Жаңалықтар

ҚОЛ ҚОЯ БІЛУ ДЕ ӨНЕР

ҚОЛ ҚОЯ БІЛУ ДЕ ӨНЕР

Жақында елімізге танымал актер Қайрат Әділгерейдің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялаған видеосына көзім түсті. Онда актер кейінгі жастардың қол қоя алмайтынын айтып, таңданысын білдіріп жатты. «Сіздерге бір қызық айтайын. Ұлым 16-ға толып, жеке куәлік алуға келдік. Суретке түсіп, енді қол қою керек болды. Қарасам, ұлым қол қоюдың орнына аты-жөнін жазып тұр. Таңданып құжат ресімдейтін қыздан «Менің ұлым қол қоя алмай жатыр ма?» деп сұрадым. Сөйтсем, маман: «Аға, уайымдамаңыз. Қазір 16-ға толғандардың біразы қол қоя алмайды. Осылай аты-жөндерін жаза салады. Бұрын біздің заманда анкета толтыратын едік, сол жерге қол қоятынбыз. Анкета толтырғанымыздың пайдасы ғой», деп күлімсіреп тұр», дейді Қайрат Әділгерей. Видеоға мән берсек, халыққа қызмет көрсету орталығындағы маманның мұндай жағдайға еті үйреніп кеткен. Алайда өзіме «бүгінгінің балалары қол қоя алмайды» деген сөз төбемнен жай түскендей әсер етті. Себебі адамның өмірінде жеке қолтаңбасының маңызы айрықша. Кез келген құжатты толтырғанда, маңызды келіссөздерді жүргізу барысында адамның қолтаңбасы үлкен рөл атқарады. Тіпті адамның қолтаңбасынсыз ресми құжаттардың өзі заңсыз болып есептеледі. Әдетте қол қою барысында адамдар құжаттардың маңыздылығына мән бере отырып қойса да өздері жайлы ақпарат беріп отырғанын білмейді. Құжатқа қол қоя отырып, тұлға белгіленген нысандағы қолтаңбасымен куәландырады. Яғни қол қою – заңдық күші бар процесс. Ал Қайрат Әділгерейдің сөзіне қарасақ, кейінгі жастар қол қоюдың жауапкершілігін сезінбейді. Басқаша айтқанда, өзіндік қолтаңбасы қалыптаспаған ұрпақ өсіп келеді. Өкініштісі сол, интернетті, ұялы телефонды сыпыра сауатсыздық пен жаппай жауапсыздық жайлап барады. Қол қоюға икемі жоқ бүгінгі жастардың, жоғары білімді адамдардың, қолында дипломы бар мамандардың, ең беделді университеттерде білім алып жатқан студенттердің әлеуметтік желілерде бір-біріне жазған амандық-саулығын оқығанда төбе шашың тік тұрады. Мысалды алыстан іздемей-ақ, мектепте оқитын ұлыңыздың, студент қызыңыздың «WhatsАpp» желісіне көз қиығыңызды тастасаңыз да жеткілікті. Мұндай «диалогтарда» бас әріп, үтір, нүкте болмайды. Мәселен, Слм (сәлем), прива. кк дел (Привет! Как дела?), ЖЖ-мен (Жаңа жылыңмен!), спс (Спасибо!), нестеватсын (не істеп жатырсың), келшиш (келсеңші), койшиш (қойшы) сияқты «жаңа» тіркестерден көз сүрінеді. Дегенмен бұл қазір көптеген мемлекеттерде бар мәселе екен. Осы тұста қалалық жастар арасында сауалнама жүргізіп көрдік. – Жалпы мен қол қоюға мән бермеппін. Жасым толмағандықтан әлі ешқандай құжатқа қол қойып көрмеппін, – дейді Айдана Серікова. Ал Фариза Байтұрсын есімді тұрғын: – Менің жасым 26-дан асты. Қол қоя алмаймын. Кейбір кісілер қолдың өзін әдемілеп, ұзақ етіп қойып жатады ғой. Ал мен есімім мен тегімді қосқансып шимақтап беремін. Қазір бірақ қол қоюды үйрететін неше түрлі кеңестер бар ғой, соған қарап дұрыс қол қоюды үйреніп алуға болады, – деген ойымен бөлісті. Мақсат Әмірхан есімді замандасымыз болса: – Мен көпбалалы отбасында өскенмін. Үйде бауырларыммен отырғанда әке-шешеміз қол қойғызып ойнататын. Содан болар, қол қоюды ерте үйрендік. Оның не үшін керек екенін білмеппіз де. Бірақ бастысы қол қоюды білеміз. Бірақ достарым, бірге оқитын қатарластарым «қол қоя алмаймыз, оның не маңызы бар?» дегендей сыңай танытып жататыны жасырын емес, – дейді. Бұдан да басқа біраз жастан осыған ұқсас жауап алдық. Қол қою дегеніміз – әркімнің өзіне лайықты қолтаңбасы. Оған мән бермеуге болмайды. Сондықтан әрбір ата-ана бұл мәселеге де көңіл бөлсе деген тілек бар.