«JAIDARMAN» ҮЗДІКТЕРІ СЫНҒА ТҮСТІ
«JAIDARMAN» ҮЗДІКТЕРІ СЫНҒА ТҮСТІ
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен облыс әкімінің кубогы үшін «Aulieаta» жоғары лигасының үлкен финал ойыны өтті. Үш айға жуық созылған кезеңдік ойындарда әдемі ойын көрсетіп, облысымыздың әр өңірінен «Jaidarman» алаңында бақ сынасқан креативті, жаңаша ойлайтын, зияткер жастар қатарында топ жарған 4 команда, атап айтқанда, «Medium», «ОЮ», «Әдеби жігіттер», «Джокерс» құрамалары өзара бақ сынады. Жайдарманшылардың финалдық ойынға ерекше дайындықпен келгені бірден байқалды. Олар астарлы әзіл мен қағытпа қалжыңға толы бұл жобада еліміздегі саяси ахуалды асқан тапқырлықпен көрерменге жеткізді. Облыс жайдарманшыларымен бірге сахна төрінде отандық фильмдер мен сериалдарда басты рөлдерді сомдап жүрген белгілі актер Рүстем Жаныаманов пен «Jaidarman» ойындарының 2014 жылғы чемпиондары, «Ұлттық құрама» тобының капитаны Бекзат Дүйсенов ойын көрсетті. Олар көпшіліктің көңілін көтеріп қана қоймай, залда отырған жанкүйерлерге жайдарманның өзіндік атмосферасын сыйлай алды. Ақтық мәреге жанын салып, қиялдағы қызықты оқиғасын қағазға түсіріп, көрерменді күлкімен қарық қылған командалар арасында шын мықтыларды анықтау оңайға түскен жоқ. Айта кету керек, ақтық сынды бұрынғы «Тараз-2000» көңілді тапқырлар командасының капитаны, «Армани» лақап атымен танылған Арман Жаналиев жүргізді. Жайдарлы жастарға бұрынғы «Бауырсақтар» командасының капитаны, көптеген жайдарманшыларға жол сілтеуші аға бола білген Саят Төлепберген, «Тараз-2000» командасының белді мүшесі, «Өнер барысы» жобасының жеңімпазы, қазіргі таңда көптеген фильмдерде басты рөлдерді сомдап жүрген актер Біржан Шөпбай, «Колобок» лақап атымен танылған блогер, кәсіпкер Елдос Қадырханов, республикалық «Өнер көкпары» жобасының жеңімпазы Файзолла Сағымбаев, блогер, кәсіпкер, осы маусымның тұрақты төрешісі Олжас Сүлейменов қазылық етіп, әділ бағаларын берді. Ойын қорытындысы бойынша, Тараз қаласының «Әдеби жігіттер» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаз команда 400 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «ОЮ» командасы маусымды екінші орынмен түйіндеп, 300 000 теңгелік сертификатты еншіледі. Биыл жоғары лигада тамаша өнер көрсетіп, облысымыздың атын асқақтатқан «Medium» командасы үшінші орынды місе тұтып, 200 000 теңгелік сертификатқа қол жеткізді. Бір айта кетерлігі, аталған финалдық ойынның сәтті өтуіне мұрындық болған да осы «Medium» командасы. Ұйымдастырушы ретінде бұл топ финалдық сайыста өздерін барынша көрсете алмағаны байқалды. Сондай-ақ «ОЮ» командасының капитаны Айназ Адамбаева «Үздік ойыншы» номинациясына лайық деп танылып, 100 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Сахна алаңында жаңа жайдарманшыларды ел алдына шығаруға мүмкіндік беріп, өнерлі жастарға жол ашқан биылғы «Jaidarman» ойындарының маусымы осымен аяқталды. Сонымен қатар республикалық «Jaidarman» жоғары лига ойындарында жамбылдық «Жуалы» командасы финалдық кезеңге өткенін жақсы білеміз. Ақтық мәреде «Жуалы» командасы әдемі ойын көрсетіп, жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Сәйкесінше «Jaidarman Сreative Іndustries» компаниясы жеңімпаз командаға құны 15 миллион теңгелік сертификатты табыс етті. Аталған қаржыға келесі жылы команда ойыншылары арнайы жобаны іске асыратын болады. Айта кетейік, соңғы рет өңірімізден финалдық ойынға 2009 жылы «Бауырсақтар» командасы шыққан болатын. Араға 14 жыл салып, биыл финалға екі командамыз – «Medium» және «Жуалы» шығып, бірі жеңісті қанжығасына байлап отыр. Тағы бір үлкен жаңалық – команданың капитаны Қайрат Оразбековке республикалық жоғары лига ойыны маусымының «Үздік ойыншы» номинациясы табыс етілді. Бұл да «Jaidarman» тарихының бір парағы болып қалмақ. Алдағы уақытта «Жуалы» командасы бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізеді деген сенімдеміз. Ақтоты Жаңабай