Жаңалықтар

БАҚЫТ КЕЛІП АШҚАН КҮН ЕЛ ТҮндІГІН...

БАҚЫТ КЕЛІП АШҚАН КҮН ЕЛ ТҮндІГІН...

Жер бетіндегі небір зұлмат соғыстардың ең басты мақсаты – елді-жерді қорғау болған. Өйткені ерліктің ең ұлысы – тәуелсіздік үшін күрес. Біздің бабаларымыз атқа отырса да, таққа отырса да тәуелсіздікті армандап, соған жетудің жолында жолбарыс жүрегі шайлыққанша, қара таудай жігері қаймыққанша дамыл алмай дабыл қақты. Еділ үшін қанын, Жайық үшін жанын берген сол асылтекті, аруақты ерлеріміздің «күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым» деп өсиет қалдыруының астарында да осы тәуелсіздігіміздің тағдыры үшін жанталас жатқан жоқ па?! Сондықтан да тәуелсіз Қазақстанның ақыны Ерлан Жүніс: «Алып тәждердің балқығанын көрдім, Елтаңбаларға айналып», – деп жырлады. Осы екі ауыз сөзден артық егемендіктің қаншалықты алыстан келгенін аңғартатын әсерлі сөз де жоқ шығар-ау, сірә! Иә, тәуелсіздік әр қазақ баласының ең қымбатты ортақ байлығы. Биыл біздің сағанағымызды сарқ, қағанағымызды қарқ қылып отырған егемендігімізге 32 жыл толды. Арғы жағын айтпағанда, біздің мемлекетіміздің дербестігі үшін қабылданған декларациядан бастасақ, бұл 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» қабылданған құжат еді. Осы тарихи шешімнен кейін, яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды. Ал тәуелсіздікті бізге біреу сыйға бере салған жоқ. Қазақтың соңғы ұйқысын 1986 жылы атқан оқтың дауысы бұзған болатын. Ұларбек Дәлей: «Орайда орай жауған қар, Үстінде қалды бесігім. Борай да борай жауған қар, Астында қалды есігім», – деп жырлағандай, сол жылдар біздің қарлығашымызды қанға, қарындасымызды жарға жықты. Жігіттеріміздің жігерін құм қылып, сүйегін ұн қылып езгілесе де, қабырғасын тірідей суырып алса да қасқайып тұрды. Міне, солардың асыл рухының арқасында біздің арқамызды аяз қарымады. Тәуелсіздігіміздің таңы атқалы талай белесті бағындырдық. Тіпті күннен-күнге кемелдене түстік. Мұның бәрі де кешегі бабаларымыздың арманы болған. Біз тәуелсіздікке дейін де егемендіктің шартын, белгілерін, қағидаларын сақтап келген халықпыз. Мәселен, сонау сақтардың дәуірінде алтыннан құйылған ақшаларымыз, тас бетіне басылған суреттеріміздің бәрі де тәуелсіздікке деген ынтықтығымыздың нышаны еді. Шүкір, сол қиялымыз шындыққа айналды. Оған 1993 жылы шыққан төл теңгеміз дәлел. Өйткені сол жылы еліміз төл валютасын қолданысқа енгізді. Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің бірден-бір белгісі. Сондықтан да ақындар «Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді» деп жырлады. Көк туда ұлттық рухымыз, қазақы мінезіміз бедерленгендей. Егер ұлтты бір түске теңеп айту керек болса, қазақтың түсі көк түспен бейнеленген болар еді. Біз егемендік алғаннан кейін көк ту өзі ғана көкке көтерілмеді. Көк ту күллі қазақты көкке көтерді. Оған тәуелсіздік алғаннан кейін жеткен жетістіктеріміз дәлел. Тіпті ғарышқа дейін көтерілгеніміздің өзі ұлттық мақтаныш емес пе?! «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың саны тәуелсіздік алған жылдары 40 пайыз ғана болатын. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін санымыз жыл санап артты. Биыл 20 миллионға жеттік. Мұның өзі де жас мемлекетіміздің егемендігінің баянды түрде байыпты жолмен жүріп келе жатқанын көрсетсе керек. Бізге тәуелсіздік күш берді, жігер берді. Сондықтан да жаңадан құрылған мемлекетіміз әлемдік аренада алшаң басып, алдыңғы қатардан көріне білді. Бірінші болып ядролық қарудан бас тартуымыздың өзі біздің республикамыздың бет-беделін айқындап, алпауыттардың қатарынан орнын белгілеп бергендей болды. Ал тағдырдың жазуымен «қызыл аяқ қыр кешіп, жалаң аяқ жар кешіп», «еділін тастап еңіреген» халықтың етек-жеңі қайта жиналып, Қазақстан мемлекетінің қабырғасын қалауға зор ықпал етті. Сол себепті де қандастарымызды шақырып, Отанына оралттық. Бабалардың «өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды» деген сөзінің бір дәлелі осы болса керек. «Сүйем жер үшін сүйегін беріп, қарыс жер үшін қаза болуға дайын» сол бекзада батырларымыздың бізге қалдырған аманаты да осы – тәуелсіздік. Сондықтан да тәуелсіздіктің қадір-қасиеті екі ауыз сөзге сыймайды. Ол тұтас қазақтың кеудесін кернеп жатқан қуанышы. Тамырын соғып, тербеп жатқан бір ағысы. Бұлқынып келіп басына қонған бұла құсы іспетті қасиетті де қастерлі сөз. Еркіндікке жету үшін арыстарымыздың қолы кісенде кетті. Олар табытқа түскенше тәуелсіздік деп аңсап жатты. Ал енді осы аманатты арқалап жүру – қазіргі 20 миллион қазақтың мойнына артылған бір парыз. Оның тыныштығын бұзбай, берекесін алмай сақтау – біздің ұлттың алдындағы борышымыз. Өйткені береке мен тыныштық Отанымыздың екі көзіндей бөлек тұсы, екі қолындай керектісі. Онсыз халық да қауқарсыз. Айналып келгенде Қазақстан әр қазақтың жалғызы. Байлығы да, бақыты да – Отаны. Ендеше тәуелсіздігіміздің таңы қазаққа ғана тәуелді болып ата берсін. Ел ішін даудан, жер шетін жаудан сақтап, Отанымыздың шекарасы оқтан, орманы оттан аман болғай. Шапағат ӘБДІР sapagat. abdir@mail.ru