Жаңалықтар

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ПАНОРАМАСЫ

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИДЕЯЛАР ПАНОРАМАСЫ

«Педагогикалық идеялар панорамасы-2023» республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер байқауының өңірлік кезеңі аяқталды. Байқауға 1 000-нан аса педагог қатысып, 172-сі республикалық кезеңге жолдама алды. Шарт бойынша, бірінші кезеңге қатысу үшін педагогтар өз идеяларын бейнероликтер, сабақ, практикалық немесе зертханалық жұмыс, семинар, мастер-класс, цифрлық білім беру ресурсы немесе бейнеподкаст түрінде рәсімдеді. Жұмысты жалғыз немесе командада дайындауға рұқсат етілді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрағасы Еламан Айбульдинов байқаудың сәтті өткенін айтады. – Біздің педагогтардың уақытпен қатар жүріп, лайықты жұмыстар көрсетіп жатқаны қуантады. Байқау басталғаннан бері 1 000-нан астам өтінім келіп түсті. Осыдан кейін сарапшы қазылар алқасы үздік жұмыстарды іріктеп алып, орындар бөлетін болады. Биылғы «Педагогикалық идеялар панорамасының» ерекшелігі байқау бағыттары болды. Бейнесюжеттер алғаш рет пәндер немесе әдістер бойынша емес, функционалдық сауаттылық түрлері бойынша жасалды. Яғни ерте сауаттылық (мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу), оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану сауаттылығы, цифрлық сауаттылық, медиа-ақпараттық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, денсаулық мәселелеріндегі сауаттылық (медициналық сауаттылық), әлеуметтік-эмоционалдық сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық бойынша өтті, – дейді Еламан Айбульдинов. Айта кетейік, конкурстың республикалық кезеңінің қорытындысы желтоқсан айында шығарылады. Жүлдегерлерге I, II, III дәрежелі дипломдар, ал «YouTube» хостингінде ең көп қаралған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша ынталандыру сертификаты қарастырылған. Республикалық кезеңге іріктеуден өтпеген өңірлік кезеңге қатысушыларға тиісті сертификаттар берілетін болады. Айжан Өзбекова