Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды
Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды
Бала үшін ең жақын және маңызды әлеуметтік орта – отбасы. Әр адам отбасылық өмір жөнінде жеке пікірін туып өскен отбасы үлгісіне сай кішкентай күнінен бастап қалыптастырады. Бала ата-анасы үлгі бола алғанның өзінде өзіндік қиындығы, тұрмыстық мұқтаждықтары бар отбасылық өмірді көріп өседі. Есейгенде өз отбасын құру үшін ата-анасының өмір тәжірибесіне қарап олардың тәжірибесінің қажет, қажет емес тұстарын саралай бастайды. Қазақ отбасында бала үшін бірінші әкенің, содан кейін ананың ықпалы зор. Әйелдің ер- азаматына қатынасы балаларының әкесіне деген көзқарасының негізін анықтайды, яғни бала үшін әке беделі анасының сөзі, әрекеті арқылы қалыптасады. Ана баланың көзінше әкенің беделін түсіретін сөз айтуға, бір-біріне дауыс көтеруге болмайды, олай болған жағдайда балалары отау құрғанда алдарынан шығады. Отбасыда бала тәрбиесіне қатысты басты түсініктердің бірі ата-аналық қарым-қатынас стилі немесе тәрбиелеу стилі болып табылады. Құрметпен тәрбиелеу стилі баланың жасы мен дамуына сәйкес келетін деңгейде үміт артып, эмоциялық қолдау көрсетуден көрінеді. Егер сіз осы тектес әрекеттерді қолданатын болсаңыз дұрыс бағыттасыз. Кейде ата-анаға баласының есейгенін қабылдау қиынға соғады, көптеген сауалдар мазалайды. Осы кезде ата-ананың міндеті өз беделімен баланы басу емес, керісінше ашық сөйлесу, баланың аргументтерін тыңдау болып табылады. Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің негізінде отбасылық қарым-қатынас ерекше орын алады. Әр ұлттың бала тәрбиесінде өзіндік ерекшеліктері бар болғанымен барлық балаға бірдей қажетті дүниелер – отбасы, жайлы үйі, ата-аналары мен жақындарының қолдауы мен қамқорлығы. Бала тәрбиесі ұлт таңдамайды, тәрбие барлық ұлтқа қызмет етеді. Жапондықтар қазақ халқы секілді ұлды да, қызды да еркелетіп өсіреді. Олар 15 жастан кейін қатаң тәрбиеленеді, бағынбаған жағдайда жаза түрі ретінде жалғыз қалдыруды қолданады. Кішкентайынан отбасынан тыс, басқа бөлмеде жалғыз қалудан асқан азап болмайтынын санасына сiңiріп өскен бала мұндай жазаға ұшырамау үшін бар күшін салады. Көпшiлiктен, қоғамнан тыс өмiр сүру түсiнiгi жапондардың ортасында кешiрiлмес күнәмен тең. Кәрістер үшін бала тәрбиесінде табандылық пен төзімділікке баулу басты мақсат болса, қытайлықтар балаларын төзімді, сабырлы және қанағатшыл болуға тәрбиелейді. Еврейлерде ата-аналардың өзара сыйлы қарым-қатынасы баланың өзін батыл сезінуіне себеп деп есептейді. Сондай-ақ баланың көзінше қаржы жайлы сөз қозғалмайды, себебі бала танымында маңызды нәрсе ретінде ақша қалыптасып, адамдық қасиеттерден алшақтайды деп есептеледі. Үнді елінде балаларын қатаң ұстайды, олар ата-аналарының таңдауына, қалауына мойынсынып өседі. Испанияда балаға мансап пен ірі жетістіктерге жету маңызды екендігін құлағына құйып өсіреді, баланы өзгелермен салыстыра қарамайды. Немістерде бірінші орынға тәртіп қойылады, ата-аналар үшін басты орында – жауапкершілік. Ата-ана балаларын болашақта отбасылық өмірге дайындай отырып жеке үлгі болатын тәлімін беру маңызды, себебі өз ата-анасынан алған өнегесі берік отбасын құруға негіз болады. Отбасылық жанжалдар бала психикасын бұрмалайтын күйзеліске немесе олардың рухани әлеміндегі уайымдарға алып келеді. Отбасылық жұптар арасында жанжалдардың басты себептеріне қаржылық қиындықтар, еңбек бөлінісінің теңсіздігі мен бала тәрбиесіне қатысты келіспеушіліктер, өзара көмек пен қолдаудың аздығы, жұбайлардың бос уақыт пен демалысын ұйымдастырудағы сәйкессіздік, мінездерінің өзара сәйкес келмеуі, сүйіспеншіліктің болмауы, некесіз байланыстар мен сырт жаққа көз салу, жұбайлардың біреуінің бұрынғы некедегі балаларымен байланысы, оларды материалдық қолдау және тағы басқалары жатады. Жанжалды оң шешуге қабілетсіз отбасы баланың тұлға ретінде дамуына теріс әсер етеді. Жанжалшыл отбасылардан шыққан балалардың өзіндік бағалауы қалыпты отбасылардан шыққан балаларға қарағанда біршама төмендігімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары отбасы институтында деструктивті тенденциялар көп орын алуда. Ажырасулар, толық емес отбасылар, азаматтық некелер саны өсіп, жағымсыз әдеттерге үйір болу, ерте жүктілік, қатыгездік сынды құбылыстар ауқымы кеңейіп отыр. Отбасын қолдау және оның тәрбиелік әлеуетін күшейту отбасымен жұмыс істейтін мамандардан осы құбылыс туралы терең, жүйелі білімді және кәсіби күш-жігерді жұмсауды қажет етеді. Қиындықтарға ұшыраған отбасыларға қолдау көрсету бірнеше қадамдар арқылы жүйелі жүргізіледі: диагностика, яғни жағдайды анықтау (отбасы мүшелерімен жүздесіп, қиындықтың себебін табу); конфликтіні жою (отбасы мүшелерімен жұмыс жасау, келіссөз жүргізу); қайта өзгерту (отбасы мүшелерінің бет алысын, пікірлерін өзгертуге жағдай жасау). Әрине, әр бала үшін ең беделді адамдар – ата-анасы. Ата-ана баладан талап ететін нәрсені алдымен өзі орындауы қажет, сөз бен істің сәйкестілігін сақтау болса, бала сол үлгіге еліктеуі мүмкін. Ол үшін бала ұстазына немесе басқа бір ересек адамға шағымданатын болса, болған жайтты толық тыңдап алмай тұрып бірден қорғаушы рөлін атқармай келесі тарапты да тыңдап, объективті баға беру; бала ызаланып немесе ашуға беріліп тұрғанда ашумен жауап беру оның жаман әдетін мақұлдағанмен бірдей, сондықтан ұстамдылықпен бала ашуының себебін түсінуге тырысу; балаға көмектесу мақсатында ата-ана барлық нәрсені орындайтын болса (заттарын, төсегін жинау, су әкеліп беру және тағы басқа), бала жалқаулана бастайды, сондықтан жас ерекшелігіне сай өз істерін атқаруға дағдыландыру маңызды; баланың орындаған ісі үшін келісім бойынша берілетін сыйлық бірреттік екенін ескерту, олай болмаған жағдайда сыйлықты күнде күтетін болады; үйде үнемі баланың жеңуіне жол беру, айтқанын орындау оның сыртта да сондай болатынына сенімін арттырады және әр сәтсіздікке ұшырағанда күйзеліске тап болады. кішігірім келеңсіздіктерді баланың өзінің шешуіне дағдыландыру, сонда басқалардың жайын түсініп, бөлісу, әділ болу, мәмілеге келуді үйренеді. Бала өзін кез келген уақытта жақындары тарапынан оны жақсы көретінін, құрметтеп, пікірін бағалайтынын сезінуі қажет. Ата-аналарға бала тәрбиелеу жолында шыдамдылық, түсіністік пен даналық тілейміз! Гүлжан МАКАШКУЛОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, «Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы