Жаңалықтар

Уақыт – баға жетпес байлық

Уақыт – баға жетпес байлық

Ұлы шайыр, хакім Абай: «Сағаттың шықылдағы емес ермек, Һәмишә өмір өтпек – ол білдірмек. Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас, Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек, – деген. Адамзат баласына шектеулі ғұмыр берілген, сол үшін де әр сәтіңді тиімді пайдалана білген жөн. Сіздің өмірді өзгертетін 86 400 сәт бар. Бұл уақыт ә дегенде тым көп секілді көрінері хақ. Ал біз ше, сәл болмашыға сол алтын уақытты сарп етеміз. Бақсақ, өкінерлік жайт. Қалтафонды алып, әлеуметтік желіден жаңалықтар қатарын қарай бастайсыз, айналасы 5 минут қана қараған секілдісіз, шынтуайтында, бір сағат уақытыңызды жоғалтып алғаныңызды аңғармай да қаласыз. «Парасаты жеңсе, адам – періштеден де жоғары, нәпсісі жеңсе – хайуаннан да төмен дәрежеге түседі» деген имани сөзге терең үңілсек, адам болып дүниеге келген соң адамша ғұмыр кешпек ләзім. Әр сәтін тиімді пайдалана білген жан – парасат иесі. Қытай қазағы Бейжің медицина академиясын тәмамдап, күншығыс елі – жапон еліне, Токио шаһарына өз саласының магистратурасына оқуға барады. Қытай тілін білген білімді азамат жапон тілін де игерген еді. Бірге оқитын жапон жігітімен «жақсының жолдасы көп» дегендей, екеуі достасады. Жаңа дос қазақты үйіне қонаққа шақырып, тіпті бір күні тойға да ертіп барады. Той дәл белгіленген сәтте бір минут та кешікпей басталады. Небәрі 60 кісі жиналып, той 40 минутта тәмамдалады. Дастарқандағы мәзір ішіп-желінеді, сөз сөйленіп, ән шырқалып, би биленеді. Бірақ бәрі де шектеулі, үйлену тойы межелі уақытында толық аяқталып, екі дос көңілді жағдайда үйге оралады. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Саққұлақ би: «Адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолушысы – ой, жолдасы – кәсіп, қорғаны – сабыр, қолдаушысы – мінез, сынаушысы халық болсын», деген ғой. Баға жетпес уақыттың қадіріне көбіне жете бермейміз. Мысалы, орта есеппен 70 жыл өмір сүретін бір адамның ұйықтауға – 23, жұмыс істеуге – 19, күліп-ойнауға – 9, ойлануға – 1, тамақтануға – 6, жол жүруге – 6, ауыруға – 4, әжетханаға 2 жыл уақыты кетеді екен. Ал уақыттың жауларына жоспарсыз өмір сүру, алдын ала істелінетін жұмыстарды кезекке қоймау, кейінге қалдыру немесе шегеру, өзіне қажеттен тыс жұмыстарға кірісу, асығыстық, пайдасыз оқу, жоқ деп айта алмау, қажетсіз жұмыстар, пайдасыз телефондар, шешім қабылдай алмау. Алланың сізге берген бір тәулігін тек 24 сағат қана, оны бірдеңеге жұмсауым керек деп ойлама, одан да әр күнім 86 400 сәт деп ойла. Мән-мағынасыз, қызықсыз нәрсеге текке жұмсама, сол күніңде қаншама керемет дүние жасауға болар еді. Теледидарды мүлдем көрме. Қаншама адам ғұмыры осы көк жәшікке телміріп, қалтафон қараумен өтіп жатқаны – білген жанға зая кеткен есіл алтыннан да қымбат уақыт. Ежелгі Римде император әр күн өткен сайын терезе алдындағы Адриат теңізіне қарап: «Алтынға бағаланатын уақытым, яки қымбат бір күнім өтті ғой, ол енді қайтып оралмайды», – деп алтын ақша лақтырады екен. Жаңа ХХІ ғасырдың бас кезінде «Қысқа әңгіме. Кімді-кім жеңеді?» айдарымен бүкіл еліміз бойынша жарыс ұйымдастырылды. Белгіленген сыйлығы бар. «Талапты ерге нұр жауар!» деп Айбатыр Сейтақ ең қысқа әңгіме жазып, жүлдегер атанғаны есте. «Секунд жылжып минутты жұтады, минут сағатты, сағат уақытты жұтады, уақыт бәрін де жұтады» дегендей, кездесуге, не қонаққа барғанда қанша уақыт болатыныңызды алдын ала ескертіп қойған жөн. Мысалы, «сізбен кездесуге 30 минут қана уақытым бар, сондықтан сағат 17:00-де кездесуімізді аяқтауға мәжбүр боламыз» деп алдын ала ескерт, кездесетін кісі дәл уақытында кешікпей келеді. Әрі жоспарлы уақыттан асырмас үшін бірден нақты мәселеге көшетін болады. Жапон оқымыстысы Роберт Кийосаки: «Біз – өз әдет-дағдыларымыздың құлымыз. Ендеше күнделікті дағдымызды өзгерту арқылы өмірімізді өзгерте аламыз», – деген. «Мейлі, кейін істермін...», «Бұны жасағым келмей тұр, басқа жолы істерміз» деген ой сізді шыға алмайтын ұйыққа тартып әкетіп, одан қайтып шығу қиынға түседі. «Бүгінгі істі ертеңге қалдырғаның – жалқаулыққа аяқты шалдырғаның» болады. Әр атар таңыңды мұқият жоспарла. Не істейсің, қашан істейсің, қанша уақыт алатынын есепте. Бір күннің шағын жоспарын дәлдікпен жоспарласаң, қолда бар уақытты ысырапсыз жұмсауға септеседі. «Болады-ау» деген нәтижеден артық табысқа жетесің. Михаил Пришвиннің: «Молшылыққа белшеңнен батқың келсе, онда теңізге емес, өз теріңе малшын! Асылды сонда ғана табасың. Егер одан таппасаң, еш жерден таппайсың», дегені бар. Қасиетті хадисте: «Жас уақытыңда екі дүние ісін атқар» деген емес пе? Болашақ бүгіннен басталады. Ғабиден Мұстафин айтқандай: «Адам, адам дейміз, адамшылығы болмаса адам не керек? Өмірге адам болып келген соң адам секілді сілкініп, артыңа әдемі сөз бен іс қалдырып, тіпті із қалдырып ғұмыр кешкенге не жетсін?!» Алла сізге берген теңдессіз сый – уақытыңды толыққанды дұрыс жолға жұмса. Өміріңде сәл де болса сәтті ететін, бұрын істемеген, ерекше бірнәрсе жаса, батыл қадамға бар. Өзіңе керек болса да жасауға қорқып келген дүниені жаса. Ескі арманды жүзеге асыруға тырыс. Ертең ештеңе істей алмайтын күн туады. Армансыз адам болмайды... Алла жаратқан пенденің уақыты шектеулі, уақытыңды, өміріңді қадірле. «Ұйқы – мырза, ерте жатып, кеш тұрсаң, болады ырза» деген қанатты сөз бар. «Ерте жатып, ерте тұр, атып келе жатқан таңмен таласпа, күн батып бара жатқан сәтте тұрып отыр, лаж жоқ, ауру адамнан өзге адам тұрып отырсын» деген қазақ атамыз. Жатқанға жан жуымайды. Орыс журналистикасының атасы А.Крылов: «Ұйықтап жатырмысың қарашекпен (орыс шаруасы), Жарық жаз қайта келді былтыр өткен. Баққаның күндіз-түні тек бір ұйқы, Адамсың талабың жоқ мұнша неткен?!» – деген екен. Былтыр өткен ұлықтау рәсімінде Президент Қ.Тоқаев: «Ауыл – қазақтың алтын бесігі» деп, ауылға көңіл бөлу һәм көркейту туралы баршамызға селк еткізер, сергектік сезім оятар ізгі ниет-тілек айтты. Елімізде 8 мыңның үстінде ауыл бар еді, қазір 2000-ға қысқарып, 6000-ның үстінде. Жастар, яғни біздер ауылға оралсақ, нұр үстіне нұр болар еді! «Кең дала малды асыраған, мал қазақты асыраған» демекші, мал өсіру, егін егу, қызықты ғұмыр кешудің бастау көзі – ауылда. Қалаға үдере көшкен қазақтардың туған топырағында ғұмыр кешуге Алла нәсіп етсін! Шығыстың ұлы шайыры Омар хайям Нишапури: «Данагөй деді-ау деймін қалғымасын, Ұйқыға бекер бойды алдырмасын. Қанша түс көрсең де бақ қонбайды, Ұйқыны өлген соң да қандырасың», – деген. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық». Сондықтан да ісінің игілігін көргендерді ғана табысқа жетті деу керек. Ұзақ өмір мұрат емес, мәңгі өмір сүру – мұрат. Жер бетіндегі адамның уақыты шектеулі. Мұны мойындау оңай емес, десе де бұл – шындық. Осыны дұрыс түсінген жан өмірді, уақытты қадірлей біледі. Сондықтан өмірдегі бір сәтіңді де зая кетірме. Өміріңнің мәні бар, мақсаты бар. Толық әлеуетіңді ашу үшін қолға түсер мүмкіндіктің бәрін пайдалан. Сенде де, өзгелерде де 86 400 сәт бар екенін естен шығарма. «Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі не жақсы, не жаманыңды білмейді» деп ұлы Абай айтқандай, өмір деген аққан дария сияқты, бір орнында тұрмақ емес. Cондықтан да тағы да сол ұлы хакім бабамыздың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген сөздерін өмірлік кредомыз ретінде ұстансақ игі. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сақинасында «Бәрі өткінші, бұл өмір де өтеді» деген қанатты сөз жазылған. Жазушы Зейнолла Қабдолов: «Жан біткен жер үстінде жалғыз дүркін тіршілік етпек, ал осынау бір-ақ рет берілер өмірде адам бола білуден асқан бақыт бар ма?!» – деп жазды. «Денсаулығың, хал-ахуалың бар кезде Тәңірді танып, қиыншылыққа тап болған кезде оған жалбарынып жүр, ол да сені таниды» деген хадис бар. «Денсаулық – зор байлық» деген де осыған сай айтылса керек. «Кім көп еңбек етсе, сол адам – бақытты» деген. Өмірге неміс болып келіп, қазақ болып дүниеден өткен Гера (Герольд Бельгер) атамыз: «Орыс арбаға атын ұзақ жегеді, есесіне жүрісі тез. Қазақ құйғытып-құйындатып тұрып шабады, бірақ шапқан орнында қалады. Неміс жыбырлап ұлу құртша жылжиды – межелі жерге жетпей тынбайды», – деп жазды. Жігіттің жақсысы – дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны да сөзге тоқтата білген. Уақыттың әр минуты – тағдыр. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді». Еңбек адамды есейтеді, еңбекпен есеюді жазсын бізге. Алла сізге берген теңдессіз сый – уақытыңды толыққанды дұрыс жолға жұмса. Ата-баба жүрген тура жолмен жүруді бізге нәсіп етсін. Нәйкен ҚАЙЫПБЕКОВА, Айсұлу МОЛДАҚҰЛОВА, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылары