Жаңалықтар

ЧЕХ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ

ЧЕХ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ

Жуырда Прагада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева мен Чех Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Петр Тржешняктың қатысуымен қазақстан-чех бизнес-форумы өтті. Жиынның ашылуында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Н.Нұрбаева, ЧР Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары П.Тржешняк, Қазақстанның Чехиядағы Елшісі Б.Дүйсенбаев және Чехия Сауда палатасының Вице-президенті Р.Якубский сөз сөйледі. Чех бизнесінің Қазақстанда бірлескен жобаларды іске қосуға деген қызығушылығының артуы еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға көп көңіл бөлінетіндігінің дәлелі болып табылады. Серпінді инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бізде барлық қажетті алғышарттар бар. Қазіргі уақытта республика аумағында 140-тан астам бірлескен қазақстан-чех кәсіпорны жұмыс істейді. 2022 жылы Чехиядан келген шетелдік инвестициялар көлемі 21,6 миллион АҚШ долларына жеткен. Өз кезегінде П.Тржешняк екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. Чехиялық статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстанның Чехиямен тауар айналымы 2023 жылдың 9 айында 16,8 пайызға өсіпті. Пленарлық отырыс аясында «Kazakh Invest» Басқарма төрағасының орынбасары Р.Ибраимов қатысушылардың назарына Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерге арналған презентация ұсынды. Сондай-ақ іс-шарада Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы М.Пішембаев, ЧР Өнеркәсіп және сауда министрлігі департаментінің директоры М.Поспишил, «CzechInvest» сыртқы қызмет департаментінің директоры П.Котрс, «Skoda Transportation» Орталық Азия және Кавказ өңірлеріндегі сату жөніндегі Вице-президенті Р.Соркин және «Transco Bohemia» директоры М.Хоуштецкий сөз сөйледі. Пленарлық отырыстан соң G2B және B2B форматында кездесулер өтіп, келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ «Primoco» және «Omnipol» кәсіпорындарына барды. Чех бизнесінің өкілдері Қазақстанда өндіріс ашу перспективаларына үлкен қызығушылық танытты. Н.Нұрбаеваның Прагаға сапары аясында Чех Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Й.Козакпен де кездесті. Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделі екендерін растады. Сондай-ақ машина жасау, ауылшаруашылығы, нано-технологиялар, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілетудің маңызды әлеуеті атап өтілді. Талғат НҰРХАНОВ