«Адалдықты ту еткен Ар-аға»
«Адалдықты ту еткен Ар-аға»
Іс-шара Жамбыл журналистикасында өшпес із қалдырған А.Бекбосынның рухына тағзым етіп, айтулы қаламгерді бір минуттық еске алумен басталды. Жиынға жергілікті зиялы қауым өкілдерімен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан да журналистер мен зерттеуші ғалымдар онлайн қатысып, сөз сөйледі. – Арғынбай Бекбосын – шын мәнінде көсем сөздің зергері. Ол жұмысын қарапайым тілшіліктен бастады. Оның сол ізденісі оны ұлт жоқтаушысына айналдырды. Ол әдебиеттің әр саласында елеулі еңбек еткен тұлға. Алайда оның поэзиясы мен прозасын және драматургиясы мен аудармасын біз әлі күнге жеке-жеке ғылыми айналымға енгізе алмай отырмыз. Оны философия тұрғысынан да, саяси тұрғыдан да жеке-жеке зерттеу керекпіз, – дейді Алматы қаласынан онлайн қатысып отырған Қазақ Ұлттық Университетінің докторанты Дәрмен Смайыл. Сонымен қатар ол биыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Журналистика және саясаттану» факултетінде «Арғынбай Бекбосын көсем сөздің құндылығы, ұлттық рухани жаңғыруына қосқан үлесі» атты магистрлық диссертация қорғалғанын айтып, алда тағы да Арғынбай аға туралы дипломдық жұмыстар жазылса деген ұсынысын да ортаға салды. Қаламгердің өткен күндерін еске алған жазушы Елен Әлімжан замандас ағасы Арғынбай Бекбосынның қайталанбас тұлға екенін сөз етіп, оның әрбір ісіне тоқталып, «Арғынбай ағаның ең үлкен олжасы депутат немесе жазушы болғанында емес, оның ең үлкен олжасы Дариға жеңгемізге кездесіп, ұрпақ сүйіп, өнегелі отбасын құра алғаны» деп бір әзілдеп, қаламгердің артында қалған жарының көңілін жұбатып, марқайтып тастады. Арғынбай ағаның өмір және еңбек жолы тақырыпқа арқау болған басқосуға «Астана ЭКСПО» Ұлттық компаниясының бас менеджері Шайдолла Шолақов, «AULIEATA MEDIA» ЖШС-ның бас директоры Оралхан Дәуіт, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиұлы, облыстық мемлекеттік архивтің директоры Көсемәлі Сәттібайұлы, Тараз өңірлік университеті «Филология және журналистика» факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашов, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, ақын Үміт Битенова және тағы басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Шапағат ӘБДІР