Әлеумет

МЕДИА МАЙТАЛМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

МЕДИА МАЙТАЛМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Салтанатты қабылдауға журналистика ардагерлері, жергілікті масс-медиа басшылары, республикалық, облыстық, аудандық газеттер мен телеарналар журналистері шақырылды.

Жиында өңір басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асырудағы рөлі маңызды екендігін атап өтіп, журналистер халық пен билік арасындағы байланыстырушы буын екенін еске салды. – Қазақстандық журналистиканың қара нары, жазушы Шерхан Мұртазаның «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деген керемет сөзі бар. Жазушы айтқандай, журналистердің алдына үлкен міндеттер қойылып, оларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. БАҚ өкілдерінсіз қоғамның өмірі мен дамуын елестету қиын. Журналистер адамдарды толғандыратын мәселелер туралы қалам сілтеп, оларды шешуге тікелей қатысады. Жергілікті атқарушы билік сіздердің ұсыныстарыңыз бен бастамаларыңызға әрдайым ашық, тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын, – деді Нұржан Нұржігітов. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде адамдар жедел және сенімді ақпаратқа мұқтаж, өйткені әлеуметтік желілерде жеке тұлғалар кейбір фактілерді бұрмалайды. Өңір басшысы төртінші билік өкілдерінің Жаңа Қазақстанды құруда, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ ол белгілі қазақстандық публицист, жазушы және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына, жазушы-публицист, журналист Арғынбай Бекбосынның 85 жылдығына, облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдығына арналған жоспарланған іс-шаралар туралы айтты. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, драматург Елен Әлімжан, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл сөз сөйлеп, құттықтауларын жеткізді. Бұл күні бірқатар БАҚ қызметкерлеріне түрлі марапаттар табыс етілді. «Aq jol» газетінің аға тілшісі Амангелді Әбіл «Қазақстанның Құрметті журналисі» белгісімен, «Aulieata – Media» ЖШС Бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ жергілікті және республикалық БАҚ журналистері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің, облыс әкімінің, облыстың Құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. *** Дәл осы күні республикалық және өңірлік басылымдардың, теледидардың қызметкерлері мен блогерлер Тараз қаласының әкімдігінде құрметке ие болды. Қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға зор денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі. Марапатталғандардың арасында «Знамя труда» облыстық газетінің дизайнер-беттеушісі Елена Дунаевская, «Aq jol» облыстық газетінің аға тілшісі Марат Құлыбаев, облыстық «AR-AI» жастар газетінің жауапты хатшысы Шолпан Бөгенбаева, «77 TV» телеарнасының бас редакторы Перизат Созақбаева және басқалары бар. Сондай-ақ қонақтарды қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдазимов, қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мұрат Бердалиев құттықтады. Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ