Жаңалықтар

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГЫ САРАПҚА САЛЫНДЫ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГЫ САРАПҚА САЛЫНДЫ

Жамбыл облысы әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 5-6 желтоқсан аралығында Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз- Арена» спорт кешенінде олимпиадалық жекпе-жек спорт түрлерінен «Жамбыл облысы әкімінің кубогы» командалық жарысы өтті. Облыс деңгейінде олимпиадалық жекпе-жек спорт түрлерінен жеңімпаздарды анықтау, Тараз қаласы мен аудан құрама командасын қалыптастыру мақсатында 5 спорт түрінен (бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес және таэквандо WT) өткізілген жарысқа Тараз қаласының және 10 ауданның командалары қатысты. Тартысқа толы болған турнирдің қорытындысы бойынша командалық бокс, грек-рим, дзюдо, таэквандо WT бәсекелерінде Тараз қаласының командасы ешкімге дес бермей, алтыннан алқа тағынды. Ал еркін күресте Меркі ауданының кіл мықтыдан жасалған командасының алдына ешкім түсе алмады. Сондай-ақ бокстан ІІ және ІІІ орындарды Байзақ, Жуалы аудандарының командалары өзара бөлісті. Грек-рим күресінен ІІ орынға Тараз қаласының, ІІІ орынға Жамбыл ауданының командасы табан тіреді. Дзюдо бәсекесінде де Тараз қаласының командасы ІІ орынды еншіледі. Үздік үштікті Талас ауданының командасы түйіндеді. Еркін күрестен ІІ орын Тараз қаласының, ІІІ орын Жуалы ауданының командасына бұйырды. Таэквандо WT жарысында ІІ орынды Байзақ ауданының, ІІІ орынды Тараз қаласының командасы жеңіп алды. Әр спорт түрі бойынша жарыстың жеңімпаз мен жүлдегер командалары арнайы диплом, медаль, кубок және қаржылай сыйлықпен (І орын – 500 000 теңге, ІІ орын – 300 000 теңге, ІІІ орын – 200 000 теңге) марапатталды.