Жаңалықтар

Жамбыл облысында 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, - Ербол Қарашөкеев

Жамбыл облысында 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, - Ербол Қарашөкеев

Жамбыл облысында әлеуметтік саланы дамытуға айрықша көңіл бөлініп, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету саласына ерекше басымдық берілуде. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев Астанада өткен брифинг барысында осылай деді. Мемлекет басшысының әрбір 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы аясында облыста 17,4 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, жоспар 29 пайызға артығымен орындалды. Сондай-ақ, облыста жыл басынан бері 65,7 мың жұмыс орны құрылса, оның 49,4-і тұрақты. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 56 мың адам тартылған. Бүгінде облыс халқының үштен бір бөлігін жастар құрайды (29%). Жастарды жұмыспен қамту және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында бүгінде өңірде «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» сияқты бағдарламалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Жастарға шағын несие беру» бағдарламасы бойынша 483 адам 2,5 пайыздық жеңілдікпен 2,2 миллиард теңге несиеге қол жеткізген. Бұдан бөлек, 540 адам «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жеңілдетілген несиеге ие болған. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 26,1 мың жас қамтылған.