Жаңалықтар

СУ ҮНЕМДЕУДІ ҮДЕТУ ҚАЖЕТ

СУ ҮНЕМДЕУДІ ҮДЕТУ ҚАЖЕТ

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Atlantis» компаниясының басқарма төрағасы Гюрсель Аралмен кездесіп, су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша жобаларымен танысты. Түркиялық компания басшысы тамшылатып суару технологияларын дамытуға бағытталған жобаларын Жамбыл облысында жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Кездесуде Ербол Қарашөкеев өңірді суармалы сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Қазіргі таңда облыста бұл жұмыстар бойынша бірнеше бағыт белгіленген. Олар – жерасты су ресурстарын тиімді пайдалану, каналдарды қайта жаңғырту және жөндеу, суқоймалар салу, ауылшаруашылық саласын цифрландыру және су үнемдейтін технологияларды енгізу. – Жамбыл облысы еліміздің ауылшаруашылық саласын дамытуда стратегиялық рөл атқарады. Қант қызылшасын өсіруге ерекше назар аударылуда. Еліміздегі пияздың 80 пайызы облысымызда өсіріледі. Алға қойған міндеттерді одан әрі табысты орындау үшін тамшылатып суару технологиясын белсенді түрде енгізу маңызды, – деді облыс әкімі. Өзара тиімді ынтымақтастықтың орасан зор әлеуетін ескере отырып, тараптар екіжақты серіктестікті нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.