Америкада кәсіп ашқан Нұрбосын
Америкада кәсіп ашқан Нұрбосын
Қазақстанның атын әлемге танытып, ғаламның қай бұрышында жүрсе де ісін өрге домалатып жүрген отандастарымыз аз емес. Өзіңнің ғана емес, бүкіл елдің абыройын көтеру – үлкен жауапкершілік. Мәселен, талайға арман болған АҚШ-та кәсібін бастап, жеке брендін қалыптастырып жүрген отандасымыздың бірі – Нұрбосын Сыбанбаев. Ол қазіргі Жетісу облысының Ақсу ауданындағы Жансүгіров ауылында туған. Оның әкесі де өзге ауылдастары секілді Қант зауытында жұмыс істеп, кейіннен жеке шаруашылығын құрған. Анасы аудандық ауруханада медбике болып қызмет атқарған. Нұрбосынның өзінен кіші екі бауыры бар екен. Сол заманның мыңдаған баласы секілді Нұрбосын да ғарышкер болуды армандапты. Ал ғылыми-фантастикалық әдебиетке деген қызығушылығы оның арманына қанат бітіргендей болатын. Мектепте де Нұрбосын сабақты жақсы оқыды. Әсіресе нақты ғылымдар мен тарих сабағын сүйіп оқитын. Бос уақытында футбол ойнағанды ұнататын, тіпті аудандық команда сапында өнер көрсеткен кезі де болған. Математика ғылымдарына деген қызығушылығы мамандық таңдау кезінде үлкен рөл атқарды. Нұрбосын Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетіне оқуға түспек болады. Экономика бакалавры дәрежесін алған соң Нұрбосын оқуды жалғастырмақ болып магистратураға түседі. Оның екінші мамандығы – заңгер. Айта кететін бір жайт, ол бакалавриатта грант арқылы оқыса, магистратураға жұмыс істей бастаған шағында түсіп, ондағы оқу ақысын өзі төлеген. Кейіпкеріміз адвокаттық лицензияға бірден қол жеткізгенін айтады. Нәтижесінде ол Алматыда сұранысқа ие адвокатқа айналған. Одан бөлек Нұрбосын бизнеспен айналысуға ынталы еді және бұл салада да ол біраз жетістікке қол жеткізген. Кейіпкеріміз 2002 жылы Айгүл Құлымбетовамен шаңырақ көтереді. Жанұялы болған отағасы сол кезден бастап отбасылық кәсібін бастауды мықтап қолға алады. Бұл ретте оған келіншегі Айгүл өмірлік серік қана емес, бизнестегі сенімді серіктесі бола білді. Жас жұбайлар алғашында баспана бизнесін қолға алады. Сондай-ақ мейрамханалар ашып, халықаралық коммерциялық тасымалдарды жүзеге асыру мақсатында логистикамен айналысады. Әрине, бұл жұптың бірнеше ай бойы табыс әкелмеген кәсіптері болды. Десе де еңбекқор жандар сәтсіздік үшін қолды бір сілтемей, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге күш салды. Нұрбосын мен оның отбасы үшін 2018 маңызды жыл болды. Дәл осы жылы ерлі-зайыптылар алғаш рет АҚШ-қа барған еді. Онда көргені Нұрбосын мен Айгүлді таңғалдырғаны сонша, келесі жылы осы елге көшуді ұйғарады. Нақты шешімге келген Нұрбосын АҚШ-та өзінің бизнес-жоспарын толық жүзеге асыра алатынына сенімді болды. Флорида штатындағы Орландо қаласына қоныстанған қазақ жігіті жүк тасымалы саласындағы бизнесін іске асыруға білек сыбана кірісіп кетеді. Көп ұзамай мұндағы мүмкіндіктер мен Нұрбосынның көздеген мақсатына жетпей қоймайтын қасиеті өз жемісін берді. Бірнеше жылдың ішінде бизнес өркендей бастады. Жасыратыны жоқ, кәсіпкер боламын деген әрбір азамат шетелді аралайтыны белгілі. Сол секілді Нұрбосын мен Айгүл де мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та жұмыс істеген жылдары мол тәжірибе жинайды. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер шетелде 300-ден астам жүк түрін тасымалдап, брокерлермен және клиенттермен серіктестік байланыс орнатады. Тіпті осы жылдары отағасы өзіне тиесілі көлігімен 500 мың мильден астам жол жүріп, түрлі қиындықтарды еңсереді. Кәсіп бастаудан емес, бос өмір сүруден қорқу керек дегенді жөн көретін Нұрбосынның ендігі мақсаты – өзіне тиесілі логистикалық компанияларының санын көбейту. – Жалпы жеке кәсіп бастағанда батылдық, қайсарлық және адалдық қажет. Оған қоса қайырымдылық жасауды да естен шығармаған дұрыс. Сонда бәрі өз ретімен болады және кәсібіңіз де жемісін береді. Өзгелерге неғұрлым көп көмектессең, соғұрлым оның жақсылығы екі-үш есе болып қайтатыны анық. Әрине, алғашқы табысым мен соңғы табысымның айырмашылығы жер мен көктей. Бастысы, адал табыс. Шүкір деймін, осыған дейін бастаған кәсіптерімнің ешқайсысы жаман болған жоқ. Болашақта бірнеше тасымалдау компанияларын ашуды миссиям деп қабылдаймын. Қазіргі күні алдыма қойған мақсатым да осы, – дейді Нұрбосын Сыбанбаев. Алайда Нұрбосын мұнымен тоқтамақ емес. Қазіргі таңда ол өз ісін кеңейту бағытында жаңа мүмкіндіктер қарастырып жатыр. Осы мақсатта Флорида мен өзге де штаттарда бірнеше орталық ашуды көздеп отыр. Нақтырақ айтсақ, Батыс Вирджиния, Миссисипи және Мэнеден компаниясының жаңа нүктелерін ашу бизнесін дамытуға септігін тигізеріне сенімі мол. 47 жастағы Нұрбосын Сыбанбаевтың жүріп өткен жолы биік мақсатқа тек қажырлы еңбек, сабырлылық пен нәтижеге ұмтылудың арқасында қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Өміріңді жақсартудың ерте-кеші жоқ. Десе де табысты бизнесті жолға қою да әркімге бұйыра бермейтіні анық. Нұрбосын – бизнесмен ғана емес, сондай-ақ төрт баланың әкесі. Оның үлкен ұлы бүгінде колледж бітірсе, қалғандары мектепте оқиды. Төрт баланың әкесі бос уақытын толықтай отбасына арнауға тырысады. Орландо қаласында көңіл көтеруге арналған саябақтар өте көп, сондықтан бос уақытты ұйымдастыру мұнда проблема емес. Нұрбосын мен оның отбасы АҚШ-тан көп дос тапты. Флорида – әлемнің төрт бұрышының халқы жиналған мекен. Нұрбосынның айтуынша, оған уақытын этномәдени ортада өткізген ұнайды. Әлбетте, Сыбанбаевтар отбасы туған жерімен байланысын үзбейді. Заманауи мүмкіндіктердің арқасында олар Қазақстанда қалған туыстарымен және достарымен үнемі хабарласып, хал-жайын біліп тұрады. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru