Жаңалықтар

БҮГІНГІ ҰРПАҚ БАҚЫТтЫ

БҮГІНГІ ҰРПАҚ БАҚЫТтЫ

«Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», деп Міржақып Дулатұлы айтқандай, халқымыздың тарихы терең. Алып атыраптағы ат төбеліндей ғана ел болсақ та бүгінде тұғырлы тәуелсіздігі, еңселі егемендігі бар еркін елміз. Дәл осы еркіндіктің ерлердің ержүректігімен, бүтіндей халықтың қайсарлығымен келгендігіне тарих куә. Сол себепті тарихты білмеуге және оны қастерлемеуге біздің ешқандай құқығымыз жоқ деп ойлаймын. Меніңше, бүгінгі тәуелсіз ел жастары бір ғана «Тәуелсіздік» сөзінің астарында қаншама мағына жатқандығын ұғыну үшін білім мен Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық мәдениет пен құндылықтарымыздың маңызын жұптастыра білгені жөн. Өйткені біздің ғасыр – білімнің заманы! Әр жылы 16 желтоқсан жақындаған сайын әр қазақтың көкірегін мұң мен қуаныш қатар кернейтіні анық. Өйткені қаншама жыл өтсе де ел еркіндігі үшін құрбан болған батыр ұл-қыздарымыздың қыршын қиылған тағдыры ұмыт болатын оқиға емес. Боздақтарымыз бен оған дейінгі найзаның ұшымен, білектің күшімен қазақ даласын қорғаған бабаларымыздың жанкештілігімен келген бүгінгі тәуелсіздігіміз бәрінен қымбат! Оған қолы жеткен ұрпақ ретінде қуаныштың да лебі еседі. Бұл – бейбітшілік заманда дүниеге келген ұрпақтың ең үлкен бақыты. Сол себепті тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтары мен Отанын қастерлейтін ұрпаққа айналып, кейінгі буынға үлгі болу – біздің тәуелсіздік үшін жасаған ең құнды қадамымыз болмақ. Тәуелсіздігіміз баянды, ел болашағы жарқын болсын!