Жаңалықтар

Көпбалалы ана көпке үлгі

Көпбалалы ана көпке үлгі

Халықты жұмыспен қамту ісінде жергілікті жердегі мансап орталықтарының атқаратын рөлі маңызды. Мұндай мекемелер еңбек нарығының сұранысына орай бос жүргендерді жұмысқа орналастырып, мәселені реттеумен айналысады. Қолында дипломы бола тұра жұмыс таппай жүргендер мен тұрғындарға халықты жұмыспен қамтуға қатысты қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар айтарлықтай көмегін тигізіп жатқаны өз алдына бөлек әңгіме. Мәселе қолында дипломы жоқ немесе кезінде игерген мамандығы бойынша жұмыс таппай жүргендер жайлы. Дегенмен мемлекет адамның кәсібилігін қажет етпейтін жұмыстар бойынша да халықтың әжетін ашып отырғанын айта кетуіміз керек. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар осындай әртүрлі жұмыс орындарына уақытша жолданатындарды бір сөзбен «қоғамдық жұмысшы» деп жатамыз. Талас ауданы биыл 548 адамды ақылы қоғамдық жұмыспен қамтуға бюджет есебінен 408 миллион теңге қарастырыпты. Нәтижесінде 909 бос жүрген адам уақытша жұмыспен қамтылған. Бағдарламаны 566 адам мерзімінен бұрын аяқтап, 348-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Қоғамдық жұмысқа орналасқандардың ішінде Қаратау ауылдық округіне қарасты Есейхан ауылының тұрғыны Нұрбала Ертаева да бар. Ол осы жылы аталған ауылдық округте жұмыссыз ретінде тіркелген екен. Оның отбасы аз қамтылған, көпбалалы санатына жатады. Нұрбала Нұрланқызы жеті баласы бола тұра және ең кенжесі екі жарым жаста болса да әлі күнге «Алтын алқа» алмапты. Балаларға берілетін жәрдемақы, күйеуінің азын-аулақ табысы ішіп-жемге жетпейтін болғаннан кейін жыл басында ауылдық округке жұмыс сұрап барған көрінеді. Тіпті жоқшылық жаз айында жанына батқаннан кейін, амал жоқ, аудандық мансап орталығына барып, көмек сұраған. Ондағы мамандар ауылдық округ әкімі аппаратына өтініш жасап, қыркүйек айынан бері өз ауылында қоғамдық жұмысшы болып еңбек етіп жүр екен. – Бұрын мұғалім мамандығын сырттай оқып алған едім. Бірақ бала оқыту ісінде тәжірибем болмағандықтан және ол ұлт ұрпағын ұлы жолға жетелеуде аса жауапты іс болғаннан кейін бұл мамандық бойынша жұмыс іздеген жоқпын. Оның үстіне әулетке келін болып түскелі баламен үйде отыру жұмыс істеуге еш мұрша бермеді. Одан бөлек үш қарияны бағып-қақтым. Оның бірі – өзімнің ата-енем болса, тағы бірі – әжем. Ол кісі осыдан оншақты жыл бұрын жасы 113-ке келіп өмірден озды. Екі апта бұрын атамды ақтық сапарға шығарып салдық. Қазір енем қолымда. Сол кісілердің зейнетақысы бұрын жоғымызды білдірмегенін несіне жасырайын? Үйде екі жарым жастағы балам бар. Таңертең олардың ас-ауқатын дайындап, жұмысқа кетемін. Құрсағымнан шыққан жеті ұл-қыздың екеуі тұрмыста. Біреуі студент болса, үшеуі мектеп жасында. Баламның екеуі таңертеңгі ауысымда оқыса, біреуі мектепке түс қайта бара­ды. Екі жарым жастағы балама мектеп жасындағы балаларым кезектесіп қарайды. Жұмыста жүргенде кешке дейін уайымнан арыла алмаймын. Жұбайымның табысы – 75 мың теңге, менің табатыным – 68 мың теңге. Тапқан ақшамыздың тең жартысынан көбі несиені жабуға жұмсалады. Күйеуім Қаратау қала­сындағы колледждердің бірінде күзетші болып еңбек етеді. Жұмысқа отбасылық бюджеттің жетіспеушілігі жанға батқаннан кейін шықтым, – деді ол. Айтуынша, екі қызын ұзатамын деп микроқаржы ұйымының несиесін қайтара алмай қалып, ол да айтарлықтай соққы болып тиген екен. – Мемлекеттен осы күнге дейін атаулы әлеуметтік көмек алған емеспін. Табысымызды есептеген тиісті мамандар «Жұбайыңыздың атында бір жүк көлігі, бір трактор, бір жеңіл көлік бар, сол үшін атаулы әлеуметтік көмек берілмейді» деді. Аталған жүк көліктері көп жылдан бері жүрмейді. Ал жеңіл көлікпен отағасы ауданға қатынап жұмыс істейді. Жұмысы ерте басталатын болғандықтан ауылдан таң атпай шығып кетеді. Ондай уақытта ауданға баратын адам да шыға бермейді. Жолаушы мінсе, көліктің ең болмаса жанармайына сеп болар еді. Жаным қысылғанда ауылыма қо­ғам­дық жұмысқа жолдама беріп кө­мектескен аудандық мансап орталы­ғының қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Әйтсе де осы айдың соңында жыл аяқталып, менің жұмысым тоқтап қалатын түрі бар. Егер бұл жұмыстың мерзімі аяқталып, мен тағы жұмыссыз қалсам, алдағы қаржылық жағдайды ойлаудың өзі қиын, – деп қамықты Нұрбала Нұрланқызы. Талас ауданының Қаратау ауылдық округіне әкім жаңадан сайланған екен. Көпбалалы ананың жұмысқа тұруында қандай қиындық кездескенін, «Алтын алқаның» осы уақытқа дейін не себепті берілмегенін бұған дейін осы ауылдық округ әкімі болған Асхат Малташовтан сұрауды жөн санағанбыз. Алайда оның ұялы телефонына қоңырау шалғанымызбен сөйлесудің сәті түспеді. Десе де жағдайды аталған ауылдық округтің қазіргі әкімі Мұратбек Несіпбаевтан білдік. – Ауылдық округте Есейхан, Қарой елді мекендері бар. Мұндағы халық саны – 1 196, оның мыңға жуығы округ орталығы Есейхан ауылында тұрады. Округ бойынша 22 адам жұмыссыздар есебінде болса, оның 12-сі қоғамдық жұмысқа тартылды. Одан бөлек үш өрен «Жастар тәжірибесімен», екеуі «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша, бір адам «Күміс жас» жобасы аясында, екі жас маман «Дипломмен –ауылға!» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасса, 34 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 4 көпбалалы ана мемлекет есебінен берілетін қайтарымсыз қаржыға ие болды. 4 жас азамат 2,5 пайыз жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Үш адам кәсіпкерлік негіздері бойынша онлайн курстан өтуде, алты тұрғын жұмыс берушілердің сұранысына орай жұмысшы мамандағы бойынша қысқамерзімді оқыту курсына қатысып жатыр. Нұрбала Ертаева мен әкім болып сайланғалы қоғамдық жұмысшы болып еңбек етіп келеді. Демек, оның жұмысқа орналасуына бұрынғы әкімнің септігі тиді деп айтуға болады. Өйткені Нұрбала Нұрланқызы осы ауылдық округке жұмыс сұрап тамыз айында келген екен. Бұрынғы жұмыспен қамту орталықтары шілдеде мансап орталығы ретінде қайта құрылғандықтан жылдың келесі жартыжылдығында жолдамалар тамыз айының 15-інде берілді. Бұл кісі жылдың екінші жартыжылдығына жұмыспен осылай қымтылып тұр. Ол кісінің үйіне барып, жағдайымен танысқанмын. Үйінде шиеттей бала-шағасы бар. Жұмысқа амал жоқ шыққа­нын, осы жылы жұмысы аяқтала­тынын, «Алтын алқасын» әлі алмағанын маған да айтқан. Өзім жұмысқа жаңадан келсем де, ең алдымен, осындай мәселе­лерді реттеумен айналыстым. Ол кісінің жағдайын айтып, аудандық мансап орталығының басшылығына хабарластым. Келер жылы біздің сұра­нысымыз негізінде Нұрбала Нұрланқызына жолдама берілетін болды. Ол кісі осы жұмысын келер жылы да жыл бойы жалғастыратын болады. «Алтын алқаға» қатысты құжат тиісті орынға мен әкім болғанға дейін жолданып қойған екен. Анығын айтқанда, құжаттар облыстан республикаға жолданған көрінеді. Алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі деген үміттеміз. Ал атаулы әлеуметтік көмек мәселесіне келсек, ол кісілердің үйіндегі жарамсыз техниканың салығы жүріп тұр. Пайдасы жоқ темір-терсек салық төлеттіргеннен бөлек, мемлекеттің жәрдемақысынан қағып жатқанын алға тарта отырып, оны сатып құтылу керектігі жөнінде кеңес айтқанмын. Әлдеқашан істен шыққан техникалардың қаңқасын өздері қимай отыр, – деді Мұратбек Төлеуұлы. Адамның күш-қуаты, беделі, денсаулығы ақшамен өлшенетін мына заманда жұмыссыз қарап отыру ешкімге абырой әпермейді. Еңбек еткен адам аз тапса да, көп тапса да оның берекесіне орай отбасылық қаржылық дағдарысты еңсереді. Біздің кейіпкеріміз де адал еңбегіне арқа сүйейтін адам. Қоғам осындай еңбекқорлармен мақтануы керек. Нұрым Сырғабаев