Жаңалықтар

ОЮ-ӨРНЕК – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ

ОЮ-ӨРНЕК – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ

Қазақтың ою-өрнек өнерін халықтың ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіре деп қарастыруға болады. Өйткені ұлттық ою-өрнегіміз Азияның басқа да халықтарының мәдениетімен тығыз байланыста дамыды. Бабаларымыз ұлы даланың тау-тастарынан бастап күнделікті тұрмыс бұйымдарына дейін оюлап, таңба, белгілер қалдырған. Сондықтан да ою-өрнектің тарихы мен мағынасының сырын ашуды біздің мойнымыздағы бір міндет деп білсек те болады. Қазақтың алғашқы ою-өрнек үлгілері Андронов мәдениеті мен байырғы сақ, ғұн, үйсін мұраларында көп кездеседі. Сондықтан да ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, үнемі дамып келе жатқан өнер түрінің ондаған ғасырлық тарихы бар. Қазақ мәдениеті – түркі өркениетінің жалғасы. Ал түркі мәдениеті дегеніміз – ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан мəдениеттің жалпы атауы. Ою-өрнек өнерінің белгілі бір халыққа ғана тән негізгі стильдік ерекшеліктері сол халықтың бейнелеу мен әсемдікті қабылдау мәдениетімен ұштасары сөзсіз. Қазақ оюының түп-төркіні табиғат пен малшаруашылығынан бастау алғандай. Зерттеушілер ою-өрнекті композициялық құрылымына қарай бірнеше топқа бөліп қарастырған. Жеті мыңнан астам ұлт пен ұлыстың тек төрттен бір бөлігінде ғана өзіне тән ою-өрнегі сақталған. Сол халықтың бірі біздер болып табыламыз. Қазіргі қазақтың ұлттық ою-өрнегінің басы бабаларымыздан бастау алған. Қолөнершілер уақыт өте келе бір оюдан бір ою туындатып, байытып, дамытып отырған. Ою-өрнектің негізгі композициялық құрылымын төрт түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – өсімдік типтес ою-өрнектер. Екіншісі – геометриялық ою-өрнектер. Үшіншісі – зооморфты ою-өрнектер. Төртіншісі – космогониялық өрнек. Этнографтар қазақ тарихында аталған ою-өрнек түрлерінің бәрі де кеңінен қолданылғанын айтады. Орта ғасырдан бізге жеткен түркі халқының сан ғасырлық ою-өрнегінің тарихынан сыр шертетін тарихи-мәдени мұрамыздың бірі – Айша бибі кесенесі. Ол архитектуралық ескерткіш Х-ХІІ ғасырларға мерзімделеді. Кесенеде ою-өрнектің 60-тан астам түрі кездеседі. Өсімдік типтес, геометриялық, зооморфтық, космогониялық және эпиграфиялық оюлы өрнектердің бір-бірімен ұштасуы сол кезде өмір сүрген халықтың ұшқыр қиялынан туындаған. Айша бибі кесенесінің құрылысы тік төртбұрышты, күмбезі сәукеле тәрізді жабылған. Төрт бұрышында төрт бағана бар. Кірер есігі шығыс жаққа бағытталған. Жербесік оңтүстіктен солтүстікке қаратылған. Кесене іргетасынан күмбезіне дейін толықтай ою-өрнекпен көмкерілген. Батыс бөлігіндегі қабырғасы түгелдей түпнұсқа болып саналады. Кіреберіс есігінің аркалы бағаналарындағы кірпіште «қызғалдақ» пен «жылан» бейнесі берілген. Мұндағы «жылан» Айша бибінің аңызындағы улы жыланның бейнесі болуы мүмкін. Кесене қабырғасындағы ою-өрнектердің қатарында – «түйетабан», «мүйіз», «қошқармүйіз», «сыңармүйіз», «құсқанат», «қазмойын», «итқұйрық», «гүл», «гүлөрнек», «сабақтар», «алты жұлдыз», «сегіз жұлдыз», «ромб» және тағы да басқа көптеген оюлы-өрнектер әсем композициялық архитектуралық ескерткіште үйлесім тапқан. Қабырғадағы кірпіштерде алты және сегіз бұрышты жұлдыз басым. Сегіз сәулелі жұлдыз таңбасы «руб әл-хизб» ислам символы немесе «оғызханның жұлдызы» деп аталады. Көне заман адамдары сегіз санын сенімділіктің, өркендеудің, шыңдалудың белгісі деп есептеген. Сегіз санының құпиясы әлемдегі мәңгілік үздіксіз қозғалысты білдіреді. Бүгінгі таңда сегіз бұрышты жұлдыз тарихи өлкеміздің логотипі болып табылады. Міне, қарап тұрсаңыз, біздің ежелгі заманнан бері қарай қолданып келе жатқан ою-өрнектеріміздің өзінің мән-мағынасы бар. Сондықтан бүгінгі таңда халқымыздың мәдени асыл қазынасының өзекті бір саласы – ою-өрнек өнері қайта дамып, бай мазмұны жаңа түр тауып жатыр. Ұлы даланы мекен еткен бабаларымыз бұл табиғаттың ажырамас бір бөлшегі екенін ою-өрнегі арқылы жеткізген. Бұлар жай ғана ою-өрнек емес, бабаларымыздың дүниетанымы, бізге қалдырған философиялық ойлары. Гүлмарал ҮШКЕМПІРҚЫЗЫ, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің кіші ғылыми қызметкері