9 кәсіпкер БАҒАНЫ НЕГІЗСІЗ КӨТЕРГЕН
9 кәсіпкер БАҒАНЫ НЕГІЗСІЗ КӨТЕРГЕН
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Медеу Ауғамбаев пен департаменттің тергеушісі Жағыпар Исатаевтың қатысуымен «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің нарығында баға өсуіне жол бермеу және тиімсіз делдалдарды жою бойынша іс-шаралар» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру туралы тапсырмасын орындау шеңберінде департамент тарапынан тұрақты түрде бағаға талдау жүргізілуде. Медеу Ауғамбаевтың айтуынша, зерделеу барысында сауда компаниялары 15 пайыздан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде ең жоғары сауда үстеме бағасын бұзу фактілері анықталған. – Мәселен, кәсіпкер жалғыз сатып алушы бола отырып, өндірушінің сүт өнімдерін әртүрлі сатып алушыларға 25-60 пайыз үстемемен көтерме жеткізуді жүзеге асырған. Департаментпен құзыретті мемлекеттік органдарға бағаны негізсіз жоғарылатқан 9 шаруа субъектісіне қатысты 7 схема жіберілді. Аталған схемалар бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық комиссияда қаралып, 5 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудағы заңсыз әрекеттерді анықтау және өнімсіз делдалдарды жою бойынша талдау жұмыстары жалғасуда, – деді Медеу Маратұлы. А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ