«ӨЗГЕР-IS» ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫНА СІЛКІНІС ЖАСАДЫ
«ӨЗГЕР-IS» ЖАСТАРДЫҢ САНАСЫНА СІЛКІНІС ЖАСАДЫ
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Біз өскелең ұрпақты кітап оқуға баулуымыз керек», – деген болатын. Осыған орай «АMANAT» партиясының Байзақ аудандық филиалында «Кітап – Аmanat» орталығы ашылды. Бүгінде орталықтың жұмыс жоспарына сәйкес түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жақында аталған орталықта жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Өзгер-IS» атты семинар-тренинг өтті. Алдымен жастар «Кітап – Аmanat» жобасы аясында орталықтың жұмысымен танысты. Ал аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мұхтар Қазбаев кітаптың адам өмірінде алатын орнына тоқталды. Сондай-ақ орталық директоры жастардың кітап оқуға деген ынтасын оятуға, кітапқа деген құрметті қалыптастыруға бағытталған шараның басты мақсатына тоқталды. М.Қазбаев жоба жастар мен жасөспірімдерге кітап оқуды насихаттау, сауатты жастардың санын көбейту, кітап таралымын жандандыруды көздегенін жеткізді. Семинар-тренинг барысында жастар орталықтағы кітаптармен танысып, жаңа әдіс-тәсілдерді үйрену арқылы кітап оқуды насихаттау, миға шабуыл, топтық жұмыс, мотивациялық ақпараттар беру және кітапхана жұмысында заманауи әдіс-тәсілдерді қолдануды үйренді. Байзақ ауданында бұған дейін бірде-бір кітап сататын дүкен болған емес. «АMANAT» партиясы аудандық филиалының ықпалымен орталықтың ашылуы – әртүрлі маңызды шаралардың өтуі мен жастардың кітап оқуға деген ынтасын оятары сөзсіз. «AR-AI»-ақпарат