Жаңалықтар

Орманға қорған болу оңай емес

Орманға қорған болу оңай емес

Халқымыз ежелден-ақ табиғатпен етене араласып, туған жердің аң-құсын кие, тау-тасын қадір тұтқан. Тал-дарақты орынсыз отауға, түз тағысын бейберекет аулауға жол бермеген, тұнық суды лайламаған. Қайта көктем шыға «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағида негізінде бекітіліп қалған су көздерін аршып, жылғаларға жан бітірген. Ондағы басты мақсат – қоршаған ортаның көкмайсаға орануына себепші болумен қатар, тұмса табиғаттың байлығы саналатын аң-құсты ағын судан тарықтырмау. Осы шаруаларды ата-бабамызға сырттан келіп ешкім үйретпей-ақ, өздері біліп істеген. Аңшылық кәсіпке келгенде бүгінгінің желөкпелеріндей қызық қумай, аң-құстың ішінде азық үшін қажеттісін ғана аулап отырған. Ал бүгінде аң аулау, құс ату, орманды отау деген базбіреулер үшін бас пайдаға жарап тұрған бизнес тәрізді. Браконьерлікке тосқауыл болмаса аң-құс сиреп, түрлі тал-дарақ азайып, тепе-теңдіктің жойылуы экологиялық ахуалға ұласатыны белгілі. Сол себепті мемлекет табиғат байлығын қорғауды орманшы-қорықшыларға жүктеген. Олар өздеріне бекітіліп берілген аумақтағы жағдайды күнделікті қадағалап отырады. Өрт немесе ниеті бұзық адамдардың табиғатқа заңсыз қол сұғуы секілді сан түрлі жағдайлар туындағанда, ең алдымен, солар әрекет етеді. Облыста 4 миллион 427 мың гектар орман қоры бар болса, ол жерді барлығы 313 адам күзетеді. Оның 260-ы орманшы-қорықшы болса, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 38 қорықшы-егерлер (инспекторлар) жауапты. Одан бөлек мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметінде 15 инспектор бар. Осының ішінде біз сөз еткелі отырған мәселе 260 орманшы-қорықшыға қатысты. Бұған дейін орманшы-қорықшылар атқаратын еңбегіне татымайтын айлықақы алатыны қоғамда оқта-текте болса да мәселе ретінде көтеріліп, оның шешімі биыл жаз айында тапқан еді. Дегенмен орманшы-қорықшылардың өз жұмысын сапалы атқаруына мүмкіндік бермейтін түйткілді мәселелер әлі де бар көрінеді. Соның бірі – орманшы-қорықшылар үйінің жетіспеуі және жалпы орманшаруашылығы мекемелерінде ескі-құсқы техникалардың әлі де қолданыста болуы. Бұл жөнінде халық қалаулысы Серік Қойбақов облыстық мәслихаттың кезекті бір сессиясында мәселе көтерген болатын. – Орман орналастыру материалдарына сәйкес облыстың орман қоры аумағында 79 қызметтік үй (кордон) болуы тиіс. Қазіргі таңда 40 қызметтік үй болса, барлығының тозығы жеткен, күрделі жөндеуді талап етеді. Қосымша 39 жаңа қызметтік үй қажет. Орман қоры аумағында қызметтік үйлердің болмауына байланысты орман ресурстарын күзету мен қорғау жұмыстары да тиісті деңгейде жүргізілмеуде, әрі негізгі жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындау мүмкін болмай отыр. Осыған орай жыл сайын жүйелі түрде орман қорының аумағында ең қажетті жерлерде кемі 5 қызметтік үй салуға қаражат бөлу мәселесін қарастыру керек. Сонымен қатар басқармаға бағынысты орманшаруашылығы мекемелеріндегі қолданыстағы техникалар мен агрегаттардың 25 пайызының тозығы жетуіне байланысты есептен шығару қажеттілігі туындап отыр, – дейді Серік Мамыртайұлы. Далалық жерде орманшының үйі болмаса, расында, шілденің аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығында өздеріне бекітіліп берілген аумақты күнұзаққа аралалайтын орманшы-қорықшылар қай жерге барып бас сауғалайды? Ауылдан шығып, аулақта жатқан аумақтағы жағдайды «көзбен көріп келемін» дегенінше қандай жағдай орын алатыны бір Құдайға ғана аян. Біздің пайымымызша, малшының қысы-жазы иелігіндегі төрт түлігінің ортасында болғанындай орманшылар да өздеріне бекітіліп берген аумақтың қақ ортасында отыруы керек. Сонда ол табиғатты заңсыз пайдаланушыларға сес болады және барлық жағдай көз алдында тұрады. Орман қорғаушылардың жұмысы жеңіл емес, кез келген уақытта қауіп-қатермен бетпе бет келуі мүмкін. Қандай да бір жағдайға байланысты дабыл қаққанда оларға көмекке келетін техникаларда да мін болмауы керек. Жалпы облыста ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау, күзету, ормандарды өсіру және молайту – облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының құзырына жататын шаруа. Осыған орай біз аталған басқарманың орманшаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыповты сөзге тарттық. Оның айтуынша, басқармаға бағынысты орманшаруашылығы мекемелеріндегі техникаларға қатысты түйткілді мәселе жоқ. Жыл сайын тиісті қаржы бөліну арқылы трактор, автокөлік, жылжымалы вагон, байланыс құралы секілді керек-жарақты сатып алу арқылы материалдық-техникалық база бүгінде 78 пайызға жасақталыпты. Қандай да бір техника істен шықса, оны жөндеуге арнайы қаржы бөлінеді екен. Ә.Жақыповтың пайымынша, көктемгі су тасқыны немесе далалық өрт кезінде тиісті аудан әкімдерінің орманшаруашылығы мекемелерінен көмек сұрауы осы саладағы техникалардың сенімділігін айғақтайды. – «Қызметтік үйдің жетіспеушілігінен орманшы-қорықшылардың жұмысы жүрмей жатыр» деуге болмайды. Мәселен, осы жылдың 11 айында мемлекеттік орман қоры мен аңшылық алқаптарда, балықшаруашылығы резервтік қорында 1 487 рейд жүргізіліп, орман заңдылықтарын, аң аулау, балық ұстау және балық қорларын сақтау ережелерін бұзу фактілері бойынша 350 хаттама толтырылды. Нәтижесінде 5,5 миллион теңге айыппұл салынып, 5,1 миллион теңге өндірілді. Аңшылық шаруашылығына келер болсақ, қазіргі уақытта 50 аңшылық алқаптың 38-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Осы жылдың 15 ақпанынан келер жылдың 15 ақпанына дейін жануарлар дүниесін пайдалануға, яғни жабайы аң-құстың 18 түріне аңшылық жасауға, 54 165 дарақ аулауға, оның ішінде 4 813 аңға, 49 352 құсқа квота бөлінді. Сала қызметкерлерінің жемісті жұмысының нәтижесінде табиғат пайдаланушылардан жергілікті бюджетке 846,7 мың теңге түсім түсті. Сондықтан «орманшы-қорықшылардың жұмысы жүрмей жатыр» деуге еш негіз жоқ, – деді Әділ Қожабекұлы. Оның айтуынша, орманшы-қорықшыларға арналған облыста 39 қызметтік үй бар. Ал жетіспейтін қызметтік үй саны 45-ке жуықтайды екен. Рас болса, қандай да бір ауылдық елді мекеннен шалғайда жатқан орман қорына жататын жерлерде қызметтік үй бар, жетіспейтін қызметтік үйлер тек ауылдық елді мекендерге жақын орналасқан орман қорлары жеріне қажет көрінеді. – Орманшы-қорықшыларға күзететін аумақ белгілі бір норма бойынша бекітіліп беріледі. Мысалы, жазықты аймақтардың көлемі ауқымды болса, таулы аймақтарда бір орманшыға бекітіліп берілетін жер көлемі жазықты аймақтан аздау болады. Жазықты аймақтарда орманшы-қорықшы күзететін аумақ 40 мың гектарға дейін барса, таулы аймақтарда 5 мың гектарға дейін барады. Орманшы-қорықшылар арнайы қару-жарақпен, техникамен қамтамасыз етілген. Оның біріне автокөлік немесе мотоцикл берілсе, техниканың жүруіне қолайсыз таулы, шатқалды аймақтағы орманшыға мініс аты ұсынылады. Техникаға қажетті жанар-жағармай бөлінсе, мініс атының да жемшөбі бюджет есебінен қарастырылған. Себебі орманшы-қорықшылар біреуге тәуелді болмай, өз көлігімен жүруі керек. Орманшы қорықшылар өрт шыққанын байқаса рация арқылы өрттің қай нүктеде пайда болғанын айтып, негізгі күшті көмекке шақырады. Сондықтан далалық жердегі өртті сөндіруде артында соқасы бар тракторлар үлкен іс атқарады, бұл жағынан бізде ешқандай мәселе жоқ. Орман ағаштары немесе басқа да тал-дарақтарға зиянкес жәндіктердің залалы тиіп жатқанын байқаған жағдайда басшылыққа дереу хабар береді. Осыдан кейін ол аумақ зарарсыздандырылады. Заңсыз ағаш кескен, заңсыз аң-құс, балық аулағандарды қолға түсірсе өзі хаттама толтырып, айыппұл салатындай орманшы-қорықшыларға құзырет берілген. Қазір заңсыз ағаш кесу дерегі орын алып жатқан жоқ. Себебі мұндай жағдайда ұсталған адамға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Орманшы-қорықшылардың қырағылығы және салынатын айыппұл көлемінің ауқымдылығы арқасында заңсыз ағаш кесу тыйылды. Шілдеге дейін орманшы-қорықшылар 90 мың теңге еңбекақы алып келген болса, қазір олар 150-160 мың теңге айлықақы алады. Жалпы орманшы-қорықшылардың мәселесі біртіндеп шешімін тауып жатыр. Әлдебіреулерді «Қызметтік үйі жоқ орманшы-қорықшылар қайда тұрып жатыр?» деген сұрақ толғандыруы мүмкін. Мысалы, белгілі бір елді мекеннен шалғайда жатқан орман қоры жерінде қызметтік үйлер бар. Ол үйлердің көбісі екі жанұялық. Ондай жерде екі орманшы-қорықшы бір-біріне көрші болып тұрады. Сол секілді далалық жерде бір отбасына арналған үйлер де бар. Ол жерде біреуі жанұясымен күнелтіп жатса, кейбірі өзі ғана тұрады. Ауылдық жерге жақын орман қорына жауапты адам қызметтік үйі болмағандықтан бекітіліп берілген аумаққа ауылдағы үйінен қатынап жұмыс істейді. Анығын айтқанда, аумақты күні-түні аралап жүріп күзетеді. Дегенмен жетіспейтін қызметтік үй мәселесін шешуде жылына бір-екі орманшы үйі салынса деген тілек бізде де бар, – деді Ә.Жақыпов. Орманшы-қорықшылардың жерді өрттен сақтау, алқаптарға жаңа ағаштар отырғызу, ағаштарды зиянды жәндіктен қорғау, қай жерді қандай аң мекендейтінін білу, оны кімдердің заңсыз аулауы мүмкін екенін пайымдау, өз бетінше демалғысы келген дөкейлердің жолын кесу секілді шаруаларды атқарудағы еңбегі зор. Сондықтан орманшы-қорықшыларға лайықты жағдай жасалғаны қай жағынан алып қарасақ та дұрыс.