«Top Jargan»-ның тірлігі тиянақты
«Top Jargan»-ның тірлігі тиянақты
Елімізде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде кәсіп бастап, табысын арттырып, тұрмысын жақсартқандардың қатары жыл санап артып келеді. Үкімет ұлттық жобаны іске асыру арқылы 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар 1 миллионға жуық жұмыс орнын құруға және мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14 пайызға дейін азаяды деп көзделуде. Сондықтан да жыл сайын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында халыққа түрлі бағытта тегін гранттар берілуде. Биыл гранттарға өтініш беру кезеңінің соңғы легі 1 қыркүйектен басталып, 22 қыркүйекке дейін жалғасты. Аталған жобаға қатысушы үміткерлердің өтініштерін арнайы құрылған комиссия қарап, саралайды. Егер қатысушының идеясы барлық талаптарға сай болса, грант беру туралы шешім қабылданады. Сөйтіп, келісімшарттарға қол қою және грант алушыға қаражат аудару жұмыстары бірден жүргізіледі. Дегенмен осы ретте бірқатар мәселе бар екенін айтпай кетуге болмайды. Ең маңыздысы, грант алғаннан кейін де өз кәсібін лайықты деңгейде жүргізіп кете алмай жатқандар аз емес. Сондай жағдайда халықты кәсіпке тәрбиелейтін, өз кәсібін жандандыруға көмектесетін орталықтардың болуы маңызды. Мемлекеттің қолдауының арқасында бүгінгі таңда мұндай орталықтар да жыл санап көбеюде. Осы орайда Жуалы ауданындағы «Top Jargan» оқыту орталығы сөзімізге дәлел бола алады. Орталық қазіргі таңда жұмыссыздарды қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткізуді қолға алған. – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыссыздар үшін қысқамерзімді кәсіптік оқытудың бірқатар бағыты көзделген. Яғни ұлттық жоба 10 міндетті көздейді. 3 міндет халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған. Сондықтан да «Мемлекеттің қамқорлығын ауылымыздың тұрғындары да неге көрмеске?» деген идеямен орталық аштық. Басты мақсатымыз – ауылымыздың жастары жұмыссыз жүрмесін, бір кәсіптің болса да басын ұстап, бір мамандық болса да үйренсін деген ниет. Негізі орталық әу баста ағартушылық бағытта құрылған. Кейіннен біз арнайы кәсіпке тәрбиелейтін бөлім аштық. Өйткені көбінде мектеп жасындағы оқушыларымызды ән мен би, денешынықтыру және басқа да курстарға қабылдайтынбыз. Былтырдан бері кәсіпкерлікті қосып, жұмыссыз жастарымызға бағыт-бағдар бере бастадық. Қазіргі таңда ауылдағы жұмыссыз жастарымыз 3 айлық курсымыздан тегін білім алуға жазылып, үйреніп жатыр. Білім алып шыққаннан кейін гранттарға қатысып, игерген мамандықтары бойынша өз кәсібін бастайды, – дейді «Top Jargan» оқыту орталығының директоры Нүрила Мәлібекова. Оқыту орталығында бүгінде 24 жұмыссыз қыз-келіншек қайта кәсіптік даярлаудан өтуде. – Техника мен технология қарыштап дамыған шақта орын алып жатқан өзгерістер еңбек нарығына да өз әсерін тигізуде. Қоғамда сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен мамандықтар пайда болуда. Сол себепті де еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өтудің тиімділігі жоғары болмақ. Оқыту орталығына келіп, білім алып жатқанымыздың да себебі сонда. Бұйырса, алдағы уақытта орталықтан алған білімімді тәжірибемен ұштастырып өз ісімді бастасам деп жоспарлап отырмын. Бір жағынан, осылайша өзімді жұмыссыздықтан құтқарамын, екіншіден, ауылдастарыма да бір пайдам тиеді, – дейді оқыту орталығынан білім алушы Мәдина Сарыпбек. Ал аудан тұрғындары «Top Jargan» оқыту орталығы жұмыссыз қыз-келіншектерді қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткізуді қолға алғалы көп жастардың беті кәсіпке қарай бұрыла бастағанын айтады. Оқу орталығында негізінен Нұрлыкент, Көктөбе, Қосбөлтек және Б.Момышұлы ауылдарының жұмыссыз азаматтары білім алуда. Оларға арнайы шәкіртақы да тағайындалған. Мәселен, аудан орталығында тұратын азаматтарға 32 681 теңге көлемінде шәкіртақы берілсе, өзге ауылдардан келетіндерге жолақысы мен тұратын жерін қоса есептегенде 67 181 теңге төленуде. Қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткен соң оқуға қатысушылар емтихан тапсырады. Мәселен, емтиханда кондитер өзі таңдаған кез келген тәтті бәліштің технологиялық картасын жасап, комиссия алдында қорғап шығуы керек. Сол секілді шаштараз мамандығында оқыған қыз-келіншектер де қазылар алдында емтихан тапсырады. Емтиханнан сүрінбей өткендерге мамандықты меңгергені туралы куәлік беріледі. Айта кету керек, орталық келесі жылы да ұлттық жоба шеңберінде кәсіптік оқыту бағдарламасын жүзеге асырады. Сондықтан да орталықтың директоры ауданның жұмыссыз азаматтарын аудандық мансап орталығына барып тіркеліп, қысқамерзімді оқыту курсына белсене қатысуға шақырады. Шапағат ӘБДІР, Жуалы ауданы