, Бар ғаламға жетсе екен осы үнім! Әнел АЙДАРАЛИЕВА, 10-сынып оқушысы Желтоқсан ызғары 1986... Еркіндіктің басы еді, Сол бір жылдар студенттер жас еді. Желтоқсанның ызғарынан қаймықпай, Қарсы тұрған ұлттық намыс әсері. Қаншама жыл дәмін таттық азаптың, Орнасын деп тәуелсіздік – азат күн. Желтоқсанның құрбандарын еске алып, Өлең жазу бір міндеті қазақтың. Араласып, арпалысып өмірге, Отан үшін қиды өздерін өлімге. Маңыздысы, елім деген жастардың, Жазған хаты жатталады көңілде. Шықты олар қарусыз-ақ алаңға, Қазақ атын танытам деп ғаламға. Тәуелсіздік, бейбітшілік, еркіндік, Керек еді өйткені әрбір адамға. Ең бірінші елім депті, тіл депті, Сол үшін де бізге олар құрметті. Алда талай тәуелсіздік туралы, Әрбір ақын жыр жазуға міндетті. Нұрділда ӘБДІХАНҰЛЫ, 10-сынып оқушысы ӨМІР – ӨЗІМ Өн бойымды кернейді өлең-жырым, Шабытым берер емес неге тыным. Биікте арманым бар қол бұлғаған, Ойым жыр боп өріліп, төгер сырын. Жанымда жадырайды бір жаңа күн, От боп лаулап жүректе жыр жанатын. Өлең, өмір және мен – біз үшеуміз, Үйлесімін табады сын сағатым. Жаңа заман, жаңа күн қарсы алатын, Жақсылықпен әлемге жар салатын. Өмір – өзім, өзімнің жырым осы, Тебіреніп жүректе ән салатын. Өмір – өзім, ал өзім – өлеңдерім, Кереметін өлеңнің көрем дедім. Маған керек құрметті ата-анамның, Алғысына өмірде бөленгенім. Дамира ЖЕЛЕУБАЙ, 7-сынып оқушысы. Жамбыл ауданы