Қазақ, қайда барасың?
Қазақ, қайда барасың?
Егемен ел болып еңсе көтергелі бері де 32 жыл өтті. Бір адамның өмірімен санағанда аз уақыт емес. Бұл 32 жастағы жігерлі, өскелең, жинақы жігіттің тас шайнап, құм түкіретін кезеңі. Осы орайда дана халқымыз «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды» деп те ой толғаған. Кеңес үкіметі кезінде орыстандыру саясаты қазақ қауымына қатты әсер етті. Бұл қазақты ұлттық мәдениеті мен тарихынан, руханиятынан айыру үшін жасалған қастандық. Халқымыз мәдениетін, тарихы мен болмысын, тілін сақтап қалғанымен оны дамыту бүгінде оңайға соқпай отыр. Десе де жас ұрпақтың Алаштың, қазақтың сөзін, жанын ұғынуы қай деңгейге жетті? Кешегі бес арысымыз, үш бәйтерегіміз, Алашшылар, «Алаш жері, қазағым, қазақ мәдениеті, өркениеті» деп найзаның ұшымен болмаса да қаламның қарымымен ойындағысын жазып, ұлттық идеология жолында тер төгіп, жанын берген тұлғалар қандай еді? Бүгінде біз солардың үмітін ақтап жатырмыз ба? «Қыздарымызды күң қылмаймыз, ұлдарымызды құл қылмаймыз» деген Қазыбек биіміздің сөзін құрметтеп жатырмыз ба? Осы тақырыпқа қатысты көп жағдайлар қалың ойға шомдырады. Егемендік алғанымызға 32 жылдан асқанымен әлі күнге жан-жағымызға жалтақтай қарайтынымыз жанға батады. Басы қосылған екі-үш қазақтың орысша сөйлесіп отырғанын жиі көріп жүрміз. Осы тұста тағы бір мәселенің шетін шығарғым келіп тұр. Облыс орталығында «Комратов» деген көше бар. Сол көшенің тұрғындарының 90-95 пайызы Комратовтың кім екенінен, нендей қызмет атқарғанынан хабары жоқ. Ол тұлғаның қаламыздың өсіп-өркендеуіне қаншалықты еңбек сіңіргенін, тіпті ұлтының кім екенін де білмейтіндер өте көп. Шын мәнінде, Комратов деп бұрмалап алған осы азамат – нағыз қазақ. Толық аты-жөні – Әлихан Қоңыратов. Өз заманында қалалық атқару комитетінде көп жылдар еңбек етіп, шаһарымыздың дамуына үлкен үлес қосқан адам. Халқының арда азаматының есімінің «Комратов» деп орысшаланып кеткеніне жүрек сыздайды. Енді осы көшеге тұлғаның нақты есімін қайтарып, мекенжай тақтайшасына «Әлихан Қоңыратов» деп түзету енгізілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпсес сол қалпында «Комратов» болып қалып қоятын түрі бар. Тақырыпқа тұздық болсын, Тараз қаласында есімі елімізге кеңінен танымал, үш бірдей облысты басқарып, сол өңірлердің гүлденуі жолында бар күш-жігерін, білімі мен біліктілігін сарқа жұмсаған атпал азамат Асанбай Асқаровтың атында үлкен көше бар. Сол көшенің аяқ жағында Орталық базар орналасқан. Халық сол көшені әлі күнге дейін «Кирова», «Киров базары» деп атап жүр. Қоғамдық көлік жүргізушілері де көшенің дұрыс аталмауына өз «үлестерін» қосып келеді. Әр аялдамада «остановка Кирова, конечная остановка» деп хабарлап отырады. Қазақтың Алатаудай алып перзенті Дінмұхамед Қонаев атамыздың құрметіне берілген көшені де көп халық бұрынғыша «тридцать лет», «отыз жылдық» деуден танбайды. Бұл нағыз сорақылық деп ойлаймын. «Балық басынан шіриді» дегендей, бұл көрініс әр автопарк басшыларының, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жауапсыздығынан болар. Кінәні тек қызметкерлерге жауып қоюдан аулақпыз, бұл мәселеге тұрғындардың да алаңдайтын жөні бар. Айтылған жайт – халықтың өз ұлтының қадір-қасиетін сыйламауының нағыз көрінісі. Қызыл империяның заманында Қазақстанда ширек ғасырдан астам уақыт басшылық жасаған Димаш ағамызға деген құрметттің түрі осы болса, онда жетіскен екенбіз... Көкейді мазалап жүрген мәселелер жалғыз бұл емес. Қазақ мемлекетінің бүкіл әлемге танылуына ықпал етіп, елдігіміздің іргетасын алғаш қалаған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев секілді асыл азаматтар деп санаймын. Сол алаштықтар қазақ елінің бар екенін баршаға мойындатқан. Қазақ Автономиялық Республикасын Советтік Социалистік Республикалар Одағына мүше етуге зор үлес қосқанын тарихтан білеміз. Тіпті Міржақып Дулатов осыдан бір ғасыр бұрын «Оян, қазақ» деп жар салып, бүкіл қазақ жұртын дүр сілкіндіруге күш салды емес пе? Сол азаматтарға Тараз қаласының ең шеткі аймағынан көше берілген, онда да бір беті жоқ. Шаһарымызға шетелдік туристер, қонақтар келсе күліп кетеді-ау. Қала әкімі Бақытжан Орынбеков осы мәселені назарға алса деген ұсынысым бар. Келесі айтар сөзім жалғыз менің емес, көптеген тұрғындардың өтініші. Пушкин, Ташкентская, Демьян Бедный деп жалғасып кете беретін көшелердің атауы қазақшаланса. Осы көшелерге тар заманда Алаш Республикасын құрып, озбырлық көрген, елі үшін жанын құрбан еткен Алаш батырларының есімі берілсе. Ақын Мағжан Жұмабаев, қазақтың алғашқы географиялық картасын бекіттірген Әлімхан Ермеков секілді арда азаматтардың құрметіне көше атауын беруін сұраймыз. Бұл – тарих алдындағы, ар алдындағы шындық. Бұл – болашақ ұрпақ жадында қалыптасатын шындық. Осы тілегіміз облыс, қала басшыларына, өзге де жауапты тұлғалардың құлағына жетеді деген үміттеміз. Негізінде Тараз қаласында Ахмет Байтұрсынов атамыздың атында көше бар. Алайда ол көше қаланың сыртында және бір беті жоқ. Соған қоса Алаш арысының атындағы көшеде жарық атымен жоқ, түнде тас қараңғы. Ол аздай өте лас, бір-екі жерге қоқыс жәшіктері қойылса жөн болар еді. Қорыта айтарым, қазақ халқы расымен-ақ батыстанып барамыз. Ұлттық құндылықты жоғалттық. Қазақ мәдениетінен жұрдай болдық. Бәлкім, жаһандану процесі кері әсерін тигізіп жатқан болса керек. Батыс жаққа көп еліктейтініміздің белгісі сол, көшеден өтіп бара жатсаң өңшең шетелдік жарнамалардан көз сүрінеді. Сөздерінің мағынасына өздері мән де бермейді-ау. Қазақша ма, орысша ма, не жазылып тұрғанын түсінбейсің. Мейрамхана дегенді ресторан немесе hаll, дүкен сөзін магазин не shoop, монша ұғымын баня деп айтатындар көп. Мәселен, «Бекнұр» баня, ресторан «Бақыт», гостиница «Jasmine» деп жалғасып кете береді. Айта-айта жауыр болған жарымжан жарнама, мағынасыз мәтіндер де құтымызды қашырды. Тіпті облыстық, республикалық телеарналарда да қазір айтылған сөздердің осы қалыпта қолданылып жүргенін байқап қаламын. Сонда облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы, ондағы қызметкерлер немен айналысып отыр деген сұрақ туындайды. Уақыт өткізіп, жалақы алсақ болды ма? Есіл қаражаттар желге ұшып жатқандай. Жақсылық МАМЫРБЕКҰЛЫ, Тараз қаласының тұрғыны