Жаңалықтар

ОБЛЫСТА ОРТА БИЗНЕСТІҢ ҮЛЕСІ ҰЛҒАЙДЫ

ОБЛЫСТА ОРТА БИЗНЕСТІҢ ҮЛЕСІ ҰЛҒАЙДЫ

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдағы құрылымдық экономикалық реформалардың негізгі контурларын айқындады. Мұнда басты міндеттердің бірі – отандық кәсіпкерлерді қолдау. Бұл ретте экономикалық реформалардың негізгі драйверлерінің бірі – орта бизнес. Осыған байланысты жалпы ішкі өнімдегі орта бизнестің үлесін 2025 жылға қарай 15 пайызға дейін арттыру жөніндегі міндет көзделген. Қазіргі таңда облысымыздың шағын және орта кәсіпкерлігінің дамуы бойынша келесі тенденция қалыптасқан. Шағын кәсіпкерлік субъектілері саны мемлекеттік қолдаудың арқасында және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексерулеріне мораторий қоюына байланысты 2018 жылдан бастап 1,5 есе көбейіп, әлі де тұрақты түрде өсуде. Шағын және орта кәсіпкерліктің мәселелерін шешу мақсатында «Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы сараптамалық кеңес» және Әлеуметтік кәсіпкерлік тізілімін құрумен айналысатын арнайы комиссия жұмыс атқарады. Орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет бөлінісіндегі жұмыспен қамтылғандар санының 37 пайызы өнеркәсіп саласына, 15 пайызы құрылыс саласына, 5,1 пайызы білім беруге, 8,9 пайызы денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуге тиесілі. 2023 жылдың 2-тоқсанына орта кәсіпкерлік үлесі 5,2 пайызды құрап, жалпы қосылған құн көлемі 66,7 миллиард теңгені құрады. 2022 жылы орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі – 4,3 пайызды, қосылған құн көлемі 118,4 миллиард теңгені құрады. Орта кәсіпкерліктің санының өспеу себебі – кәсіпкерлердің салық төлеу кезіндегі шағын бизнеске арналған преференцияларды қолдану мақсатында орта бизнес субъектісіне өтпей бірнеше шағын бизнеске ыдырау үрдісі. Облыс әкімдігі тарапынан орта кәсіпкерлермен тығыз жұмыстар жасалып, кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Жамбылгипс» АҚ-ның қосымша газ беру мәселесі, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ның вагондарды уақытылы беру, алып кету мәселесі шешілді. 2011-2023 жылдар аралығында «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде өндірістік инфрақұрылым жүргізу тетігі арқылы 4 384,4 миллион теңгеге 10 орта кәсіпкерге жетіспейтін инфрақұрылым жүргізілді. Сонымен қатар мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде облысымыздың 7 орта кәсіпкерлік субъектісінің жобасы іске асырылды. Орта кәсіпкерлікті дамыту жұмысы тұрақты бақылауда және жалғасуда. «AR-AI»-ақпарат