КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ӘЛЕМДІ АЛАҢДАТЫП ОТЫР
КЛИМАТТЫҢ ӨЗГЕРУІ ӘЛЕМДІ АЛАҢДАТЫП ОТЫР
Бүгінде ғалымдар ауа райының өзгеріп бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Ал әлемнің дамыған елдері экологиялық мәселелерді айтумен шектелмей, қайшылықтарды кезең-кезеңімен реттеуге шындап кіріскен. Жуырда Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте де климаттың өзгеруімен күрес мәселелері жан-жақты талқыланып, адамзат игілігі үшін қолға алынған жаһандық бастамалардың нәтижелері, алдағы мақсат-міндеттер сараланды. Климаттың өзгеруіне қатысты БҰҰ-ның Дубайдағы конференциясы аясында өтіп жатқан саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Қазақстан Президенті бүгінде Жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатқанын атап өтті. – Шағын аралдардағы мемлекеттерге, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және дамуы кенжелеп қалған елдерге зор қауіп төніп тұр. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қазақстанның болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның үндеуін қолдайтынын, сондай-ақ Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші ел екенін және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын атап өтті. Айтуынша, Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында «жасыл» технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді. – Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ «жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз. Қазақстан – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет. Бұл ретте еліміз дүниежүзі бойынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді. Біз жаһандық деңгейде электр энергиясын көміртегі қалдықтарынсыз өндіру ісінде шешуші рөл атқарамыз, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, алдағы онжылдықта аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін минералдар, шын мәнінде, әлемді декарбонизациялау деңгейі бойынша баға жетпес ресурсқа айналады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы өтпелі кезеңде Қазақстан аталған минералдардың негізгі жеткізушісі болуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ еліміз жекелеген «жасыл» бастамаларды белсенді түрде қолдайтынына тоқталып, пластикалық қалдықтардан құтылу жөніндегі жобаларды жүзеге асыратын Қазақстан пластик қауымдастығын мысалға келтірді. Бұл кәсіпорын осылайша экологияны қорғауға өз үлесін қосып отыр. Президент метан қалдықтарын азайту жаһандық жылыну қарқынын бәсеңдететін ең жылдам тәсіл екенін еске салды. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев Метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға қатысты еліміздің шешімі туралы айтты. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақтағы көмір проблемасын әділетті энергетикалық жүйеге көшу жөніндегі серіктестік бағдарламасын іске асыру арқылы шешуге ұмтылыс жасап отырғанын жеткізіп, елімізге қолдау көрсетуге шақырды. – Кеңірек айтсақ, халықаралық қоғамдастық климат бағытындағы бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуға қатысты өз міндеттемелерін күшейтеді деп үміттенеміз. Бірақ қаржыландыру – тек кедергілердің басы ғана. 2050 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа дейін көтерілуін шектей алғанымызбен Орталық Азия елдері бәрібір температураның 2,5 градусқа дейін жоғарылау мәселесімен бетпе-бет келеді. Бұл су тапшылығына, қатты ыстыққа, шөлге және экстремалды гидрологиялық құбылыстарға әкеп соқтырады, – деді Мемлекет басшысы. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік қоғамдастықты Халықаралық Арал теңізін құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырды. – Қазақстан келесі жылы Қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді. Бұдан бөлек БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясы шеңберінде «Біртұтас су» атты бірінші тақырыптық саммит өтеді. Біз Франциямен бірге аталған жиынға тең төраға болатынымызға қуаныштымыз. Биылғы COP28 саммитінің табысты өткенін ескере отырып, барлық қатысушы мемлекетті 2024 жылдың маусым айында ұйымдастырылатын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырамын. Форум климатқа қатысты осы өткір мәселелер бойынша мақсатты ынтымақтастықты СОР29-ға дейін жалғастыру үшін диалог алаңы бола алады. Орталық Азиядағы климатқа қатысты іс-қимылдарға тың серпін беру мақсатында біз БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өткізуге шешім қабылдадық, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, климат жөніндегі төтенше жағдай жаһандық дағдарыс екенін, оның әлемдік деңгейдегі жауапкершілікті талап ететінін айтты. Президенттің пікірінше, ұжымдық іс-әрекет пен ынтымақтастықтың арқасында ғана климаттық дағдарыс проблемасын шешуге болады. Сонымен қатар саммитте 40-тан астам мемлекеттің басшылары, халықаралық және аймақтық ұйымдардың жетекшілері сөз сөйледі. Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-конференциясы аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің Инвестициялар министрі, ADQ холдингінің басқарушы директоры Мұхаммед әл-Сувейдимен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед әл-Сувейди екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамуына көңілдері толатынын айтып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы конференция аясында Қазақстан мен ADQ және оның еншілес компаниялары арасында қол қойылған келісімдерді жоғары бағалады. Сондай-ақ екіжақты байланыстардың қазіргі динамикасын сақтауға дайын екенін мәлімдеді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының аумағында жалпы қуаты 10 ГВт болатын төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі меморандумға және қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасының жобасы бойынша «Masdar» компаниясымен Үкіметаралық келісімге қол қоюдың маңыздылығы атап өтілді. Президенттің пікірінше,«AD Ports Group» компаниясымен арадағы тұрақты серіктестік Ақтау және Құрық порттарын Каспий теңізіндегі басты теңіз хабына айналдыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар кездесуде «Presight» пен «Самұрық-Қазына» қоры арасындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары, сондай-ақ «QazaqGaz» және «Қазақстан темір жолы» компанияларының қатысуымен іске асырылатын жасанды интеллект саласындағы стратегиялық келісімдер талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторларға мемлекет әрқашан қолдау көрсететінін айтты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «ACWA Power» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайянмен кездесті. Кездесу барысында компанияның Қазақстанмен өзара ықпалдастығын одан әрі нығайтудың негізгі аспектілері және бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек Жетісу облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салу перспективалары қарастырылды. Бұл нысанға 1,8 миллиард доллар көлемінде инвестиция құю көзделіп отыр. Мұхаммед Абунайян компанияның Қазақстандағы үлесін кеңейтуге және «жасыл» энергетика секторында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бастама Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік орталығы болу ниетіне сай келеді. Мемлекет басшысы компанияның қызметі мен ауқымды жобаларын, атап айтқанда, құны 4,6 миллиард доллар болатын Дубайдағы «Noor Energy 1» күн электр стансасының құрылысын жоғары бағалады. Бұл әлемдегі ең ірі нысан саналады. Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда Қазақстанның және басқа да елдердің мемлекеттік органдары мен бизнес-құрылымдары арасындағы бірқатар келісімге қол қою рәсіміне қатысты.