Жаңалықтар

Мерекелердің төресі

Мерекелердің төресі

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Биыл еліміздің тәуелсіздіктің бесігінде тербелгеніне 32 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына бөлек зайырлы мемлекетке айналды. Мәдениет және өнер саласында да бірталай жетістікке қол жеткіздік. Бірнеше мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Қаражат та қомақты бөлінді. Театр сахнасы арқылы көрерменіне жол тартар әр қойылым белгілі бір деңгейде қоғам келбетін ашып көрсетіп, замана тынысын сездіреді. Өнер де дамып, бірнеше белестерді бағындырдық. Жаңа театрлар ашылып, мәдениет саласындағы өрісіміз кеңейді. Жастарымыз да үлкендерден үлгі алып, түрлі бағыттарды игеріп, кино саласында да еркіндікке қол жеткізді. Осы орайда «AR-AI» газетінің жанашырлары мен оқырмандарын Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өркениет көшіне ілескен халқымызға гүлдену мен көркею тілеймін. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!