Жаңалықтар

Жарыстар күнделігі

Жарыстар күнделігі

КУБОК САРАПҚА САЛЫНДЫ Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде олимпиадалық жекпе-жек спорт түрлерінен «Жамбыл облысы әкімінің кубогы» командалық жарысы өтті. Облыс деңгейінде олимпиадалық жекпе-жек спорт түрлерінен жеңімпаздарды анықтау, Тараз қаласы мен аудан құрама командасын қалыптастыру мақсатында 5 спорт түрінен (бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес және таэквандо WT) өткен жарысқа Тараз қаласының және 10 ауданның командалары қатысты. Тартысқа толы болған турнирдің қорытындысы бойынша командалық бокс, грек-рим, дзюдо, таэквандо WT бәсекелерінде Тараз қаласының командасы ешкімге дес бермей, алтыннан алқа тағынды. Ал еркін күресте Меркі ауданының кіл мықтыдан құралған командасының алдына ешкім түсе алмады. Сондай-ақ бокстан ІІ және ІІІ орындарды Байзақ, Жуалы аудандарының командалары өзара бөлісті. Грек-рим күресінен ІІ орынға Тараз қаласының, ІІІ орынға Жамбыл ауданының командасы табан тіреді. Дзюдо бәсекесінде де Тараз қаласының командасы ІІ орынды еншіледі. Үздік үштікті Талас ауданының командасы түйіндеді. Еркін күрестен ІІ орын Тараз қаласының, ІІІ орын Жуалы ауданының командасына бұйырды. Таэквандо WT жарысында ІІ орынды Байзақ ауданының, ІІІ орынды Тараз қаласының командасы жеңіп алды. Әр спорт түрі бойынша жарыстың жеңімпаз мен жүлдегер командалары арнайы диплом, медаль, кубок және қаржылай сыйлықпен (І орын – 500 000 теңге, ІІ орын – 300 000 теңге, ІІІ орын – 200 000 теңге) марапатталды. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз- Арена» спорт кешенінде Олимпиада және әлем чемпионы, КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсекеге Қазақстан Республикасының құрама командалары мен Қырғыз, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің спортшылары қатысты. 2006-2008 жылғы жасөспірімдер 41-45 келі, 48, 51, 55, 60, 65, 71, 80, 92 және 110 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жалпы қатысушылар саны – 430. Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар жарыстың ашылу салтанатына Жақсылық Үшкемпіровтің қарындасы Шырынкүл Үшкемпірқызы, облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тәуірбек Әбітайұлы Қарауылтегі, Жамбыл облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев қатысты. Жүлделі орынға ие болған жеңімпаздар арнайы медаль, диплом және қаржылай сыйлықпен (І орын – 300 000 теңге, ІІ орын – 200 000 теңге, ІІІ орын – 100 000 теңге) марапатталды. Сонымен қатар І орын алған жеңімпаздардың бапкерлеріне 100 000 теңге ақшалай сыйлық табысталды. ТАРТЫСТЫ ӨТКЕН ЧЕМПИОНАТ Жуырда Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Тараз қаласы әкімінің кубогы» атты студенттер арасында ұйымдастырылған қалалық чемпионаттың марапаттау рәсімі өтті. Бір айдан астам уақытқа созылған чемпионатқа 30-ға жуық команда, 250-ге жуық студент қатысты. Баскетбол, футбол және волейбол ойындарын қамтыған чемпионаттың жалпы жүлде қоры 750 000 теңгені құрады. Ойын нәтижелері бойынша үздіктер арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтар болсақ, волейболдан жүлделі I орынды М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» факультеті иеленді. II орын аталған оқу орнының «Технологиялық» факультетінің командасына бұйырса, III орынды Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттері қанағат тұтты. «Үздік ойыншы» номинациясы Әсем Ардаққызына бұйырды. Сондай-ақ футболдан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің командасына тең келетін қарсылас табылмады. II және III орынды «Парасат» колледжі мен Жамбыл жоғары медициналық колледжінің командасы өзара бөлісті. «Үздік ойыншы» номинациясына Азизжон Бердалиев лайық деп танылды. Баскетбол бәсекесінде де М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің командасы оза шашты. II орынға кіл мықты жастардан жасақталған Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің командасы жайғасса, III орынды «Парасат» колледжінің студенттері еншіледі. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Виктор Пешковқа «Үздік ойыншы» номинациясы табыс етілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов марапаттады. Т.Берікбайұлы