Руханият

ӨТКЕНІМЕН ЖАРТЫ ҒАСЫР, ЖАДЫДА ЖҮР «ДАРИҒА»-ЖЫР немесе қазақтың баллада жанры жайлы профессор Тұрсынбек Кәкішев алдындағы емтихан

ӨТКЕНІМЕН ЖАРТЫ ҒАСЫР, ЖАДЫДА ЖҮР «ДАРИҒА»-ЖЫР немесе қазақтың баллада жанры жайлы профессор Тұрсынбек Кәкішев алдындағы емтихан

1964 жылдың жаз ортасы ауған шақ. Мен Жамбыл зооветеринарлық техникумда оқимын. Талас ауданындағы «Ойық» кеңшарына қарасты кіндігім кесілген Амангелді бөлімшесінде алты айлық өндірістік тағылымдамада жүрген кез. Әдетте, тамыз айының 5-6-сында қозы бөлік басталады. Қой фермасының саулық отарлары жазғы өрісі Тәңірберген даласынан Талас өзені бойындағы шөбі жиналған шабындық орнына, «Балта» жотасындағы тәлімі егіс егілген аймаққа құлаған. Жиын-терін аяқталып, аңыз орнына тоқтыларды жаю, күзге дейін қоңдандыру қолға алынған.

Қозы бөлік жұмысымен жүргенде бір шопанның алты қанат ақбоз үйінде қонып шықтық. Туырлық астындағы уықтың ішкі қарына ілінген бір бума газетке көзім түсті. Сол тұста КСРО-ның бірінші басшысы Н.С.Хрущевтің бастамасымен Жамбыл, Шымкент және Қызылорда облыстары бірігіп өлке құрылған. Әлгі газеттердің арасынан өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» басылымы қолға ілікті. Сол нөмірді оқып отырғанда өткен көктемде республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде атына алғаш қаныққан Мұхтар Шаханов атты талапкер ақынның жаңа шығармасына көзім түсті. Бірер өлең, немесе топтама емес кішігірім поэманың жүгін көтеріп тұрған махаббат толғауы. Редакция шекесіне шертіп жүріп «Баллада» деген айдар таққан екен. Көзіме оттай басылды. Сөйтіп, бір жыл бұрын ғана өлеңдерімен танысқан автормен қайыра ұшырастым. Газеттің төртінші беті түгелге жуық өлкедегі қаламгерлердің шығармашылығына арналыпты. Беттің үстіңгі жағына өлкедегі танымал ақындардың біраз өлеңдері жарияланған. Ал оның бел ортасын түгел алып жатқан тұстан ірі, қара әріптермен «ДАРИҒА» деген тақырып менмұндалайды. Оның астындағы «Баллада» деген қосымша айдар өлеңнің жанрын айшықтап, әлеуетін асқақтата түскендей. Одан төменірек бағананың қиям оң жағына қарай автордың екі шумақ эпиграммасы орналасқан. (Кейін санап шықсам поэзиялық туындының көлемі де едәуір, 115 тармақтан тұрады екен). Балладаның фабуласы онша күрделі емес, ауыл мектебінде оқып жүрген түбіт иек, бота тірсек бозбаланың сол сәттегі болмыс-бітімі, ой-өрісі, балаң сезімі, алғашқы күйініш-сүйініші төңірегінде сарымайдан қыл алғандай суыртпақтап сыр қозғайды. Аңғал бозбала қатар жүрген құрбыларының ешқайсысына жіп тағып, меншіктей алмаған. Өзіне жақын тартып жүрген пысықтау жолдасы бір күні осынау түйіні қиын мәселені тездетіп шешпесе тәуір қыздың бәрі өзге жігіттің жетегінде кететіні жайлы «қауіптің» бетін ашады. Ол заманда жігіт сезімін ауызба-ауыз жеткізе алмайды. Көшеде қатар жүре қалса екі арадағы қашықтық екі метрден кем болмауы тиіс. Аңдыған сырт көз көп. Абайламаса жұрт сөзіне ілігіп, қарқаралы қыздың жаман аты елге жайылып кетуі кәдік. Сондықтан таңдаған бойжеткенмен арақашықтығын сақтап, аулақтан көз салуға тырысады. Тіптен үздігіп бара жатса жүрек сөзін әуелі қағазға түсіріп, содан соң ғана ешкімге жақ ашпайтын аузы бағулы жан досы, немесе жеңгесі арқылы қызға жеткізетін үрдіс бар. Сол тұста жасы толып, әбден піскенімен мектепте оқып жүрген бойжеткенге хат жазған бойдақ мұғалімнің «Заман жаман, оқыған соң жыртып таста» деген жазбасы жоғары органдарға жөнелтіліп, кейін басы дауға ілігіп комсомол қатарынан шығарылғаны бар. Мұндай мысал Бақтияр атты сыныптасымның басынан да өтті. Оның бізбен бірге оқитын Жақсыкүлге жазған хаты қолға түсіп қалып, мәселелері оқушылардың жалпы жиналысында қаралып, әбден сілікпесі шыққаны есте. Досының келтірген бұлтартпас дәйектеріне қайтарар амалы қалмаған кейіпкердің сол сәттегі толқымалы көңіл күйін ақын тап басқан: «Мұндай ойды қайдан таптың, соны айтшы сен «дәукесім», Ағайларға айтып қойып төбемді ойса қайтесің», деп шошынады басты кейіпкер. «Әй, сен осы жүрексіз бе ең, төбеңді ешкім оймайды, Және мұны Дариғаның өзі де айта қоймайды... Мен келістім. Әлгі айтқанын бір күн сабақ үстінде, Жаздым қыздың дәптеріне, білдірместен ешкімге. Бұдан кейін соқтыққам жоқ, өз жайыммен тек жүрдім, Күнде қыздан қуыстанып, ұялта ма деп жүрдім». Біраз уақыт қысылып-қымтырылып күн кешкен бозбала қыздың ешқандай бас асаулық танытпай тым-тырыс жүргенін көріп, бірте-бірте жүрегі орнына түседі. Күткендей қауіптің жоқ екеніне көзі жеткен «батырымыз» қолға кәмелеттік аттестат алған соң біршама батылданып Дариғаны киноға шақырады. Клубқа барар жол бақ ішін жарып өтеді. Сылдырап аққан бұлақ жағасында келе жатқанда өсіп тұрған түз гүлін көзі шалады. Бозбала өзі оқыған әдеби кітап, көрген көркем фильм кейіпкерлеріндей сезініп бір талын үзіп алып қызға ұсынады. Алайда ол, гүл сыйлаудың астарында «Мен сені ұнатамын, осы шешек сияқты өзіңді аялап өтемін» деген мағына барын қайдан білсін. Алыс ауылда өскен бала бойжеткенге гүл ұсыну сыйластықтың, ізеттіліктің белгісі деп қана түсінсе, ерте есейетін қыз басқа мағынада ұғады. «Кім біледі, гүлдің сыры маған онда беймәлім, Бірін үзіп алдымдағы Дариғаға сыйладым. Міне, қызық, сол сәтте оның көздерінен от көрдім, Сонда есіме түсе кетті оқиғасы дәптердің». Арада үш-төрт жыл өткен, жігіт қаладағы оқу орнының студенті. Баяғы балалық сезімі бірте-бірте ұмытылып, уақыт тасасында қалып қойған. Ауылына жолы түскен кезекті сапарында сыныптасына жолығып, екеуі өткен-кеткенді, мектеп қабырғасындағы қызықты, шат-шадыман күндерді еске түсіреді. Автор осы тұста: «Жылдар – қазы, балалықтан кәне қандай із қалған, Біз соқталдай жігіт болдық, ол бойжеткен қыз болған. Мектептен соң алыпты да комсомолдық жолдама, Сауыншы боп келіпті осы ауылдағы фермаға. Қыз еңбекке араласса несі сөкет, несі мін, Бүкіл аудан біледі екен есімін», деп қыздың кейінгі өмірін оқырмандарға таныстырып өтеді. Бойжеткен серігін үйіне кіріп шығуға шақырады. Міне, осы сәтте шығарма өзінің шырқау шегіне жетеді. Шай үстінде жігіт құрбысына өзінің алдағы жылы сүйгенімен бас қоспақ ниеті бар екенін жайып салады. Бұрынғы парталасына көз астымен барлай қараған қыз альбом ішінен әбден кеуіп-семіп қалған гүлді алып шығады. Сонда кейіпкер: «О, керемет, аң-таң қалдым, қалай сақтап жүр екен? Сонау кеште өз қолымнан сыйға тартқан гүл екен! Сондағы бір кездесуден көңілінде от қапты, Төрт жыл бойы менің бала сезімімді сақтапты», деген ой түйеді. Шығармада жылаңқы сүйіспеншіліктің ізі жоқ. Қыз жігітке мұңын шағып сыңсымайды да. Баяғыда кітаптың бұрышына жазған сөзді де есіне түсірмейді. Бозбалаға деген өзінің балғын сезіміне кіршік түсірмей, жүрек түкпіріндегі ыстық ықыласын суытпай жүргенін сөзбен емес, үш-төрт жыл бұрын ұсынылған бір тал гүлді ардақтап, сақтап келгені арқылы паш етеді. Екеуінің тағдыры тоғыспаса да, Дариғаның сыныптасын өмір бойы іштей сүйіп өтетініне оқырман сенеді. Егер қыз да жоғары оқу орнына түскенде екеуінің жұлдызы жарасып, тағдыры тоғысар ма еді, кім білсін? Алпысыншы жылдарда елдің тұрмыс дәрежесі төмен. Жастардың институтқа барып түсуге ата-анасының материалдық жағдайы келе бермейді. Бір сәтте бұлардың әңгімесінің үстіне бөлмеге Дариғаға көңілі түсіп жүрген жігіт кіреді. Ол қызды киноға шақыра келген екен. Үшеуі үйден шыққан соң қыз жігітімен бірге клубқа беттейді. Жүрек әміріне құлақ аспастан, ұшқары сезім жетегінде кеткен кластасының «қырындағанына» имандай сеніп көңіл түкпірінен өшіре алмай жүрген бойжеткен құпиясына жаңа қаныққан кейіпкер олардың сыртынан қарап тұрып қыздан іштей кешірім сұрайды. Баллада: «Екеуің де егіз өлең шумағындай боп ұйқас, Сенем сенің болашағың алдыңда әлі, Дариғаш! Бойыңдағы қажыр-қайрат жіберердей тасты үгіп, Сен де мына сүйгеніңмен бақытты бол, жас жігіт!», деген игі тілекпен, жоғары аккордта аяқталады. Менің поэзиядағы аздаған қадамыма Мұхтардың тигізген ықпалы мол. Шынымды айтсам, Мұхтар сияқты ортада өстім, Мұхтарға еліктеп жаздым. Сондықтан да жастық шаққа арналған өлеңдерімнің бірінде: «Жазылмайтын қалса да жүректе мұң, Мәңгі өшпейтін мөп-мөлдір тілектемін. Тілеймін сенің жайсаң жас жаныңа, Ақкөңіл азаматтың гүл еккенін!», деген жолдармен түйіндегенім бар. Поэзиялық шығарма көктемгі тау бөктеріне тігілген аппақ отау үйдей көз тартып алыстан өзіне шақырады. Балладаның кереге-құрылысы еш мінсіз дөп-дөңгелек шеңберде тұр. Уық – сюжет, кереге мен шаңырақ – композиция бір-бірімен мықтап жымдасқан. Отау – жырдың сүйегіне көркемдік құралдары – сыртқы жабыны ақ туырлық пен боз түндік жарасым беріп тұр. Ал үй ішіндегі құрым бау-шу, айшықты басқұр – мұның бәрі бір-бірімен келісім тапқан. Сюжетті өлең қазақтың дәстүрлі жыр мақамына келе бермегенмен шығыс шайырлары ғазалдарында көп кезігетін он бес буынды, жұп ұйқас формасымен жазылған. Кейін ақын өзінің көптеген өлеңдерін осы тәсілмен өрнектеді. Бәлкім Саттар Ерубаев балладаларындағы сарын жетегіне ерді ме?! Әлде кейбір өлеңін шығыс шайырларының үрдісімен өрнектейтін сыйлас ақын ағасы Төлеген Айбергеновтен алған үлгі-өнеге ме?! Сірә, шалқар шабытымен, тасыған талантымен астасып, дарияның мол арнасына сыймай жатқан жойқын ағысқа саяды. Әрі талантты ақынның оң жамбасына келетін сүйікті тәсіл іспеттес. Шығарманың сюжеттік құрылымында жасандылық жоқ, шынайы суреттелген оқиға желісі оқырманды бірден баурайды. Оқырман «Ары қарай қалай өрбиді» деп жалғасын тағатсыздана күтеді. Кейіпкермен бірге тәуекелге барып, қызға сөз салудан жасқанады. «Бір бәлеге ұрынып қалар ма екен» деп алдын ала уайымдайды. Қыз тосын қылық танытып, туламас па екен деп қуыстанады. Әңгіменің соңы ешқандай ың-шыңсыз аяқталған сәтте барып «уһ» деп іштегі демін әзер дегенде сыртқа шығарып, бір жеңілдеп қалады. Оқырман екі жас кешкі киносеансқа барғанда жігіт тарапынан бір батылдықты күтеді. Қызға гүл сыйлағаннан артық қадам жасамаған бозөкпелігіне іштей ренжулі. Олар өз кейіпкерінен батыл әрекет күткен еді. Ең болмаса, қайтар жолда қолынан ұстап, құшағына тартар деген үмітте болатын. Оқиғаның соңғы жағында «хабар-ошарсыз, із-түссіз» кеткен жігітке деген кіжініс бойын билейді. Ал Дариға альбом ішінен кепкен гүлдің қалдығын көрсеткенде көпшіліктің ықыласы қызға қарай ауып түседі. Жігітке «Бақ талайыңды асырар теңіңнен айырылғаның қалай?» деп, кінәлағандай сыңай танытады. Екеуінің қосылмағанына іштей өкінеді. Ақырында тағдыры тоғыспаған кейіпкерлерімен тілектестік сезіммен қоштасады. Шығарманың тілі де шұрайлы. «Асау көңіл бұйдаланған ой шылбырын қашты алып», «Үміт, арман асықтырды, жетеледі бізді алға» деген сияқты оралымды сөз тіркестері жүректі баурайды. Өлеңнің ұйқасы да өте жеңіл жымдасқан. Қарапайым сөздердің орын-орнында қиюласып тұрғанына иланбасқа шара жоқ. Қиыннан қиыстырып жатпаса да келісім тауып тұр. Өз-өзінен ақын көмейіне лекілдеп келетін тәрізді. Сонымен бірге атылмаған вулканның лавасындай тереңде жатқан орасан эпикалық қуат сарыны сезіледі. Газеттің әлгі санын аудан орталығындағы үйіме әкеліп сары майдай сақтап қойдым. Өз өмірімде алты-жеті рет қоныс аудардым. Талай газет-журналды көшкен орында қалдырып кеткен кез болды. Бірақ сүйікті ақынымның сол жырын қолдан шығарған емеспін. Содан бері Мұхтар Шаханов талай кітап шығарып, ұлттың маңдай алды ақындарының қатарына қосылды. Тана көзі жарқыраған «Танакөз» поэмасы қазақ әдебиеті көгіндегі махаббатың жыр-жауһарына айналды. Философиялық балладалары қаншама! Солардың арасынан мен үшін Мұхтар поэзиясының ішіндегі тайтұяқ алтындай «Дариға» балладасының орны ерекше. Университетте оқып жүргенде «Қазақ совет әдебиеті» курсы бойынша дәріс беретін ұстазымыз профессор Тұрсынбек Кәкішев алдында емтихан тапсырғанда билеттегі үшінші сұрақ қазақ әдебиетіндегі баллада жанры жайлы болды. Сонау Саттар Ерубаевтан бастап, ортадағы Қайнекей Жармағамбетовтен Мұхтар Шахановқа дейінгі ақындардың осы саладағы шығармашылығына тоқталдым. Ұстазым риза болып, жылы қабақ танытып, ішіне тартты. Билеттің бір сұрағы Бейімбет Майлиннің драматургиясы жайлы еді. Оған да кеңінен көсіле жауап қайырдым. Халық театрына қатысып жүргенде «Талтаңбайдың тәртібі» спектаклінде басты кейіпкердің рөлін орындағаным бар. Қызды-қыздымен пьесаның есте қалған тұстарынан актерлік мақамға салып үзінділер оқыдым. Мінезі жібектей, салмақты, салиқалы ұстаз менің «Сынақ кітапшамды» парақтап, бірінші курстан бергі қазақ әдебиетіне қатысты пәндерден алған бағаларыма көз жүгірткен сияқты көрінді. Мен сұрақтарға түгел жауап беріп шыққан соң қоңыр даусымен баптай сөйлеп: «Қандай тақырыпта диплом жазбақ ойың бар?» деген сауал шетін шығарды. Сөйтіп, Мұхтардың өлеңдерін сүйіп оқуымның арқасында Тұрсынбек ағаның назарына іліккенім бар. Алайда дипломдық тақырыбым тіл тарихына арналды. Әлі күнге тіл тарихымен «ауырып» келемін. Ол өз алдына бір әңгіме. М.Шахановтың «Балладалар» атты тарының қауызындай кітапшасы қолыма 1968 жылы ілікті. Өкінішке қарай, бұл кітаптан Мұхаңның тұңғыш жазған «Дариға» балладасын көре алмадым. Кітап «Құдаша немесе алғашқы махаббат туралы балладасымен» ашылған. Қос шығарманың тақырыптық желісі ұқсас, бір-бірін қайталап тұрған соң біреуін автордың өзі алып тастады ма? Әлде, баспа редакторларының қайшысына ілігіп, қиылып кетті ме? Ол жағы маған беймәлім. Алайда «Құдашаның» көтерген жүгі мен көркемдік дәрежесі «Дариғаға» қарағанда маған әлдеқайда төмен көрінді. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, жиырма жасымда жан дүниемді толқытқан ақынның «Дариғасы» маған аса қымбат. Сондықтан да аталмыш баллада кейіпкері сақтаған гүл сияқты осыдан елу сегіз жыл бұрын жарияланып, әбден сарғайған газет қиындысын әлі күнге сарымайдай сақтап, арнайы папкаға салып, жоғалтпай келемін. Айтпақшы жетпісінші жылдардың бас шеніндегі Мұхтар Шаханов және композитор Әсет Бейсеуовпен Талас ауданы жастарының кездесуінде осы екі сәтті қысқаша баяндап берген едім. Бұл жүздесу Мұхаңның есінде бар ма, жоқ па білмеймін. Ал содан бері өткенімен жарты ғасыр (одан да көп), ұмытылмайтын әдемі әсер әлі де жадымда тұр, сол бір өлеңнің кәусар нәрінен сусындаған мөлдір бастау, сол бір жас Мұхтар сыйлаған «Дариға»-жыр, бәрі-бәрі бүгінгідей көз алдымда.

Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, Тараз қаласы