Ауа райының кез келген жағдайына дайын болуға тиіспіз
Ауа райының кез келген жағдайына дайын болуға тиіспіз
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңес барысында орын алған төтенше жағдайдың салдарын жою, қалпына келтіру және алдағы уақытта ауа райының кез келген жағдайына дайын болу мәселелері талқыланды. Басқосуда аймақ басшысы алдымен Қордай, Шу аудандарындағы жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде бірлескен әрі жедел шаралардың арқасында қар құрсауында қалған тұрғындар толығымен құтқарылғанын, адам шығынына жол берілмегенін атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі әлеуметтік желіде тарап жатқан адам шығынына қатысты ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін баса айтып, халықты тек шынайы ақпаратқа сенуге шақырды. Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Азат Әбдіразақов, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов, ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев, «Казсушар» РМК облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыров, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов, «Қазавтожол» АҚ облыс бойынша филиалының директоры Айжан Туғанованың атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептері тыңдалды. Айта кету керек, қазіргі таңда қарды тазалау, қалпына келтіру шаралары қызу атқарылуда. Ауа райының қолайсыздығынан жарықсыз қалған барлық елді мекендерде электр желілері толығымен іске қосылды. Пойыз қатынастары қалпына келтірілген. Бүгінде тіршілікті қамтамасыз ететін барлық коммуналдық мекемелер мен нысандар штаттық режимде жұмыс істеуде. Ербол Қарашөкеев жауаптыларға төтенше жағдайлардың алдын алу, ауа райының кез келген төтенше жағдайға дайын болу керектігін айтты. Сондай-ақ су айдындарындағы ахуалды назарда ұстап, зерделеп, талдау, автожолдарды бақылауда ұстау, тасжолдардағы су өткізгіштердің тазалығын қамтамасыз ету, трансшекаралық өзендерді назарға алу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар тиісті тұлғаларға төтенше жағдай кезінде орын алған мал шығындарын анықтау, шалғайдағы шаруаларға жемшөп бойынша қажетті көмектерді ұйымдастыру, «Қазгидрометтің» ауа райы болжамын дер кезінде ұсыну, тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі