Жаңалықтар

Алтын қолды аспаз

Алтын қолды аспаз

Қазақстанда жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейлерде «WorldSkills» чемпионаттары өткізіледі. Жалпы еліміздің «WorldSkills» қозғалысына қосылуы жаңа талаптарға сай техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау жүйесін халықаралық деңгейде қайта қарауға негіз болды. Халықаралық чемпионаттарға қатысу жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлауда өзекті әлемдік трендтерді зерделеуге, сондай-ақ отандық кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін салыстыруға және бағалауға мүмкіндік берді. Жақында студенттер мен жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген «WorldSkills Kazakhstan-2023» республикалық чемпионаты өз мәресіне жетті. Облыс студенттері аймақ үмітін ақтап, жүлделі орындардан көрінді. 4 құзыреттілік бойынша 2 алтын, 2 күміс иеленді. Республикалық чемпионатта кәсіби шеберлігін танытып, оза шапқан жерлестеріміздің бірі – Диас Бақтыбай. «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша 2-орынды қанжығасына байлаған ол Тараз сервис және технология колледжінің 3-курс студенті. Аспаз жігіт Байзақ ауданының Қостөбе ауылында туып-өскен. Ес білгелі тағам әзірлеуге бейім болған. Бойындағы дарынын өмірлік ісіне айналдыруды мақсат еткен Диас Тараз сервис және технология колледжіне аспаз мағандығына оқуға түседі. Аталмыш білім орнында тәжірибелі ұстаздардан тәлім алып, қабілетін ұштап келеді. – Алдында өз салам бойынша облыстық байқауларда бақ сынап көрсем де бұл менің республикалық жарысқа алғаш рет қатысуым. Жыл сайын ұйымдастырылатын сайыста биыл өңіріміздің намысын қорғау маған бұйырыпты. Артымда сенім артқан, аты дардай Жамбыл өңірі тұрған соң облысымыздың атын шығару үшін барымды салдым. Ұстазым, тәлімгерім Досымжан Таубалдиев мені қамшылап, жігерлендіріп, байқауға еш қобалжусыз өзіме сенімді болып баруым үшін қатты еңбектенді. Білгенін үйретіп, осы сайысқа дайындады. Ағайыммен бірге қаншама айдан бері тағам әзірлеуге жанымды беріп әбден дайындалдым. Теккен төр, еткен еңбек ақталды. Тағамдарымның сырт бейнесі ғана емес, дәмі де тіл үйірерліктей әдемі болды. Айдархан Биназаров басшылық ететін колледж ұжымы бізге өте үлкен қолдау жасағанын айтпай кетуге болмас. Керек-жарақтарымызды алып беріп, жолға ақымызды төлеп, қаржылай көмек берді. Колледждің материалдық қана емес, рухани тұрғыда да қолдауы айтарлықтай болды. Жарысқа аттанар алдында жанашыр жандар жылы сөздерін айтып, жеңіспен ораларыма сенім білдіріп, тілектестік ниетпен шығарып салды. Аталған сайыс өміріме оң ықпал етті. Жүлделі орынмен оралуым бұдан да ауқымды әлемдік жарыстарға қатысуыма жол ашты. Мамандығыма қатысты түрлі мүмкіндіктер көбейіп жатыр. Енді бұл жеңіспен тұрақтап қалмаймын. Өзіне тән ас мәзірі бар дамыған елдерге барып, білім алып, біліктілігімді арттырғым келеді. Болашақта осы кәсіптің шебері боларыма сенемін. Франция, Италия секілді алпауыт елдерде ұлттық тағамдарды дайындап, қазақы дастарқанымыздың артықшылығын көрсету – өмірлік мақсатым, – дейді Диас Талғатұлы. Дәстүрлі республикалық сайыста жерлестеріміз ережелерге сай бес тағам түрін әзірлеген. Оның алғашқысы – оливье. Ерекшелігі сол, салатқа қосатын майонезді жігіт өзі дайындаған. Сондай-ақ ресторандық әдіспен бес түрлі ұн өнімдері салынған нан себетін пісірген. Байқауда Диасты өзге қатысушылардан озық еткен тағамы – семга балығынан дайындалған тартар. Дәл осы тағам «Аспаз ісі» құзіреттілігі бойынша үздік деп танылған. Облыс намысын қорғаған аспаз жігіт мұнымен қатар құс өнімдерінен дайындалуы керек ас мәзіріне заманауи ұсынумен «Киев котлетін» («Котлета по-киевский») әзірлеген. Ыстық тағам түрлерін дайындау кезінде де Диастың ет орамасы (мясной рулет) сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Ал десертке кракелин қытырлақ қамырымен «Шу тәттісін» әзірлейді. Назар аударарлығы, жарыс ережесіне сай әзірленген десерт 200 грамнан аспауы тиіс. Бұл тұста Диастың қолынан шыққан дәмі тіл үйірер, көздің жауын алар тағам түрлерінің барлығы да ереже талаптарына лайық болды. Диастың тәлімгері Досымжан Таубалдиевтің айтуынша, үміткерлер бес ай дайындалған. Соңғы айда қаламыздағы «Атмосфера» мейрамханасында тәжірибе жинақтаған. – Тараздағы ірі мейрамханалардың бірі – «Атмосфераның» бас аспазы Жеңіс Нысанбаев өзімнің шәкіртім, колледждің түлегі. Сайысқа дайындалу кезінде осы жігіттің көмегі аз тимеді. Жеңіс – колледжде білім алып жүргенде аталмыш сайысқа қатысып, жүлделі орындармен оралып жүрген талантты шәкірттеріміздің бірі. Бұл жолы 19 облыстың қатысушылары бақ сынаған додаға Диас баламызды баптадық. Елімізге белгілі ірі мейрамханалардың бас аспаздары сарапшы ретінде сайысқа төрелік етті. Қазылар алқасы олардың ас әзірлеу шеберлігімен қатар, тағам өнімдерін дұрыс пайдалануы, даярлау технологиясы, тазалық шарттарын сақтауы, безендіруіне аса мән берді. Байқауға сарапшы ретінде республикаға танымал аспаз Бағдат Талғатұлы арнайы шақыртылған. Жарыста әр тағамның бағалау жүйесі бар. Онда әзірленген астың салмағы, температурасы, қолданған шикізаттар бәрі тексеріледі. Сондай-ақ баланың жұмыс істеу тәртібі, өзін ұстауы, ұқыптылығы, ептілігі қарастырылады. Аспаздардың тағамы сарапшылардан ең жоғары пікір алса – 3, нашар шықса 1-0 деген бағамен белгіленеді. Қатысушылардың арасында ең үздік тұздықтар біздің облысқа тиесілі, яғни Диас баламыздың тағамы сарапшылардың көңілінен шықты. Жалпы өзім аталмыш сайысқа 2019 жылдан бастап шәкірт дайындап жүрмін. Димаш Құдайберген, Жеңіс Нысанбаев секілді балаларым жүлдесіз оралмаған. Қазір де өз жолдарын тапқан, беделді аспаздар, – Д.Таубалдиев. Бір айта кетерлігі, енді «Аспаз ісі» бойынша жеңімпаз атанған жігіттер Алматы қаласында өзара бәсекеге түседі. Соңғы сайыста оқ бойы озып шыққан аспаз Швейцарияда өтетін халықаралық сайысқа қатысуға жолдама алады. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru