Жаңалықтар

ИСЛАМ ӘЛЕМІНІҢ ИГІЛІГІ

ИСЛАМ ӘЛЕМІНІҢ ИГІЛІГІ

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Ыстамбұлдағы Ислам ынтымақтастығы ұйымының экономикалық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі тұрақты комитетінің (КОМСЕК) 39-отырысында сөз сөйледі. Іс-шараның ресми ашылу рәсімі жуырда Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның қатысуымен өтті. Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) – 57 елді біріктіретін ең ірі ресми үкіметтік мұсылман халықаралық ұйымы. Бүгінде ИЫҰ елдері төрт құрлықты – Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Американы қамтитын әлем халқының төрттен бір бөліктен астамын құрайды. Соңғы 3 жылда мүше мемлекеттер арасындағы жалпы тауар айналымы 3,7 триллионнан 4,5 триллион долларға дейін ұлғайды. Отырыс барысында қатысушы елдердің министрлері ынтымақтастықты одан әрі нығайту, соның ішінде сауда мен ауылшаруашылығындағы күш-жігерді талқылады. Айта кетейік, Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға ұмтылуда. Соңғы бес жылда еліміз ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін екі есеге арттырып, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мүшелерімен осы бағытта белсенді жұмыс істеп, оны әлемнің 80-нен астам еліне экспорттауда. – ИЫҰ елдері Қазақстанның белсенді сауда-экономикалық серіктестерінің қатарына кіреді. Осы жылдың 9 айында біздің тауар айналымымыз – 12,5 миллиард доллар. ИЫҰ елдеріне қазақстандық өнімнің экспорты жалпы тауар айналымының жартысынан астамын құрайды, ол – 8,4 миллиард доллар. Біз Ұйымның барлық қатысушыларының көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге күш-жігерін біріктіруіміз қажет, – деп атап өтті Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сауда саласындағы әлеуетін жақсарту жөніндегі баяндамасында. Өз сөзінде министр іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Түркия Республикасының Президентіне алғыс айтып, Түркия ИЫҰ елдерімен барлық тауар айналымының 35 пайызын құрайтын Қазақстанның ірі сауда серіктес болып саналатынын атап өтті.