Қос авторлы «Құмсағат»
Қос авторлы «Құмсағат»
Проза жанрын сүйетіндер үшін жақсы жаңалықты жеткізгіміз келеді. Жуырда жамбылдық журналистер Фариза Әбдікерімова мен Ардақ Үсейінованың «Құмсағат» атты жинағы жарық көрді. Ерекше сәнді кітап «Twinbook» форматында шыққан. Бұл кітаптың бір ерекшелігі – оқырман бір ғана авторды оқымайды. Бір кітаптың ішінде екі автордың шығармашылығымен таныса алады. Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен кітаптың тұсаукесерінде алғашқы болып сөз алған жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан Жамбылдан жас прозаиктердің шыққанына ерекше қуанғанын жеткізді. – Қасиетті Әулиеата жерінен төңкеріс кезінде де Т.Рысқұловтан бастап небір қайраткерлер шықты. Бірақ жазушы жоқ. «Батырды әр қатын туар, ақынды, биді ілуде бір қатын туар» дегені рас екен. Біздің мақтанып жүретін Жамбыл да, Кенен де ауыз әдебиетінің өкілдері. Олардың тамыры да, мәдениеті де, дәстүрі де бөлек. Ал жазба әдебиетіне келсек, соғыстан кейінгі елуінші жылдары Бауыржан Момышұлына дейін ешкім болған жоқ. Ал енді алпысыншы жылдары Жамбылда Кәрім Баялиев, Жақсылық Сәтібеков, Күлән Шілдебаева сынды екі-үш жазушы ғана бар еді. Ол үшеуінен басқамыз жетпісінші жылдардан кейін барып шыға бастадық. Қазір шүкір дейміз. Бұрын таланттарымыз сәл көрінсе, үлкен қалаларға баруға тырысатын. Қазір облыс орталығына тұрақтады. Өңірде әдеби орта пайда болды. Жастар шоғыры қалыптасты. Бүгінде ақындар көп, прозаиктер аз. Бүгін екі прозаиктің дүниеге келгеніне шын қуанып тұрмын. Жазушылардың аз болатын себебі, проза өте қиын жанр. Оған бір-екі күніңді арнап жақсы өлең жазып, болмаса бір апта отырып поэма жазуға болмайды. Прозаға айларыңды, жылдарыңды арнауың керек. Егер арасын үзіп алсаң, оны қайта жалғау қиын немесе мүмкін болмай қалады. Сондай ауыр жол. Сол жолға түсіп келе жатырсыңдар. Аяқ алыстарың жақсы. Әдебиет деген дүниеге кіретін есік бар да, шығатын есік жоқ. Сендер қазір есігін қақтыңдар, біз есігін аштық. Енді ары қарай қадам басып, ол қадамдарың төрге қарай жетелейді. Ол өздеріңе байланысты. Шын мәнінде, өмірден тәжірибе жинап барып жазбаса, одан ешқандай проза шықпайды. Шолоховтардың жиырма жасында роман жазуы – бала кезіндегі көрген қиындықтары. Ал қиыншылық көрмеген адамға проза жазу өте қиын. Өйткені басынан ештеңе өтпеген. Екеуіңде де прозаға тән, ескі мен жаңаны ұштастыра білу, содан ой түйе білу деген жақсы қасиет бар. Фариза дәстүрді, табиғатты шебер игеріп келе жатса, Ардақ күнделікті өмірге мистика қоса біледі. Ол да жаңашылдық. Лайым осы жолдарыңнан таймаңдар. Әдебиеттің табалдырығын аттаған қадамдарың құтты, ал шығатын есіктерің жабық болсын, – деп, Елен Әлімжан қос жазушыға ақ батасын берді. Сондай-ақ белгілі журналист Қуаныш Иембердиев те жаңа кітаптың ішкі мазмұнына мән бере сөз саптап, журналистік жолдағы шәкірттерінің жақсы қырларына тоқталды. – Мен де дәл қазір ешкімнен кем қалмай, тең толқып тұрмын. Себебі екеуі де менің төл шәкірттерім. Кезінде кеңестерімді де айттым. Ұрыссам да мықты қаламгер, жалынды журналист болсын дедім. Екеуінің де тырнақалды туындылары маған ұнады. Өз өрнектері, қолтаңбалары бар. Жалпы құмсағаттың серті – аударып тұру дейді. Адамның өмір құмсағатын олай аудара алмайсың. Адамның құмсағаты таусылады, өмірі бітеді. Ал бірақ құмсағаты таусылмайтын адамдар болады. Олар – қаламгерлер. Себебі оқырман шығармаларын оқыған сайын олардың құмсағаты аударылып отырады. Ол жалғаса береді. Шығармашылық құмсағаттарың тоқтамасын, әрдайым айналып тұрсын, – деді Қуаныш Иембердиев. Бүгінгі күні қазақ әдебиетінде ғана емес, жалпы рухани кеңістікте шағын жанрлардың бағы жанып тұр. Ол әңгіме болсын, проза болсын оқыған адамға түсінікті, жинақты болса болғаны. Қазіргі жылдам дамып жатқан заманның оқырманы кітаптың күрделі болмағанын, тілге жеңіл, айналасы жұп-жұмыр болғанын қалайды. Көпшілігіміз тап-тұйнақтай қысқа да нұсқа дүниелерді оқуға құмармыз. Әлемде өндіре жазатын нәзікжандылар көп. Ғасырлар бойы ғибратын жоғалтпаған әйел ақын-жазушылар жеткілікті болған. Солардың жалғасындай, артынан ерген ізіндей болған жамбылдық журналистер Фариза Әбдікерімова мен Ардақ Үсейінованың бірлескен «Құмсағат» атты жинағында қоғамдағы құбылыстар жан-жақты суреттеледі. Авторлар әңгімелерінде ұлттық болмыс, наным, сенім, әлеуметтік тартысты жағдаяттарды уақыттың еншісімен тап басып қаузайды. Екеуінің де тілі шұрайлы, бояуы қанық. Жаңа кітаптың тұсауын жазушы Елен Әлімжан, журналист Қуаныш Иембердиев кесіп, оқырманы көп болуын тіледі. Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru