Жаңалықтар

ҰЛУ ЖЫЛЫНДА АСИММЕТРИЯЛЫ КИІМДЕР СӘНДЕ БОЛАДЫ

ҰЛУ ЖЫЛЫНДА АСИММЕТРИЯЛЫ КИІМДЕР СӘНДЕ БОЛАДЫ

«Адам көркі – шүберек» демекші, алдағы 2024 жылы қандай киімдер сәнде? Гардеробта қандай түстерге көбірек басымдық берген жөн? Келесі жылдың сәндік трендтері туралы осы мақаламызда тоқталып көрдік. Мамандар Ұлу жылында асимметриялы киімдер сәнде болатынын айтады. Киімнің кез келген жерін асимметрия, яғни қиық кескіндермен айшықтап қоюға болады. Биыл бұрынғы ретро стиль капри, яғни қысқа шортылар да трендте. Оны әсіресе кең костюммен үйлестірсеңіз жарасып-ақ кетеді. 2024 жылдың көктем-жаз маусымындағы сән апталығында жылы мезгілге қарағанда салқын маусымға көбірек мән беріліп, сол уақытқа сай реңктер таңдалып отыр. Әсіресе қоңыр, қыша түстері арнайы таңдалыпты. Сән апталығында «SAINT LAURENT», «GUCCI» және «Маx Маrа» фирмалары осы түстегі киімдерін ұсынып отыр. Қызыл, қара былғарыдан тігілген көйлек, жейделерді әрқашан өз-өзіне сенімді сәнқойлар киетінін дизайнерлер мойындап келеді. Боттега Венета, Коуч және Балли топтамаларында назардан тыс қалмайтын, әрқашан жарқын қызыл түсті былғарыдан тігілген көйлектерін көрермен назарына ұсынды. Биыл мұндай стильді таңдағандар өкінбейтіні белгілі. Қысқы топтамада алдағы жылы ұзын күртешелер сәнде болады. Мәселен, мақпал матадан жасалған сыртқы киім өте ыңғайлы. Сырт киімдерде бұрынғы кілем мен ескі текеметтердің суреті топтастырылып, бейнеленген. Бұл киімге ерекше сән мен ұлттық нақыш беріп тұр. Ал пайеткадан тігілген киімдер – жаңажылдық мерекелік шараларға таптырмас идея. Сонымен қатар Ұлу жылында анималистік стильдегі шалбарларды, аяқкиім мен сөмкелерді де араластыру орынды. Алайда асыра сілтемеген дұрыс дейді мамандар. Күнделікті өмірде немесе жұмысқа, кеңсеге барсаңыз өзіндік образ жасап алуға болады. Базалық түстегі көйлекті ерекше принті бар плиссе белдемшемен керемет үйлестірген жөн. Оның сізге әдемі көңіл күй сыйлайтыны сөзсіз. Сондай-ақ айрықша аксессуарлар мен ерекше әшекейлерді де ұмытпаған жөн. Әсіресе страз, бисер моншақтарымен өрнектелген бұйымдар трендтен түспейді. Сирень гүлінің түсі іспеттес тоқылған баскиімдер мен белдемшелер де образыңызға өзгеше өң береді. Биыл жұқа торлы қолғаптар, тор көйлектерді де үйлестіріп кисеңіз болады. Ал 2024 жылдың сәнді түстеріне келер болсақ, WGSN агенттігі алдағы маусымның тренд түстері тізімін жариялап, 5 түске назар аудару керектігін ескертті. Оның біріншісі – езілген өрік түсі, яғни Apricot Crush. Орташа реңктегі сарғыш түс «дәрумендерге бай реңк» деп сипатталған. Бұл түсті киімде де, үй интерьерінде де пайдалануға болады. Ал келесі – интенсивті тат түсі – Intense Rust. Жылы, қарқынды Intense Rust түсі тұрақтылықты білдіреді. Бұл реңк жерді, жылуды, бірқалыпты өмірді сипаттайды. Түн жарымындағы алхоры – Midnight Plum, яғни қою күлгін түс ғарыш пен мета-ғалам зерттеулерін білдіреді. Таңдаудағы байсалды сұр түс – Sustained Grey адамдарды тыныштыққа, тепе-теңдік пен тұрақтылыққа шақыратын түс ретінде сипатталған. Суық матча, яғни Cool Matcha – табиғат пен технологиялардың үйлесімін, табиғи биоматериалдар, энергия көздерін білдіретін түс. Cool Matcha жанға тыныштық сыйлайтын реңк ретінде сипатталған. Айжан ӨЗБЕКОВА