Жаңалықтар

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ КІТАПТАРЫ КУБА ЖЕРІНДЕ

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ КІТАПТАРЫ КУБА ЖЕРІНДЕ

Түрік халықтарының ішінде қазақ халқынан шығып, әскери әдебиеттің кәсіби негізін салған жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының Куба Республикасына барған саяхатына биыл алпыс жыл толды. Кариб теңізінің ортасында орналасқан Куба аралына Қазақстан Жазушылар одағынан алғаш қадам басып, қалам тартқан жазушы – Бауыржан Момышұлы. Куба мен Қазақстан халқының арасына байланыс орнауы, екі елдің достығына салынған алтын көпір сонау 1963 жылдың қараша айынан басталған деуге де болады. Рауль Кастроның шақыртуымен Кубаға барған сапарында Б.Момышұлы өзімен бірге бес кітабын ала барады. Ондағы мақсаты Латын Америкасындағы кубалықтарға әскери білімі мен тәжірибесін тарату болатын. Бауыржан атамыз Матансас провинциясындағы әскери академияның үлкен залындағы 1000-нан аса адам отырған жерде: «Менің білгенім де, көргенім де ол дүниеде ешкімге керек емес. Оны оған ала кетудің де керегі жоқ, одан да осы дүниеде қалдырып кеткенің оңды. Бәлкім, біреу-міреуге кәдеге жарар. «Жылтыр моншақ жерде қалмас». Сондықтан да мен көбірек еңбектенуге үнемі асығамын. Егер менің кітаптарымның сіздерге берер жемісі бар болса, онда еңбегімнің өтелгені деп білемін», – дейді. Матансаста оқыған лекциясының ішінде өзімен бірге саяхатқа шыққан алтайлық ойрат жазушысы Лазерь Кокишев болған. Лазерь Кокишевтің жеке архивінде Баукең мен кубалық жауынгерлердің араларындағы әңгімелерді бас көтермей жазып алған қолжазбасы, фотоаппаратымен суретке түсірген фотоқұжаттары архивінде сақталған да болуы мүмкін. Бауыржан Момышұлының кітаптарында ойдан шығарылған оқиғалар, ойдан жасалған образдар жоқ. Өз басынан өткен естеліктеріне (күнделік жазбаларына), оның ішінде ерекше эпизодтарды екшеп алған елеулі көріністерге негізделіп жазылған документті шығармалар. «Знамя» журналының 1962 жылғы ақпанда шыққан санында «Кубаның революциялық Қарулы Күштер Министрі Рауль Кастро Рус: «Қазір А.Бек не жазып жүр? Оның кітабының геройы Бауыржан Момышұлы қайда тұрады? Жазушы мен оның геройын Куба жерінде көргіміз келеді», деп жариялайды. Рауль Кастро Бауыржан Момышұлын жазушы емес, А.Бектің кітабындағы басты образ батыр есебінде Куба жерінде көргісі келетінін айтқан. Ал Бауыржан болса, бұл кезде бірнеше кітаптары жарық көрген, Кеңес одағына танымал, қазақ-орыс тілдерінде бірдей қалам тербейтін жазушы болатын. Сондықтан ол саяхатқа шығарда дайындаған құжаттарындағы анкеталарды толтырғанда өзін «жазушы Бауыржан Момышұлы» деп көрсеткен. Өз авторлығымен жарық көрген «История одной ночи» (1954 жыл), «Жауынгердің тұлғасы» (1958 жыл), «За нами Москва» (1958 жыл); «Генерал Панфилов» (1963 жыл) атты кітаптарын Кубаға бірге ала барған. Бұл шығармалар бұған дейін сонау соғыс жүріп жатқан кездегі Бауыржан Момышұлының материалдары негізінде жарық көрген Александр Бектің «Панфиловцы на первом рубеже» (1944 жыл), «Волоколамское шоссе» (1945 жыл) атты кітаптарының тақырыптық жалғасы ретінде жазылған туындылар болатын. «Бұл кітаптарды мен Кубаға ала келдім. Егер олар сіздердің тілдеріңізге аударылғандай болса, онда менің тәжірибемді де, қатемді де сіздердің орталарыңызға да салғаным болар еді», – дейді Бауыржан Момышұлы. Иә, Баукең ұрыстың оперативтік өнері, тактика, стратегия жөнінен тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, кейбір жіберген қателерін әңгіме етіп, оны жаңа толқын жастардың қайталамауы үшін ортаға салғанын айтады. Соны Куба жауынгерлерінің ортасына да жеткізу үшін кітаптарының испан тіліне аударылуын тілейді. Баукеңнің осы ойын оқып қойғандай : – Әйткенмен мен коронелдің кітаптарын испаншаға аударту жөніндегі пікіріме қалай қарайтынын білгім келеді, – дейді Рауль Кастро. Баукең: – «Біздің семьяны» испан тіліне аударып керегі жоқ. Ол жеке азамат әңгімесі, ал әскери тақырыптағыларды аударып, жұртқа түсінікті тілде таратса болар еді, – дейді. – Коронел, сіз мұнда әртүрлі аудиториялар алдында сөйледіңіз. Олардың мазмұнын маған айтты. Сіз өз сөздеріңіздің бір данасын бізге қалдырмас па едіңіз. Біз оны кішкене кітапша етіп шығарар едік. Онда біздер үшін пайдалы кеңестер бар, – деді Рауль Альмейдоның сөзін бөліп. – Менің жазылған сөзім жоқ, болған да емес. Егер олар сіздерге керек болса, мен айтқандарымды еске түсіріп, жазып шығайын да, сонсоң берейін сіздерге, команданте. – Егер бұл сізге қиындық келтірмесе, коронел. – Мен сөздеріңізді жақсы аудармашы арқылы испан тіліне жеткізуге уәде беремін, – деді бас штаб бастығы Серхио Дэль Вас. – Келістік, – дейді Бауыржан Момышұлы. Бауыржан Момышұлын 21 қараша күні таң бозара аэродромға келгенде министрлердің орынбасарлары, бас командашылардың орынбасарлары, Раульдің орынбасары команданте Юменес аэропортқа жетіп келеді. – Сіздерге рақмет. Менің аздап болса да сіздерге пайдам тисе, онда халқымның сенімін ақтағаным, – дейді Бауыржан. – Сіздің сөздеріңізді біз жеке кітапша етіп шығармақпыз. Ол біздің офицерлеріміз үшін пайдалы құрал болады, – дейді Рио. – Әзір асықпаңыздар. Мен Москвадан өз сөздерімнің жиынтық нұсқасын жіберуге Раульге уәде берген едім. – Иә, біздің де ойлағанымыз солай. Москвадағы біздің әскери өкіліміз команданте Эдиардо Синьоль бұл жөнінде хабардар. Жолыңыз болсын, полковник! Еліңізге бізден жалынды сәлем! – деп шығарып салады. Бауыржан Момышұлының бостандық аралына жеткен әскери тақырыпқа арнап жазылған кітаптары, әртүрлі аудиторияларда сөйлеген сөздері испан тіліне аударылып, кітап боп шықты ма екен? Кубадан оралған соң алған әсерлерін, көрген-білгендерін айтып «Куба әсерлері» деген сапарнама кітабын 1965 жылы баспадан шығарады. «AR-AI» газетінің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №4 санында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Әлімбай Найзабаев Баукеңнің 1965 жылы Жамбылға келген сапарында «Куба әсерлері» кітабының бір данасын қазіргі облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізгендігін жазды. Сонымен қатар реті келгенде айта кетейік, А.Бектің «Волоколам тас жолы» кітабының неміс, кәріс, араб тіліне аударылған үш данасы «Даңқ» залындағы көрмеде тұрғандығы жөнінде нақты дерек келтіреді. Осындағы неміс тіліндегі деген кітап, неміс тіліне аударылған кітап емес, ол ағылшын тіліндегі кітап екендігін айтқымыз келеді. Ағылшын тіліне аударылған кітапты қабылдап алған адам ағылшын тілін білмегендіктен болуы керек, қабылдау актісі тіркелген журналына «неміс тіліндегі кітап» деп қате жазып жіберген. Олай дейтін себебіміз, Б.Момышұлының «Куба әсерлері» деген баспадан шыққан қазақ тіліндегі кітабын да тіл білмегендіктен «Книга поездка на Кубу» деп қабылдау журналына орысша толтырған екен. Жалпы Бауыржан Момышұлы қазіргі Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейіне өз қолымен 8 кітап сыйлаған. Туған жеріне құрметтің белгісі ретінде өз кітаптарынан «Наша семья» (1956 жыл), «За нами Москва» (1958 жыл), «Фронтовые встречи» (1962 жыл), «Төлеген Тоқтаров» (1965 жыл), «Куба әсерлері» (1965 жыл) және Александр Бектің ағылшын, араб, корей тілдеріне аударылған кітаптарына өз қолтаңбасын қойып, оларды музей қорында мәңгілік сақтау үшін сыйға тартқан. Сондықтан автордың қолтаңбасымен сыйға тартылған бұл кітаптар мұражайдың ең баға жетпес құнды мұрасына айналып отыр. Әлімжан АМАНБАЙҰЛЫ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері