ГРАНТ АЛЫП, МАЛ БАСЫН КӨБЕЙТІП ЖАТЫР
ГРАНТ АЛЫП, МАЛ БАСЫН КӨБЕЙТІП ЖАТЫР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек», деген еді. Сондай-ақ Президент: «Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет», деп баса айтқан болатын. Әрине, кәсіпкерлікті дамыту үшін оған арнайы қаржының бөлінуі де маңызды. Біздің мемлекет сол қаржыны бөлу үшін түрлі пилоттық бағдарламалар мен ұлттық жобаларды жүзеге асырып келеді. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда қайтарымсыз гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр. Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1 054 адамға 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында кәсіпкерлікті дамытуға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып, есепті кезеңде 1 045 адам 1440,4 миллион теңге грант алған. Оның ішінде 556-сы көпбалалылар, 258-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар, 133-і мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілер, 57-сі асыраушысынан айырылғандар, 37-сі атаулы әлеуметтік көмек алушылар және төртеуі қандастар. Жоба аясында берілген қайтарымсыз грант тұрғындардың кәсіп бастап, табыс тайқазанын тасытуына көп көмегін тигізуде. Сондай-ақ аталған жобаның көмегін облысымыздағы ең шалғай аудандардың бірі Сарысу ауданының тұрғындары да көріп отыр. Мәселен, Жаңатас қаласында жеке секторларда тұратын тұрғындар да грант алып, мал басын көбейтуде. Мемлекеттік қолдауға ие болып, 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант қаражатын алған Жаңатас қаласының тұрғындары, көпбалалы аналар Сандуғаш Артықова, Жансая Рақымжанова, Аманбала Сүлейменова сиыр өсірумен, көпбалалы ана Айгүл Қобыланова қой өсірумен айналысып, шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Ал Қамқалы ауылдық округіндегі Қамқалы ауылының тұрғыны Малдыбай Жанпейісов 1 миллион 380 мың теңге грант қаражатын алып, сиыр өсірумен айналысып жатыр. Қамқалы ауылдық округі негізінен мал өсіруге қолайлы аймақ болғандықтан бұл елді мекендердің де тұрғындары қазіргі таңда мал басын көбейтуді қолға алған. Міне, осындай мемлекет игілігінен пайдаланып, өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі жаңатастық Сабыр Жаңабаев. Ол да кәсіпкерлік негіздерін оқу курсынан өтіп, қайтарымсыз грант қаражатына өз жобасын ұсынып, мемлекеттік қолдауға ие болған азаматтардың бірі. Ол өзінің кәсібін жылқы бағудан бастағанының сыры малшаруашылығын жақсы білетін болғандықтан екенін айтады. – Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан түрлі бағдарламаның басым бөлігі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталғанын білесіздер. Міне, сол ұлттық жобалар арқылы берілетін гранттардың да игілігін өзіміз сияқты жеке кәсіпкерлер көріп жатыр. Бұл шын мәнінде қуанарлық жағдай. Мен өзім Үкіметтен алған грантыма жылқы сатып алдым. Өйткені біз қанша айтқанмен ауылда өстік. Мал өсірудің қыр-сырына қанықпыз. Сондықтан әркім өзінің қолынан келген кәсіпті жасау керек деп ойлап, өз ыңғайымызға осы келеді-ау деп топшыладық. Оның үстіне таңдауымның жылқыға түскен себебі – бұл артық шығынды қажет етпейтін мал. Олай дейтінім, біріншіден, жылқы малы басқа түліктерге қарағанда суыққа да, ыстыққа да шыдамды келеді. Әрі басқа ірі қара сияқты кез келген жұқпалы аурулармен ауыра бермейді. Сондай-ақ бір семіріп алғаннан кейін жемшөпті де көп талап етпейді. Осындай ерекшеліктерін ескере келе, жылқы өсіру кәсібімен айналысамын деген байламға келдім. Енді бір жағынан, бабаларымыз, Жамбыл атамыз «ішсең қымыз, жесең ет» деп баға берген бұл жануардың еті де, сүті де түрлі дертке ем. Оның үстіне басқа малдарға қарағанда мұның сүті де, еті де қымбат болып келеді. Бұл біздің тез көтерілуімізге де қолайлы болмақ, – дейді Сабыр Жаңабаев. Ауданда кәсібін дамытып жатқан барлық грант иегерлері алдағы уақытта мал басын көбейтіп, ет, сүт өнімдерін өндіріп, сол арқылы табыс табуды жоспарлап отыр. Айжан ӨЗБЕКОВА