Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрі облыс тұрғындарының талап-тілегін тыңдады

Денсаулық сақтау министрі облыс тұрғындарының талап-тілегін тыңдады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният облысқа сапарын өңір басшысы Нұржан Нұржігітовпен арнайы кездесуден бастап, іле Талас ауданына аттанды. Министр аудандағы орталық емхананың «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясындағы Үздік тәжірибелер орталығының ашылуына қатысып, лентасын қиды. 

Аталған емдеу мекемесін түгел аралап, тіркеу бөлімін, дәрігерге дейінгі, отбасын жоспарлау, ресурстық, баланы дамыту бөлмелерін, халықты шұғыл көмек көрсетуге оқыту бойынша тренингтік және скринингтік кабинеттерін, дәріхананы, саламатты өмір салты мен жастар денсаулық орталығын саралап шықты. Сондай-ақ емхананың отбасылық дәрігер, отбасылық медбике, патронаждық медбике, психолог кабинеттерінің, татуласу кеңсесі, ана мен бала бөлмесінің жұмысымен танысты. Тұрғындарға емдеу, алдын алу көмегін аудандық орталық ауруханадағы тәуліктік 140 төсек пен ауруханаішілік 30 төсектік күндізгі стационар көрсетеді. Емханада 55 адамға арналған күндізгі стационар жұмыс істейді. Алғашқы медициналық санитарлық көмекті ауысымына 620 қабылдау қуатымен, 9-дәрігерлік амбулатория, 4-фельдшерлік-акушерлік пункт, 13-медициналық пункт көрсетеді. Министр Талас ауданындағы іс-сапарының соңында тұрғындармен кездесіп, ауыл тұрғындарына денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеттері мен бағыттарын түсіндірді. Ажар Ғиният ат басын келесі кезекте Жамбыл ауданына бұрды. Аудандық орталық емхананың бас дәрігері Алтай Саурықов министрді «Үздік тәжірибелік орталықтың» жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ делегация мүшелеріне емхананың медициналық қызмет көрсету түрлерін көрсетіп шықты. Министр медицина мекемесін жіті тексеріп, мамандарға тиісті тапсырмалар беріп, қызметкерлермен тілдесіп, арнайы ұсыныс-кеңестер берді. Ал бас дәрігерге пациенттерді қолдау қызметін күшейту қажеттігін, пациенттерге медициналық көмекке қайда және қалай жүгіну керек екенін, ол көмекті қалай алуға болатынын түсіндіру қажет екенін айтып, тапсырма берді. 300 келушіге арналған жаңа типтегі Жамбыл аудандық орталық емханасы 2013 жылы пайдалануға берілген болатын. Оның ішінде, жалпы тәжірибе дәрігерлерінің 45 учаскесі, отбасылық денсаулық орталығы, оның ішінде Аса ауылында 8 учаске, әлеуметтік-психологиялық көмек, кеңес беру-диагностикалық бөлімшелері, «Сенім» жастар денсаулық орталығы, 61 төсектік күндізгі стационар, оның ішінде 51-і терапиялық бейіндегі, 10 хирургиялық, 20 төсектік амбулаториялық хирургия орталығы бар. Денсаулық сақтау министрінің аудандарға іссапары Меркі ауданында жалғасты. Мұнда да «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді медицина» Ұлттық жобасын ауданның бас дәрігері Жанар Оспанова таныстырды. Ол басқаратын медициналық мекеме ауысымына 500 келушіге арналған. 2020 жылы пайдалануға берілген емханаға тіркелген халық реестрі бойынша 71941 адамға қызмет көрсетіледі. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың облысқа жұмыс сапарының екінші күні «Әмір және Д» ЖШС-ның медициналық бұйымдар зауыты мен дәрілік заттар қоймасының жұмысымен танысудан бастады. Одан кейін министр ханым ана мен балаға көмек көрсетудің үшінші деңгейлі сатысына жататын акушерлік-гинекологиялық, неонаталдық көмектің толық спектрі көрсетілетін 280 төсектік облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығына барды. Перзентхананың қабылдау бөлімінен бастап, босанатын әйелдермен тілдесіп, олардың жағдайы мен босануға дайындығы туралы сұраған еліміздің бас дәрігері аймақтағы акушерлік қызметтің бақылау сапасына тексеру жасады. Сондай-ақ жаңа туған нәрестелерді күту бойынша жұмыстармен танысып, қарқынды терапия бөлімшесін қарап, тиісті тапсырмалар берді. – Біз үшін қызметтің ең басым бағыттарының бірі – ана мен баланы қорғау болып қала береді. Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылында Денсаулық сақтау министрлігі құрсақішілік кезеңнен бастап балалардың денсаулығын нығайтуға бағытталған бірнеше бастаманы жүзеге асыруда. Қабылданып жатқан шаралар жүкті әйелдерді босануға дейінгі сапалы бақылаумен қамтуды 80 пайызға дейін арттыруға ықпал ететін болады, – деді министр. Сондай-ақ ол медицина қызметкерлері күнінде «Елдің үздік босандыру ұйымы» аталымында 2-орынға ие болған облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Қайрат Жетібаев пен оның ұжымын жеңісімен құттықтап: «Бұл жетістік өңірдің денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстың нәтижесі, алда әлі де атқарылар жұмыстар өте көп, біз алға қойылған міндеттер үдесінен шыға білуіміз керек. Басты міндет – халыққа сапалы медициналық көмек көрсету», деді. Келесі кезекте еліміздің бас дәрігері облыс тұрғындарымен кездесіп, кездесу соңында жеке қабылдау өткізді. Тараз қалалық мәдениет үйіне келген тұрғындар салаға қатысты түрлі мәселелер бойынша өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алып, қажетті көмек көрсетуін сұрады. Жалпы, жиын барысында 15 азамат министрге сауал жолдаса, жеке қабылдауында тағы сонша азамат базынасын білдірді.

Маржан РАҚАЙ

ЕЛІМІЗДІҢ БАС ДӘРІГЕРІ БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Еліміздің бас дәрігері алдымен денсаулық сақтау министрлігінің өңірлермен бірігіп жүргізіп жатқан жұмысы және Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласының алдына қойған міндеттерінің орындалу барысы туралы баяндады. Бүгінде облыста 383 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі жұмыс істейді, бұл республиканың барлық медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының 7 пайызын құрайды. Республика бойынша 2025 жылға қарай 500 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы, оның ішінде өз облысымызда 2025 жылға дейін 65 амбулаториялық-емханалық объектілердің салынуы мен ашылуы жоспарланыпты. – 2021 жылы республика бойынша 58 медициналық нысан, оның ішінде облыс бойынша – бір медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісі пайдалануға берілді. Бұл облыста ауылдық жердегі денсаулық сақтау ұйымдарының жалпы саны – 356. Жоғарыда атап өткенімдей 2025 жылға дейін осы облыста 19 объект салынатын болады. Әулиеата өңірінің атқарушы билік органдары ауылдағы медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі шараларды қабылдауы, сондай-ақ материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге барынша күш-жігер жұмсауы қажет. Шалғай ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендердің әлеуеті кеңінен пайдаланылады. Өткен жылы 1,8 миллион ауыл тұрғыны 149 жылжымалы медициналық кешен қызыметін алды. Осы өңірде 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, аталған кешен арқылы жылдың 1-тоқсанында 103 мыңға жуық адам қамтылды, – деді А. Ғиният. Айта кету керек, биылғы жылы жалпы ел бойынша бала туу саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда едәуір төмендеген. Біздің облыста есепте тұрған жүкті әйелдер саны 13 735, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға аз. Сондай-ақ босану мен жаңа туған сәбилердің саны төмендегені де байқалады. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша облыста ана өлімі тіркелмеген. Ажар Ғиният баяндама барысында аналар мен балалардың денсаулығын қорғау мәселелері министрліктің ерекше бақылауында екенін атап өтті. Баяндамашы саланы дәрігерлермен қамтамасыз ету мәселесіне де жіті тоқталып, отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі – еліміздің халқын дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету жайын да тілге тиек етті. Сонымен қатар осы жылғы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы жергілікті қамтуы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу үлесін 40 пайызға дейін арттыру жоспарлары айтылды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша жаңа өндіріс орындарын іске қосу мәселесі де қаузалды. Министрдің айтуынша, келер жылдан бастап медициналық қызметтердің сапасы мен сервисін арттыру, инвестицияларды ынталандыру мақсатында тарифті толтыру жоспарланған. Сондай-ақ биыл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге 67 миллиард теңге бөлінген. Бұл өткен жылғы шығындардан 14 миллиард теңгеге артық көрінеді. Осы жылы облыс халқына жоғары технологиялық қызметтер 2 есеге дейін, медициналық оңалту 1,5 есеге, күндізгі стационарларда офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да аз инвазивті операциялар 1,5 есеге артып, консультациялық-диагностикалық көмек 30 пайызға, яғни арнайы мамандарға кезек кем дегенде үштен бірге қысқарылуы тиіс. Брифингте вакциналау мен ревакциналау мәселесі де тақырыптан тыс қалмады. Мұның инфекциядан қорғанатын жалғыз құрал болып қала беретіні айтылды. Халықты вакциналаумен барынша қамту үшін Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті шаралар қабылдағаны белгілі. Бүгінгі күні вакциналауға жататын халықтан 10,3 миллион адам екпе алған.

Айжан Өзбекова