«Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысын тағайындаудың ЕРЕЖЕСІ
«Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысын тағайындаудың ЕРЕЖЕСІ
1. «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысын тағайындау ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Мемлекеттік жастар саясаты туралы»
2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа ала отырып әзірленді және «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысын тағайындау тәртібін айқындайды.
2. «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысы облыс жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда белсенді, азаматтық ұстанымы қалыптасқан, әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында тағайындалады.
3. «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысы (бұдан әрі – сыйақы) жылына бір рет осы Ереженің 1-қосымшасында көрсетілген номинациялар бойынша беріледі.
4. Әр номинацияға ақшалай сыйақы тағайындалады және қатысып жатқан номинация түрі бойынша бұрын «Әулиеата үміті» байқауының жеңімпазы болған сыйақы иегерлері қатыса алмайды.
5. Сыйақы алуға Жамбыл облысының 14 пен 35 жас аралығындағы жастары (35 жасты қоса алғанда), халықаралық, республикалық және облыстық жарыстардың, байқаулардың, олимпиадалардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, жүлдегерлері, қоғамдық өмірге белсенді араласқан, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және жетілдіру бойынша жаңашыл бастамалар алып келген, жеке басының жетістіктері бар, өтінім берген номинация түрі бойынша жетістікке жеткен немесе мәселені шешкен облыс жастары үміткер болып танылады.
Бiр кандидатураны бiр номинациядан артық сыйақы алуға ұсынуға болмайды.
6. Сыйақы алуға кандидатуралар ұсынуды жергiлiктi және өзге де мемлекеттiк органдар, ұйымдар, қоғамдық бiрлестiктер мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар жүргiзедi.
7. Сыйақы арнайы құрылған «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысын тағайындау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) шешімі негізінде беріледі.
Комиссия мемлекеттік органдардың, шығармашылық одақтардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалардың өкілдерінен және қоғам қайраткерлерінен, танымал тұлғалардан құралады.
Комиссия құрамы арнайы бұйрықпен бекітіледі.
Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрауға және жеті адамнан кем болмауға тиіс. Комиссия мүшелерi Комиссия қызметiне алмастыру құқығынсыз қатысады.
Комиссияны төраға, ал ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары басқарады.
8. Сыйақыны тағайындау үш кезең бойынша ұйымдастырылады:
- бірінші кезең: үміткерлердің құжаттарын қабылдау (2023 жылдың 1-11 желтоқсаны аралығында);
- екінші кезең: сыйақы жеңімпаздарын анықтау (12-14 желтоқсан 2023 жыл);
- үшінші кезең: сыйақы иегерлерін марапаттау (15-22 желтоқсан 2023 жыл).
9. Қатысушы Комиссияға мынадай құжаттарды қағаз және электронды түрде жібереді:
1) кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі;
2) осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша тіркеу өтінімі;
4) өмірбаяны (3х4 фотосуретімен);;
5) жұмыс орнынан (оқу орнынан) анықтама;
6) «Мен осы сыйақықа неге лайықтымын?» тақырыбында жазылған эссе (кемінде 1,5-2 беттен);
7) 10х15 фотосуреті (1 дана, электронды нұсқасымен);
8) Соңғы екі жылда (2022-2023 жылы) алған марапаттау дипломдарының, грамоталарының, алғыс хаттарының көшірмесі (болған жағдайда);
9) Соңғы екі жылдағы (2022-2023 жылы) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмесі (болған жағдайда);
11) Соңғы екі жылдағы (2022-2023 жылы) кандидаттың жетістіктерін растайтын өзге де материалдар (болған жағдайда).
Құжаттар портфолио түрінде беттеліп ұсынылады. Тапсырылған құжаттар рәсімдеу талаптарына сәйкес келмеген немесе толық ұсынылмаған жағдайда қарастырылмайды.
Ұсынылған құжаттар кері қайтарылмайды.
Ұйымдастыру алқасы кандидаттан келіп түскен құжаттарды қабылдап, одан әрі Комиссия мүшелерінің қарауына ұсынады.
10. Комиссияның сыйақы берілетін кандидатураны бекіту туралы шешiмi Комиссия отырысында қарапайым көпшiлiк дауыспен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Егер отырысқа Комиссия мүшелерiнiң үштен екiсiнен астамы қатысса, ол заңды деп есептеледі.
11. Комиссия шешімі хаттамамен рәсімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.
12. Комиссия шешімінің негізінде сыйақы тағайындау туралы Ұйымдастыру комитетіне ұсыныс беріледі.
13. Сыйақы тағайындау туралы шешім Комиссия хаттамасы қабылданған кезден бастап күшіне енеді. Сыйақы тағайындау туралы шешім марапаттау рәсімі өткеннен кейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
14. Сыйақы алған адамдарға «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйақысының иегері» атағы беріледі, диплом, статуэтка және ақшалай сыйақы табыс етiледi.
15. Сыйақылар салтанатты жағдайда қолма-қол беріледі, марапаттау рәсiмi өтетін орын Ұйымдастыру комитетімен анықталады.
16. Жеңімпаздың статуэткасы мен дипломының сипаттамасы ұйымдастыру алқасымен айқындалады.
17. Мекенжайы: Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Төле би көшесі 35, 2 қабат, байланыс телефоны: 8 (7262) 43-00-59, электронды мекенжай: ump_zhambul@mail.ru