СҰЛУЛАР СЫНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ – САБИНА
СҰЛУЛАР СЫНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ – САБИНА
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Қазақстан аруы-2023» ұлттық сұлулық байқауы мәресіне жетті. Ару қала Алматыда өткен сұлулар сынында бас жүлдені алматылық 21 жастағы Сабина Ыдырысова жеңіп алып, «Қазақстан аруы» атанды. Биылғы байқау экологияны қорғау аясында «Болашақты аяла» – «Защити будущее» ұранымен өтті. Байқаудың финалдық кезеңіне кастингтен және жартылай финалдың нәтижесінде іріктеліп шыққан 25 қыз қатысты. Арасында өңірлік іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары да болды. Сұлулар сынына «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауының президенті Айдай Исаева, «Қазақстан аруы-2022» байқауының жеңімпазы Томирис Какимова, спортшы әрі актер Еркебұлан Тоқтар, блогер, актриса Жания Джуринская, қырғыз дизайнері Арзубек Вонама, кәсіби модель Анжела Пересыпкина қазылық етті. Финалдық кезең бірнеше байқаудан тұрды. Қатысушылар түрлі киімдер мен бейнелерде жеке және топтық дефиле көрсетті. Кейін сұрақтарға жауап берді. Қазылар алқасы алдымен 25 қатысушының ішінен ТОП-12 қызды анықтады. Осыдан кейін ең үздік 5 қызды анықтады. «Қазақстан аруы» атағы мен «Әлем аруы» байқауына жолдаманы 21 жастағы Сабина Ыдырысова жеңіп алды. Сабина – кәсіби балерина. Селезнев атындағы білім ордасын тәмамдап, бірнеше жыл «Астана Балет» театрында жұмыс істеген. «Қазақстан аруы-2023» жеңімпазына 5 миллион теңге ақшалай сыйлық пен халықаралық деңгейдегі конкурстарға қатысу мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ «Тұран» университетінде грантта білім алу құқығы, конкурстың эксклюзивті сыйлығы бьюти-бокс табысталды. «Қазақстан ғалам аруы» тәжі мен «Әлем аруы» байқауына жолдама 23 жастағы Мадина Әлмұхановаға берілді. Ал «Қазақстан жер аруы» атағы мен «Жер аруы» байқауына жолдама 20 жастағы Аяулым Әлімхалиеваға бұйырды. Ботагөз Нұржігітова «Қазақстан вице-аруы-2023» атанды. Сайтта дауыс беру арқылы көрермен көзайымы сыйлығының иегері Аделина Бағымбаева болды. Айжан ӨЗБЕКОВА