Жаңалықтар

Жер заңнамасына жіті көңіл бөлу керек

Жер заңнамасына жіті көңіл бөлу керек

Осыдан тура 7 жыл бұрын елімізде Парламенттің бекітуімен «Қоғамдық кеңес туралы» Заң қабылданған болатын. Бүгінде қоғамдық кеңестер мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші әрі бақылаушы органға айналды. Бұл тұрғыда облыста да жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Жуырда Жамбыл ауданында облыстық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтіп, жер қатынастары саласын зерделеу қорытындысы туралы мәселе жан-жақты қаралды. Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев жүргізді. Басқосуда аудандық қоғамдық кеңестің жұмысшы тобының жетекшісі Өмірбек Ботаев аймақтағы жер қатынастары саласын зерделеу нәтижесі туралы баяндама жасады. Баяндамашы зерделеу барысында аталған салаға қатысты бірқатар кемшілік анықталғанын сөз етті. – Аудан аумағы 430 954 гектарды құрайды. Оның ішінде ауылшаруашылық жерлері – 241 044, елді мекендер – 38 099, өндірістік мақсаттағы жерлер – 9 965, орман қорының жері – 125 787, су қорының жері – 1 220, жер қорындағы жерлер – 14 839 гектар. Зерделеу барысында көз жеткізгеніміздей, қосалқы жер қорындағы жерлерді қайта айналымға енгізу мақсатында 2023 жылдың 23, 25 мамыр күндері ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне конкурс ұйымдастырылған. Конкурсқа жалпы көлемі 688,8191 гектар жер ұсынылған. Оның ішінде 234,3501 гектары суармалы егістік, 454,4690 гектары суарылмайтын егістік, барлығы 68 жер учаскесі шығарылып, 52 учаскедегі жалпы көлемі 612,36 гектар жердің қайта айналымға енгізілгендігі анықталды. Осы жылы аудан аумағындағы елді мекендерден кәсіпкерлік мақсатта жер учаскелерін беру үшін 6 аукцион өткізіліп, 0,9399 гектар жер учаскелерінің кадастрлық құны 95 мың 038 теңгені құраған. Ал сатылған бағасы 6 миллион 491 721 теңге болып, бюджетке кіріс келтірілген. Ауданда «Ауыл аманаты» жобасына сәйкес құрылған ауылшаруашылығы кооперативіне мемлекеттік жер қорынан көлемі 166,58 гектар егістік жер учаскелері жалға берілген, – деген Өмірбек Ордабекұлы аудан аумағынан инвестициялық жобаларға және ауылшаруашылық өндірісін жүргізуге берілген жерлердің өз мақсатына сай пайдаланылмай жатқанын жеткізді. Баяндамашының сөзінше, Ерназар ауылдық округі аумағындағы «Торанғылы» мемлекеттік жер қоры учаскесі жерінен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сы» акционерлік қоғамына интенсивті бақтар және жеміс-жидек өнімдерін өсіру үшін уақытша өтеулі 1066,1507 гектар жер 20 жыл мерзімге пайдалануға берілген. Сонымен қатар Ерназар ауылдық округі аумағындағы «Тораңғылы» мемлекеттік жер қоры учаскесі жерінен «Көкжиек-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауылшаруашылық өндірісін жүргізуге 247,86 гектар жерді жалға алған. – Жер кодексінің 92-бабының 3-тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын, ауылшаруашылық өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесін пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен, яғни мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Жер учаскесiнің меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама табыс етілген күннен бастап жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталған кез деп есептеледі. Осы баптың 4-тармағына сәйкес, шаруа немесе фермер қожалығын, ауылшаруашылық өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау жағдайларына егістікте жер учаскесін ауылшаруашылық дақылдарын егу үшін өңдеу жөніндегі жұмыстардың жүргізілмеуі, жайылымдарда жаю үшін ауылшаруашылық жануарларының болмауы не олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының жиырма пайызынан аз болуы және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың болмауы нақты көрсетілген. Осы орайда жоғарыдағы айтылған мән-жайларға байланысты, өз мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстарды жүргізу қажет деп есептейміз. Қазіргі таңда аудан бойынша жер кезегінде 19 692 адам тұр. Ауданда 2021-2023 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылысына жалпы 1 885 жер учаскесі бөлінген. Биыл Аса ауылының Бас жоспары бойынша бөлініп берілетін алаңдардың дайын болуына байланысты және жер кезектілігі бойынша, 811 азаматқа уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 3 жыл қысқа мерзімге көлемі 0,10 гектардан жер учаскелері берілген. Айта кететін бір жайт, ауыл тұрғындарына жер учаскелері тұрғын үй салуға берілгенімен құрылыс жұмыстары өте төмен деңгейде жүріп жатыр. Мысалы, Ш.Ниязбеков ауылындағы 97 жер телімінен 27, Тастөбе ауылынан 79 жер телімінен 11, Қызылқайнар ауылынан 222 жер телімінен 91, Бектөбе ауылынан 143 жер телімінен 15, Айшабибі ауылынан 382 жер телімінен 41, Бірлесу-Еңбек ауылынан 130 жер телімінен 23 үйдің ғана құрылыс жұмыстары басталған, – деді Ө.Ботаев Өмірбек Ордабекұлы мемлекет мұқтажы бойынша Шайқорық, Гродеково елді мекендерінің кеңейтілген Бас жоспарларына түскен жер пайдаланушылардың жерлерін алу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылғанын тілге тиек етті. Шайқорық ауылының Бас жоспарына 19 жер пайдаланушының шығын құны 8 871 550 теңге болатын, жалпы көлемі 91,33 гектарды құрайтын жер учаскелері түскен. Соның ішінде 8 жер пайдаланушы көлемі 50, 20 гектар жер телімін қайтаруға келісімін берсе, 1 жер пайдаланушы 1,5 гектарды өз еркімен жер қорына өткізген. Ал 10 жер пайдаланушы жер телімдерін қайтармай отыр екен. Сондай-ақ Гродеково ауылының Бас жоспарына 14 жер пайдаланушының шығын құны 10 029 978 теңгені құрайтын, жалпы көлемі 103,83 гектар болатын жер учаскелері түсіпті. Бүгінгі күнге 14 жер пайдаланушының 11-і жер телімдерін қайтаруға келісімін берсе, 3 жер пайдаланушы қарсылық танытып отыр. Келісімдерін бермеген екі елді мекендегі жер пайдаланушылардың жерлерін сот арқылы қайтарып алу үшін талап-арыз ауданаралық экономикалық сотқа жолданған көрінеді. Бүгінгі күнге ауданда ауылшаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған жалпы көлемі 11 364 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған екен. Ө.Ботаевтың сөзінше, аймақтағы жалпы жайылым көлемі 177 020, елді мекен жайылымы 33 321, орман қоры жайылымы 64 564 гектарды құрайды. Ауылдық округтерге қоғамдық пада үшін 18 761 гектар берілген. Бұл өңірде мал жайылымдарына деген қажеттілік 87 100 гектарды құраған. Қазіргі таңда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 22 100 гектарды құрайтын жайылым жетіспеушілігі анықталып отыр. Ауылдық округтердің жайылымын ұлғайту үшін қосалқы жер қорындағы жалпы көлемі 12 725 гектар жайылымдық жер бекітіліп берілген. Елді мекендерден 5-7 шақырымдық аймақта ауылшаруашылық жануарларын жаю үшін жайылымдық жерлері бар 115 жер пайдаланушымен 48 664 гектар жерге меморандумдар жасалған. Аудан бойынша 17 ауылдық округ бойынша 2022-2023 жылдарға арналған жоспар мен жайылым схемасы аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген екен. Бүгінгі күнге 8 ауылдық округ бойынша (Айшабибі, Ақбастау, Жамбыл, Қаратөбе, Қаракемер, Қызылқайнар, Қарой, Қарасу) халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатында 94 жер пайдаланушы мен меншік иелерінен жалпы көлемі 6 037 гектар жайылымдық жерлерді мемлекет мұқтажы үшін алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ зерделеу жұмысы барысында 9 жер пайдаланушыға шаруа қожалығын жүргізуге берілген жерлердің пайдалану мерзімінің өтіп кеткендігі анықталды. Сонымен қатар аудан әкімдігінің 2022 жылғы 4 қарашадағы №558 қаулысымен қайтыс болған азаматтардың жалпы көлемі 1456,59 гектарды құрайтын 96 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынған. Бірақ бүгінгі күнге дейін аталған жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтаруға шаралар қолданылмаған. Баяндамашының есебінен соң жиынға қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойды. Мәселен, қоғамдық кеңестің мүшесі, аудандық фермерлер одағының төрағасы Құрбаналы Аманов баяндамада сөз болған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Көкжиек» ЖШС инвестициялық жобаларды іске асыру үшін «Тораңғылы» мемлекеттік жер қорынан жалға алған учаскелерін қайтару үшін нендей жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Сонымен қатар «Әулиеата» халықаралық әуежайына жақын маңда қоныстанған Бектөбе ауылының тұрғындары жерасты суы көтеріліп, әуе көлігінің ұшуына қауіп әкелетін болғандықтан 350-400 гектардай жерлерін пайдалана алмай отырғанын айтты. Ал аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымтай Шамбаев аудандық жер бөлімі қолданыстағы жерлерді бірде багара, енді келесіде суармалы етіп ауыстыратынын айтып, мұндай шешімдер ауылдық округтің әкімдерінің рұқсатымен жүзеге асырылса деген өтінішін білдірді. Орынды сауалдар мен өтініштерге жауап берген аудан әкімдігі жер қатынас­тары бөлімінің басшысы Ұлан Асылбеков көтерілген мәселелердің барлығы басшы­лықтың назарында екенін, инвести­ция­лық жобаларды жүзеге асыру мақсатында жалға берілген «Тораңғылы» мемлекеттік жер телімдері мемлекет меншігіне қайта­рылғанын айтты. Ұлан Темірханұлы зерде­леу кезінде анықталған пайдаланусыз жатқан өзге де жерлерді қайтару мақсатында жұмыстар атқарылып жатқанын сөз етті. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Әбдірайымов бөлінген жер телімдерінде тұрғын үй құрылысы баяу жүріп жатқанына алаңдаушылық білдірді. – Өздеріңіз білетіндей, аталған учаскелерге инфрақұрылым жүргізу үшін шамамен 2,5-3 миллиард көлемінде қаражат кетеді. Алайда жер иелерінің құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, баспаналарына кіруіне одан да көп ақша керек. Үйлерінің құрылысын берілген уақыт ішінде аяқтауға көбісінің қалтасы көтере бермейді. Содан соң ол жер қараусыз жатады. Аяғында соншама ақшаға жүргізілген инфрақұрылымдар қолды болады. Осы мәселені бір жағына шығару қажет. Бәлкім, көрші облыстардың тәжірибесіне сүйене отырып модельді үй салу керек шығар. Болмаса құрылыс компанияларымен келісімге келіп, тұрғындарды дайын үйге кіргізіп, ақшасын ай сайын төлеп отыратындай жағдай жасау керек. Әрине, бұл менің өзіндік ойым, мұны әлде де асықпай отырып талқылаған жөн. Екі тарапқа да тиімді, шығын келтірмейтін жолын табу қажет, – деді М.Әбдірайымов. Төрағаның бұл ұсыныстарына аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов та қолдау білдіріп, нысаналы мақсатта пайдалануға берілген жерлердің қатаң бақылауда екенін жеткізді. – Қоғамдық кеңестің отырысын пайдалана отырып осы мәселеге қатысты ұсынысымды білдіргім келеді. Біздің аудан облыс орталығын қоршап жапсарлас жатқан соң көптеген кәсіпкерлердің қызығушылығын тудыруда. Осында келіп қызылша еккісі келетін кәсіпкерлер көп. Қызылорда, Шымкент қалаларының іскер азаматтары, тіпті шетелдік инвесторлар да жалға жер телімдерін алуға сұраныс білдіріп отыр. Ал заң бойынша жерді тек конкурс арқылы бере аламыз. Сондықтан кәсіпкерлерге де, тұрғындарға да жерді конкурс арқылы тек 1 жылға ғана жалға берсек. Егер кәсіпкерлердің жобалары тиімділігін көрсетіп жатса, заң аясында пайдалану мерзімін создыруға болады. Осы тұста жер телімдерін нысаналы мақсатына қарай өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, сауда-саттық және тұрғын үй бойынша 4 бағытқа бөліп қарастыруды ұсынғым келеді. Бұл жұмысты жүйелендіріп, әлдеқайда жеңілдетер еді, – деді Ербол Жұмабекұлы. Маңызды мәселе талқыланған ке­ңес отырысының қорытындысы бой­ынша аудандық кеңес екі ұсынысты ортаға салды. Мәселен, Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағында ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 284-бабына сәйкес, жер телімі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін берілетіндігі көрсетілгенімен жалға беру мерзімі айқындалмаған. Аудан аумағынан инвестициялық-инновациялық жобаларға берілетін жерлерді 1 жыл қысқа мерзімге беру жөнінде Жер кодексіне өзгерістер енгізілсе деген ой ортаға салынды. Сонымен қатар Жер кодексінің 44-1-бабының 2-тармағында жер пайдала­нуға берілген жер учаскесін жекеменшікке сатып алу объект пайдалануға берілгеннен кейін жүргізілетіні көрсетілген. Бірақ жерінде қанша шаршы метрде құрылыс жүргізілуі тиіс екендігі нақтыланбаған. Сол себепті бұл мәселе де егжей-тегжейлі ескерілгені абзал. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru