ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ: СІЗ БІЛМЕЙТІН ҚЫЗЫҚТАР
ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ: СІЗ БІЛМЕЙТІН ҚЫЗЫҚТАР
Әр Олимпиада жаңа жұлдыздарды төрткүл дүниеге әйгілі етумен қатар ерекше оқиғаларымен де есте қалады. Мысалы, 1988 жылы Cеулдегі жазғы Олимпиаданың ашылу салтанатында аспанға кептерлер ұшырылып, олардың біразы алау тұтанатын кесеге қонып, Олимпиада алауы жағылғанда жанып кетеді. Төрт жылдан кейін Барселонадағы төртжылдықтың бас додасында ХОК кептерлерді ұшыру мен алауды тұтандыру рәсімдерін араға бірнеше сағат салып өткізуді талап етіп, көп ұзамай құстарды қолданбау туралы шешім шығарды. Міне, осы секілді Олимпиада ойындарының тарихында басқа да қызықтар көп. – 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасындағы гимнастикадан командалық сында жапон Сун Фудзимото тізесін сындырып алады. Бірақ мұнысын ешкімге айтпай, атпен де шауып, дөңгелектермен де айналады. Тіпті финалда қос аяғымен тік түсіп, сонан соң ғана ауруға шыдай алмай құлап қалған. Дәл осы гимнасшының арқасында Жапония сол жолы Кеңес спортшыларын басып озып, жеңіс тұғырына көтеріледі. – Олимпиаданың ашылу салтанатындағы түрлі ұлттар шеруін дәстүр бойынша Грекия бастап, Олимпиада ойындарын өткізіп жатқан елдің өкілдері қорытындылайды. Ал 2004 жылы Афина Олимпиадасында алауды ұстаған жергілікті спортшы көш бастаса, шеруді команданың қалған өкілдері аяқтаған. – Олимпиада жалауындағы сақиналардың түстері көпке дейін былай түсіндіріліп келді: көк – Еуропа, сары – Азия, қара – Африка, жасыл – Аустралия, қызыл – Америка. Мұны 1951 жылға дейін ХОК-тың ресми анықтамалығынан да табуға болатын еді. Алайда олимпиадалық қозғалыстың негізін қалаушы Пьер де Кубертеннің түпкі ойы басқа екен. Сақиналар санының әлемнің бес бөлігін көрсететіндігі тура келуінен бөлек, бұл түстер міндетті түрде әрбір елдің туында кездесетін болуы керек деген ұйғарыммен таңдалған болып шықты. – Стенд ату жарысы төртжылдықтың бас додасының бағдарламасына 1968 жылдан бері енгізіліп, әйелдер ер-азаматтармен қатар сынға түсіп келген. Дегенмен нәзікжандылардың бірде-бірі жүлде ала алмаған соң 1992 жылғы додадан бастап олар шеттетілді. Соған қарамастан, 1996 жылы Барселонада қытайлық Чжан Шань жігіттердің өзін басып озып, жеңіске жеткенімен ХОК «аспанасты» елінің бойжеткенін жеңімпаз деп танудан бас тартты. Бұл дау жауапты азаматтарды 2000 жылы шешімін қайта өзгертіп, әйелдерді де сапқа қосуға, бірақ жарысты ерлерден бөлек өткізуге итермеледі. – Фигалиядан шыққан ежелгі грекиялық атлет Аррихион бокс пен күрестің қосындысы – панкратионнан бірнеше рет Олимпиада чемпионы атанған. Өзінің соңғы чемпиондық атағы оған бақилық болған соң беріледі. Ақтық сында қарсыласы оған қарсы қылқындыру әдісін қолданғанда Аррихон қарсыласының аяғындағы саусағын шығарып жібереді. Бұған шыдамаған ол берілсе де тұншығып қалған Аррихон сол сәтте көз жұмған екен. Алайда ұйымдастырушылар оның өлі денесін жеңімпаз деп таныды. – Америкалық Маргарет Эббот гольфтен 1900 жылы әйелдер арасында Олимпиада чемпионы атанады. Бір қызығы, Париждегі аламанның ұйымдастырылу деңгейінің төмен болғаны соншалық, Эббот та өзге гольфшілер секілді Олимпиадаға қатысып жатқандығын білмеген. Тіпті үйіне оралғанда да америкалық спортшы Парижде өтіп жатқан Бүкіләлемдік көрменің құрметіне ұйымдастырылған турнирде топ жардым деп ойлаған. – 1932 жылы Ұлы жоқшылыққа байланысты Бразилия үкіметі Лос-Анджелестегі ойындарға қатыстыру үшін спортшыларына тиісті қаржыны тауып бере алмай, бұл мәселені шешу үшін 82 атлеттен жасақталған делегацияны кофе тасымалдайтын кемеге отырғызып, жол бойы өнімді сатып баруға мәжбүрлейді. Ал Сан-Педро портына жеткенде спортшылардың әрқайсысынан бір доллардан ақша талап етілгендіктен бастапқыда жүлдеден үмітті төртеуі ғана кемеден шығарылады. Содан соң судағы көлік Сан-Францискоға аттанып, ол жақта да кофенің біраз бөлігін сатқан соң тағы төрт атлетке Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік берілген. Өкінішке қарай, қалған 15 бразилиялық спортшы Лос-Анджелеске қадам баса алмай, елдеріне қайта оралады. – Халықаралық Олимпиада комитетінің талаптары бойынша, Олимпиада жүлделеріндегі таза алтын құрамы 6 грамнан кем болмауы керек. Әзірге ұйымдастырушылар алтынның мөлшерін ұлғайтуға асығар емес, сондықтан жеңімпаз медалі негізінен күмістен тұрады. – Жаңазеландиялық спортшы Мюррей Халберг жастайынан регбимен айналысып, матчтардың бірінде ауыр жарақат алуына байланысты оның сол қолы сал болып қалады. Дегенмен Халберг спорттан кетпей, жүгіруге бет бұрады. Бара-бара таңғаларлық көрсеткіштерге қол жеткізіп, 1960 жылғы Римдегі Олимпиадада 5 000 метрлік қашықтықта чемпион атанды. Талғат Нұрханов